Басты ақпаратМәдениет

Жаңа маусымның жаңалығы қандай?

Жақында Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының VII маусымы Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» драмасымен (қоюшы режиссері – Ұланмырза Қарыпбаев) ашылды. Осы маусымда аталмыш өнер ошағында жаңалықтар аз болмайды. Сахна саңлағының атын иеленген ұжым бірнеше премьера ұсынып, театр фестивальдеріне қатысады.

Алдағы қазан айында көрнек­ті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы сахналады. Премьера 25-26 қазан күндері мелодрама жанрында ұсынылады. Осы жылдың аяғына дейін көрермендерге жол тартатын тағы бір премьера – Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясы. Балаларға базарлық ретінде «Асан мен Үсен» ертегісі қойылады.

«Танакөз» поэмасын оқымаған адам жоқ шығар. Бұл шығарма достық, махаббат, адалдық тақырыптарын, жалпы адамзатқа тән қасиеттерді көтереді. Ал «Күшік күйеу» – бұрыннан әртүрлі театрда
қойылған, ақырындап классикаға айналып бара жатқан қойылым. Мұндай спектакль Мәмбетов театрының сахнасында болуы керек деп ойлаймын. Сосын бұл – өлмейтін, нағыз қазақы тақырып. Ыбырай Алтынсарин балаларға арнап «Асан мен Үсен» әңгімесін жазды. Бұл шығарманы қазақтың брендіне айналдыруға болады. Қазір қазақтың балалары шетелдің «Өрмекші адамымен», «Супермэнімен» тәрбиеленіп жатыр. Бізге де сондай кейіпкерлер керек. Осы жағын ойланып, біз қоятын ертегі қазіргі заманның Асаны кім, қазіргінің Үсені кім деген сауалдарға жауап береді деп ойлаймын» дейді театрдың бас режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Кеше Павлодар қаласында Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі ашылды. Осы фестивальге Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Ақан сері туралы аңыз» толғамымен қатысады. Қойылым инсценировкасын Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мирас Әбіл жасады. Қоюшы режиссері – Қырғыз Республикасының Ш.Айтматов атындағы жастар сыйлығының иегері Ұланмырза Қарыпбаев. Жалпы аталмыш театр мерекесіне астаналық бірнеше театр репертуарындағы үздік спектакльдерін ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Жастар» театры Ж.Әлікеннің «Күйеу бала» драмасын (қоюшы режиссері – Дәурен Серғазин), Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жанындағы Qalleki театр лабораториясы «Войцек» драмасын (режиссері – Ұ.Қабыл) «Ертіс-Баян» жұртына көрсетеді.

1-5 қазан күндері Өскемен қаласында көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фес­тивалi өтеді. Оған Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры Бердібек Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» спектакльдерімен қатысады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button