Құқық

Жаңа кодекстің мүмкіндіктері мол

«Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес биыл шілде айынан бастап ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді.

[smartslider3 slider=764]

Аталған кодекс әлсіз тарап пен алып бюрократиялық аппараттың арасындағы теңсіздікті қалпына келтіруге бағытталған. Осы заң аясында кәсіпкерлер де мемлекеттік органмен заңсыз әкімшілік акт қабылдау немесе олардың әрекетсіздіктерінің салдарынан келтірілген шығындарды өндіріп алуды талап ету мүмкіндігіне ие болды. Жалпы азаматтық даудың қаралуы барысында екі тарап тең. Қандай құжаттар сотқа тапсырсаң, сол дәлелдемелердің негізінде сот шешім шығарады. Ал әкімшілік дауды қарау кезінде теңдік жоқ, себебі бір тарап азаматтар болса, екінші тарап –мықты мемлекеттік аппарат. Соңғысының күші басым екені сөзсіз. Осы орайда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске енгізілген нормалардың бірі – соттың белсенділік рөлін атап өтуге болады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте дәлелдемелердің анықтық презумпциясы да қарастырылған. Ол әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған құжаттар, дәлелдемелер мен материалдар әкімшілік орган оны жоққа шығармайынша анық деп есептелуді білдіреді. Сот мемлекеттік орган тарапынан құқыққа қайшы іс-әрекеттер жасауына жол бермейді. Адам құқығының бұзылмағанын дәлелдеп беру мемлекеттік органға жүктеледі. Сондықтан құжаттардың төлнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган төлнұсқалығын өзі дербес тексеруге міндетті. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте соттық әсер етудің бір әдісі ретінде процестік мәжбүрлеу шаралары қарастырылған. Процестік мәжбүрлеу шараларына ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу, ақшалай өндіріп алу жатады. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік сотына жаңа заң қолданысқа енгізілген 100 күннің ішінде 1067 талап арыз түскен. 169 әкімшілік іс бойынша сот шешімі шығарылған. 13 әкімшілік іс бойынша ақшалай өндіріп алу мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Оның ішінде сотқа уақытылы құжат тапсырмағаны, сот талқылауына қатыспағаны үшін 9 сот орындаушысына және 4 мемлекеттік органның өкілдеріне ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің тағы бір жаңашылдығы ретінде мемлекеттік аппаратпен татуласу мүмкіндігін қарастырғанын айтып өтуге болады. 3 ай ішінде сотқа тапсырылған арыздар бойынша 69 әкімшілік іс тараптардың татуласуымен аяқталды. Әкімшілік дауларды татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу өз кезегінде мемлекеттік аппарат тарапынан жол берілген бұзушылықтарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді.

Ботагоз БАЯНОВА,

Нұр-Сұлтан қалалық сотының  баспасөз

хатшысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button