Басты ақпарат

Жаңа оқу жылы: биыл не өзгерді?

Қазақ тілінде оқытатын 1 сыныптарда балалар тек қазақ тілінде білім алады. Әрі қарай 2 сыныпта орыс, 3 сыныпта ағылшын тілдері қосылатын болады. Ал, орыс тілінде оқитын 1-сынып оқушылары үшін қазақ, орыс тілдері оқытылады, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқиды. Үш  ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді.  Бұл оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі ұйымдарда «1 топта 2 тәрбиеші» қанатқақты жобасы енгізіледі. Колледждерге академиялық дербестік беріліп, мемлекеттік тапсырыс кәсіпорындарға орналастырылды.

 

[smartslider3 slider=3836]

 

ЕЛОРДАДАҒЫ ТАМЫЗ МӘСЛИХАТЫ

Нұр-Сұлтан қаласында өткен дәстүрлі тамыз конференциясы – елордалық ұстаздардың басын қосқан жиын. Онда өткен оқу жылы қорытындыланып, оқушыларды тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер мен аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды.

Жылда осы мезгілде өтетін дәстүрлі тамыз конференциясына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Асима Бимендина, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма директоры, PhD докторы Назипа Аюбаева және педагогика ардагерлері, мәслихат депутаттары, білім беру ұйымдарының педагогтері, ата-аналар қоғамдастығы, әлеу­меттік серіктестер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шақырылған қонақтар (1500-ден астам адам) қатысты. Тамыз кеңесіне әлеуметтік желі арқылы қала мектептері, орта арнаулы оқу орындары, мектепке дейінгі ұйым­дар, қала тұрғындары онлайн режимде қатысты. Тамыз кеңесі басталардан бұрын фойеде мектепке дейінгі білім ұйымдарының балаларға арналған танымдық көрмелері, сондай-ақ колледж студенттерінің қолдарымен жасалған техникалары, киімдері, қолөнер бұйымдары, тағамдары келушілерге ұсынылды.

Қала әкімінің орынбасары Е.Бәйкен жиынға қатысушыларды Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің атынан жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Педагогтардың тамыз конференциясы елордалық ұстаздардың жаңа оқу жылына стратегиялар мен жоспарларды нақтылай отырып, педагогикалық идеяларды ортаға салатын іс-шара. Бүгінгі жиынның тақырыбы – «Білімді ұлт. Терең білім. Еңбекқорлық және отаншылдық қасиет». Биылғы кеңесте 18-тамыздан бастап алты санат бойынша 47 панельдік секция жұмысын атқарды, бұған 20 мыңнан астам педагогтер онлайн, оффлайн форматта атсалысты, – деді қала әкімінің орынбасары.

– Біздің мақсат – ұлттық құндылықтармен қаныққан, жауапты, еңбекқор, белсенді, отаншыл және өзіндік азаматтық ұстанымға ие ұрпақты тәрбиелеу,– деді өз баяндамасында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева.

 Биыл, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен пән мұғалімдерінің съезі өткен. Сол жиынға қатысушы педагогтер жаңартылған білім жүйесі бойынша біраз ұсыныс­тар айтқаны мәлім. Жалпы, білім мазмұнының әр 5-6 жылда жаңартылуы, түзетілуі түсінікті. Бұл – заман талабына орай өзгертіліп отыратын циклды үдеріс. Әлемнің барлық еліне тән тәжірибе. «Үлгілі оқушы» жоспарын жетілдіру мақсатымен өткен оқу жылының соңында арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ мүшелері мамыр-маусым айларында арнайы оқытудан өтіп, әр пәннің оқыту бағдарламаларын жетілдіруге қатысып, ұсыныстарын беріп отырды. Бұл өзгерістер мен оқу бағдарламалары 2024 жылдан бастап енгізілу үшін дайындалады.

ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

«Биылғы жылдың басты ерекшелігі – оқу жылының ұзартылуы. Осыған орай 1-сыныптарға 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарға 36 оқу аптасын құрайтын оқу жылының ұзартылуы енгізілді» деді Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева. 36 оқу аптасына көшкендіктен, күнделікті оқу жүктемесі азаяды, жаңа тақырыптар қосылмайды, сағаттар қиын тақырыптарды меңгеруге, өткен тақырыптарды қайталап, бекітуге арналады. Қазақ тілінде жүргізілетін 1-сыныпта «Әліппе» ана тілінде, орыс тілінде жүргізілетін сыныпта қазақ тілі  мен «Букварь. Обучение к грамоте» оқытылады. 1-сыныпта орыс тілі және шет тілі пәндері оқытылмайды. Бірінші ана тілін оқыту ұсынылады, өз ана тілін бірінші кезекте білу, екінші және шет тілдерін бала болашақта табысқа жету үшін оқытылатын болады, яғни ана тілімен білім нәрімен сусындап, қалыптасқан кезде, 2-сыныптан бастап орыс тілі оқытыла бастайды. Шет тілін білу 3-сыныптан енгізіледі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мүлде басқа топтарға жататынын ескерсек, бұл тәсіл оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді және тілдердің оқу графикасын қабылдауға қатысты қиындықтарды болдырмайды.

1-сыныпта көркем еңбек пәні екі жеке пәнге бөлінді: бейнелеу өнері және еңбекке баулу. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленіп, оқу мазмұнында негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға берілді. Еңбекке баулу сабағында қағаздың, кептірілген жапырақтың, бұтақтардың қасиеттерін ескере келе құралдарды пайдаланып, қарапайым бұйым жасайды, үлгі бойынша жұмыс істеуді үйренеді. Бейнелеу өнері сабағында балалар күн спект­рінің негізгі түстерін ажыратуды үйренеді, бейнелеу әрекетінің құрамдас бөліктерін, көркемдік материалдардың түрлерін, олардың қасиеттері мен атауларын меңгереді, шығармашылық жұмыстарды өз бетінше орындайды. Бейнелеу өнері және еңбекке баулу пәндері бойынша биыл оқулықтар әзірленбейді, тек мұғалімге әдістемелік қолдау мақсатында әдістемелік нұсқаулық ұсынылатын болады.

Алдағы оқу жылында вариативтілік компоненттегі жаhандық құзыреттер міндетті курсы жалғастырылатын болады, білім алушының тұлғалық кемелденуін, функционалдық сауаттылығын, ең бастысы – өзекті  мәселелерді макро, яғни жаhандық деңгейде талдай алу қабілеттерін дамытуға бағытталған курс.

– Мектеп пен ата-ананың өзара іс-қимылының жаңа форматын іске асыру шеңберінде ата-аналар қауымдастығымен жұмыс істеудің түрлі деңгейлері айқындалып отыр. Олар: топтық, жеке, ұжымдық, – деді Әлия Чокушева.

Айта кету керек, биылғы тамыз конференциясы еркін форматта өтті, қала әкімінің орынбасары Есет Берікұлының модератор ретінде жиынды еркін жүргізуі, кеңестің мемлекеттік тілде өтуі қуантты.

Қалалық тамыз конференцияда сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев кеңеске қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

ЕЛОРДАЛЫҚ ҰСТАЗДАР – ЕЛ ҰСТАЗДАРЫНА ҮЛГІ!

