Жаңа мүмкіндіктер мен бастамалар ордасы
Еліміздің білім беру жүйесін халықаралық деңгейде дамыту мақсатында қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – Қазақстанды Орталық Азиядағы халықаралық жоғары білім беру хабына айналдыру. Ол үшін халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесін дамыту, заманауи оқу бағдарламаларын енгізу және шетелдік студенттерді тартуды қолға алуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүктеген.
Осыған орай, министрлік жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа тұжырымдамасын бекіткен болатын. Әрі министрлік Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы ірі академиялық орталыққа айналдыру, шетелдік университеттердің кампустарын ашу және технологиялар трансферті үшін жағдай жасау бойынша жүйелі де ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда шетел университеттерінің 27 филиалы ашылды. Ал 2025 жылы Италия, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Ресей сынды елдер университеттерінің филиалдарын ашу жоспарлануда.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда. Университет Халықаралық ғылым академиясы, Еуразиялық университеттер қауымдастығы, ТМД және Балтық елдерінің халықаралық зерттеулер қауымдастығы, сондай-ақ Еуропалық жоғары оқу орындарының қауымдастығына мүше. 2005 жылы ЕҰУ Болонья қаласында Еуропа университеттерінің Ұлы хартиясына қол қойды. Сонымен қатар ЕҰУ Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болып ТМД елдері мен ШЫҰ шеңберінде қос дипломды магистрлік білім беру бағдарламаларын іске асыруды бастады.
Бүгінгі таңда университетіміз ғылым мен білім саласында 500-ден астам серіктеспен ынтымақтастық орнатып, академиялық ұтқырлық, профессорлар тарту, магистранттар мен докторанттар үшін ғылыми тағылымдамалар, қос дипломдық бағдарламалар мен бірлескен конференциялар ұйымдастыруда. Әрі 50 бірлескен/қос дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның 3-еуі бакалаврларды, 47-сі магистрлерді дайындауға арналған. 2001 жылы университет базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ашылды. Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарымен қатар, техникалық және инженерлік мамандарды даярлайтын шеберханалар ашылуда. Мысалы, 2025 жылдың қыркүйек айында ЕҰУ мен Тяньцзинь кәсіптік институты (Қытай) бірлесе отырып, Лу Бань шеберханасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл шара екі ел арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтып қана қоймай, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен практикалық дайындықтарын жақсартуға мүмкіндік береді.
Лу Бань шеберханасы – Қазақстан мен Қытай кәсіпорындарының ынтымақтастығын дамытуға, кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық алмасуға, сондай-ақ Қазақстанның дамуы үшін техникалық таланттарды тәрбиелеуге бағытталған инновациялық білім беру алаңы. Бұл шеберхана қазақстандық жастардың жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы білім беру процесін жетілдіреді. Қазіргі таңда Еуразия ұлттық университеті Қытайдың 22 жоғары оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істейді, бұл – университеттің интернационалдандыруды дамыту бағытындағы басты қадамы. Сондай-ақ ЕҰУ тек шетелдік жоғары оқу орындарымен ғана емес, көршілес елдермен де ынтымақтасып, филиалдарын ашуда. Мысалы, 2022 жылдың желтоқсан айында ЕҰУ Ош мемлекеттік университетінде (Қырғызстан) өзінің филиалын ашып, «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Аударма ісі» мамандықтары бойынша қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ биыл ЕҰУ базасында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарлануда.
Қазіргі таңда университетімізде әртүрлі елдерден келген 2 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда. Оның ішінде ақылы негізде оқуға ниет білдірген шетелдік студенттер саны да артып келеді. Ал дарынды шетелдік студенттерді ынталандыру үшін біз «Күлтегін» және «Гумилев» атындағы шәкіртақы тағайындадық. Сондай-ақ әлемнің үздік 500 университетінің үздік оқытушыларын тарту бойынша ауқымды жұмыстарды атқарып жатырмыз, бұл оқу орнының ғылыми-білім беру қызметі үшін ғана емес, ең алдымен ғылыми әлеуетті арттыру үшін де маңызды. Білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Польша, Испания, Италия, Венгрия, Чехия, Германия, т. б. елдердің ғалымдары тартылуда.
Сонымен қатар біз қазіргі таңда шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің оқу процесіне қатысуын ынталандырып, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға ықпал етудеміз. Бұл ретте университетте «ENU Visiting Professors» және «Visiting Professors» бағдарламалары бар, олар шетелдік мамандар мен докторанттарға арналған ғылыми кеңесшілерді тартуға бағытталған. Ал ЕҰУ-дің танымалдылығын арттыру және жоғары оқу орындарында әлеуетті арттыру мақсатында Erasmus+ «Welcome» кіріс мобильділік бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама ЕҰУ-ға шетелдік студенттер мен ғалымдарды тартуға және университеттің халықаралық деңгейде танымал болуына жағдай жасайды. «Welcome to ENU» бағдарламасы 2020 жылдан бері қарай шетел университеттерінен келген студенттер үшін 1-2 семестр бойы білім алуға мүмкіндік туғызып келеді. Бағдарламаға студенттер, магистранттар, аспиранттар, докторанттар, сондай-ақ шетелдік университеттердің білім алушылары, тіпті келісімшарты жоқ студенттер де еркін тыңдаушы ретінде қатыса алады. Бұл бағдарлама аясында Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Франция, Бельгия, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Польша, Словакия, Литва, Жапония және басқа елдерден 800-ге жуық шетелдік білім алушы оқытылды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тегін ұсынылады. Мұның бәрі де Қазақстанды Орталық Азияның халықаралық жоғары білім беру хабына айналдыруда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қарқынды жұмыс жасап жатқанын көрсетсе керек.
Алдағы уақытта да университет Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Орталық Азияның білім беру хабы болуға бағытталған ауқымды мақсаттарды жүзеге асыра береді.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
«Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы –
ректоры