Жаңа мамандықтарға машықтанып жүр
Елордалық Joltap жобасы қала тұрғындарын жаңа мамандықтарға машықтандыруды белсенді түрде жалғастыруда. Әлеуметтік жоба игілігін көрген астаналық ерлі-зайыптылар курста алған білімінің көмегімен кәсібін дамытып келеді.
Анастасия мен Марк Гамалийдің белсенді дамып келе жатқан бизнесі бар, онда тиімді басқару үшін жаңа құзырет қажет болды. Олар гидравликалық лифт сатып алып, техниканы жалға алады.
– Уақыт өте келе, біздің автопаркте тағы 2 көлік пайда болды, алайда бізде құжаттаманы жүргізу, қызметтерді қарқындату және клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесі болған жоқ. Біз сынақ пен қателіктен сабақ алдық, әріптестерімізден кеңес сұрадық, бірақ білім әлі де жетіспеді. Содан кейін біз бухгалтерлік есепті түсіну үшін курстарды, сондай-ақ сайтты әзірлеп, жарнаманы баптай алатын мамандарды іздей бастадық, – деді Анастасия Гамалий.
Joltap жобасының жарнамасын көргеннен кейін ол білімін жетілдіріп, оқуға бел буған. 3 тамыз бен 12 қазан аралығында «бухгалтерлік есеп негіздері», «контент-криэйтор», «таргетолог» және «веб-дизайн және сайттарды әзірлеу» бағыттары бойынша курс оқып, «контент-криэйтор» курсын 7 күнде, ал «бухгалтерлік есеп негіздерін» 14 күнде аяқтады.
– Алған білім біздің бизнес үшін баға жетпес көмекке айналды. Мен бухгалтерлік құжаттарды ретке келтірдім, салықтар мен оларды төлеу мерзімдері туралы бәрін білемін, Instagram парақшамыз үшін кәсіби контент жасаймын, сонымен қатар жаңа клиенттерді табуға мүмкіндік беретін таргет жарнамаларын іске қостым. Бұдан басқа, мен жақын арада іске қосуды жоспарлап отырған сайттың макетін әзірледім, – деді жоба түлегі.
Сонымен қатар Joltap жобасының курстары оның жұбайы үшін де пайдалы болыпты. Марк Гамалий «автомай және шиномонтаж» курсынан өтті, енді бұл білім оған автогидрокөтергіштерге уақытылы техникалық қызмет көрсетуге көмектеседі. Жас кәсіпкер курстарды ұсынып, Joltap жобасының ұйымдастырушылары мен оқытушыларына ыңғайлы жағдайда оқуға және жұмысқа көмектесетін білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Жалпы Joltap жобасы – елордада былтырдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік жоба. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған бұл жобаның мақсаты – халықтың табысын арттыру мүмкіндігін таңдауға көмектесу. Оған кез келген жұмыссыз жандар, NEET санатындағы тәжірибесі мен білім-білігі жоқ адамдар және табысын арттыруға мүдделі жандар тегін қатыса алады. Сабақтар қажетті заттармен жабдықталған жеке оқу сыныптарында өтеді. Қатысушыларға көп жылдық тәжірибесі бар мамандар сабақ береді. Оқу мерзімі 3 күннен 1 айға дейін созылады. Қатысушылар оқуды толық аяқтап, емтиханды сәтті тапсырған соң, әрқайсысына сертификат беріледі.
Joltap жобасына қатысу үшін байланыс орталығының нөміріне хабарласу қажет. Сонымен қатар жобаның «Баршаға мүмкіндік» деп аталатын модульдік бекеттеріне барып жазылуға болады.
Тұрғындар қаланың бос жұмыс орындары бар Jumys Tap Telegram-ботын пайдаланып, jumystap.kz платформасында тіркеле алады. Сондай-ақ олардың шағын бизнес ашуға арналған несие беру бағдарламалары туралы қысқамерзімді курстан өтуге мүмкіндігі бар.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