«XXI ғасыр – жылдам өзгерістер ғасыры. Жаңару, өзгеруді күнделікті өмірден көріп жүрсіздер» деді вице-министр Ғ.Бейсембаев өз сөзінде. Адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орнында тұрмайды, үнемі ізденіс, жетілдіру үстінде. Барлық педагогтар болашақ ғасырдың тұлғасын қалыптастыруда оған қажетті дағдыларды қалыптас­тыруға қызмет ету – кез келген мұғалімнің, ұстаздың басты міндеті, мақсаты болуы керек. Министрліктің жалпы ұстаздардың жағдайын жақсарту, білім жүйесін жаңғыртуда көптеген жаңа бас­тамаларды енгізіп жатқандығы белгілі. Мемлекет басшысының  да ұстаздардың жағдайын жақсартуға қатысты қабылдаған, мұғалімдердің статусын көтеруге бағытталған заңы, ұстаздардың беделін көтеріп, мерейін тасытып, әлеуетін арттыра түсетіні анық. Осы ретте қала әкімдігінің, Білім басқармасының елордалық ұстаздарды қолдаудың ең үздік моделін көрсетіп отырғандығын айрықша айту қажет. Нұр-Сұлтан қаласының ұстаздары – еліміздегі барлық ұстаздар қауымына мектеп қандай болуы керек, ұстаз қандай болуы керек, оқушы қандай болуы керек дегенде үлгі тұтар, алдыңғы қатарлы, үздіктер екенін мақтанышпен айтуымыз қажет!

Жиында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев білім саласының жетістіктерімен қатар өзекті мәселелерін ортаға салды.

 БАЛАБАҚШАЛАР СҰРАНЫСҚА ИЕ

«Бүгінгі күні 316 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға 27 504 орын мемлекеттік тапсырыспен орналастырылды» деді Қасымхан Сенғазыұлы. Ағымдағы жылы республиканың жоғары оқу орындары базасында 314 тәрбиеші қайта даярлау бойынша оқытудан өтеді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында Білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің  кәсіби деңгейін арттыру бойынша жол картасын әзірлейтін болады.

Нұр-Сұлтан – елордада жыл сайынғы туу деңгейі жоғары (25 мыңнан астам бала) және ішкі көші-қон (жылына 50 000 адамнан астам)  дамып келе жатқандықтан мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуге сұраныс артып тұр. Сондықтан да балабақша кезегі іс жүзінде азаймай тұр.

Балабақшалардағы орындарды көбейту мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін жақын жерден қолжетімділікті қамтамасыз ету қағидаты бойынша тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында үш шағын орталық (мини центр) ашу жоспарланып отыр.

Мектепке дейінгі ұйымдарда қажетті материалдық-техникалық база мен баланы дамытушы ортаны қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру мақсатында жатын бөлмелер мен қабылдау орындарын және ойын алаңдарын бейнебақылау камераларымен жабдықтау жоспарланған.

Ағымдағы жылы 30 мемлекеттік балабақша (31%) жаңа жиһазбен, дамыту кабинеттерімен жабдықталды.

Жыл соңына дейін тағы 18 балабақшаның жабдықтарын жаңарту, сондай-ақ 23 балабақшаның ойын алаңдарындағы шағын ойын нысандарын ауыс­тыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, Білім басқармасы жаңа оқу жылында тамақтануды бақылау – «Электрондық балабақша» жобасын жүзеге асырмақ ниетте.

ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ: ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ ҚАНДАЙ?

Жалпы білім беретін мектептердің желісі жыл сайын артып келеді. Оқу жылының басында елордада 152 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 225 мыңнан астам бала (өткен оқу жылында – 215074) контингенті бар 99 мемлекеттік және 53 жекеменшік мектеп жұмыс істейтін болады. Бірінші сыныпқа 26000 бала қабылданды (өткен оқу жылында 25349).

Елордалық білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту үш ауысымды және бала саны өте көп мектептер санын болдырмауға бағытталған.

Үш ауысымды және бала саны көп мектептер санын қысқарту мақсатында ағымдағы жылы екі ауысымда оқитын 23580 оқушы орнына арналған 11 мектеп пайдалануға берілетін болады.

Алайда, жаңа мектептердің жұмыс жасауына байланысты педагог кадрлардың тапшылығы да өсе түсуде. Қазіргі уақытта елордалық білім беру саласында 20000 педагог жұмыс істейді. Олардың 48%-ы жаңа форматтағы педагогикалық аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілік санаттарына ие және барлығы негізгі жалақысына 30-дан 50%-ға дейін қосымша ақы алады.

Жас мамандарды тарту мақсатында 2018 жылдан бастап елорда әкімдігі мемлекеттік білім беруге тапсырыс береді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша 400 мұғалім біліктілігін арттырды. Биыл елордада педагогикалық мамандықтарға 1050 грант бөлінді.

Педагогикалық және басқарушылық еңбектің өнімділігі мен сапа көрсеткіштерінің бірі, мектеп қызметінің нәтижесі оқушыларды қорытынды аттестаттау болып табылады. 2022 жылы 348 түлек «Алтын белгімен» бітірсе, 431 түлек мектепті үздік дипломмен аяқтады.

Дарынды балалармен жұмыс істейтін мектептер желісі айтарлықтай көбейді. Бүгінде қалада дарынды балаларға арналған 5 мамандандырылған мектеп бар. Ағымдағы жылы №81 «Astana English School» мамандандырылған гимназиясы Қазақстанның Халықаралық бакалавриат мектебі мәртебесіне ие болған алғашқы мемлекеттік мектеп екенін ерекше атап өтуге болады.

Дарынды оқушыны анықтау, дарындылықты қалыптастыру мен дамыту бағытында жү­йелі жүргізілген жұмыстардың арқасында елордалық құрама команданың республикалық жарыстарда жеңіске жетуі, сондай-ақ астаналық оқушылардың 15 жыл бойы «үздік олимпиадалық команда» атағын иеленуі тамаша жетістік болды. Биылғы жылы елорданың олимпиадалық командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадада рекордты медаль жеңіп алды, дәлірек айтсақ, команданың қоржынына барлығы 93 медаль, оның ішінде 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль түсті.

БАСШЫЛАРДЫ РОТАЦИЯЛАУ

Колледж, мектеп басшыларын ротациялау болып жатыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес білім беру жүйесінде мектептердің, колледждердің және балабақшалардың бірінші басшыларын ротациялау институты пайда болды. 7 жыл бойы басшы болғандар бірден ауысады. 4 жылдан асқандар туралы комиссия шешім шығарады. Өзінің жұмыс істеген мектеп, колледжінің деңгейіндегі оқу орнына ауыстырылады. Ауылдыкі қалаға, қаланыкі ауылға бармайды. Тек өзі басқарған мекеменің деңгейіндегі білім беру ұйымына жіберіледі. Ротация бір білім беру ұйымында 7 жыл және одан да көп жұмыс істеген басшыларға қатысты жүргізілді. 15 жалпы білім беретін мектеп директоры және 15 мектепке дейінгі ұйымның бірінші басшылары ротацияланды.

МЕКТЕПТЕР ДАЙЫН БА?

«Биылғы жылы атқарылған жұмыстың маңызды бағыттарының бірі жаңа оқу жылына дайындық болды. 38 білім беру ұйымына жөндеу жұмыстары жүргізілді» дейді қалалық Білім басқармасының басшысы Қ.Сенғазыев.

Ағымдағы жылы мектеп және балалар жиһазы, тамақтандыру блоктарына арналған жабдық, компьютерлік және білім беруді ұйымдастыруға қажетті техника, оқу-зертханалық, спорттық жабдық, сондай-ақ 12 мектепке STEM кабинеттері мен виртуалды зертхана сатып алынды. Жыл соңына дейін 51 кабинетті (химия, физика, биология пәндері кабинеті) жабдықтау үшін жаңа модификациядағы заманауи жабдықтарды сатып алу жоспарланған. Барлық жалпы білім беру мекемелері 100% оқулықпен қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысының «Оқу мектебі» жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында білім беру ұйымдарының кітапхана қоры 32 мыңнан астам кітап көлеміндегі көркем әдебиетпен толықты. Кітапханалардың интерьерін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда қаладағы 31 (33%) мектепте кітапханалар жаңартылды.

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ

Қалада жыл сайын инклюзивті білім беру жүйесі жетілдіріліп келеді, кедергісіз білім алуды қамтамасыз ету үшін ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға жағдайлар жасалды. 20 жалпы білім беретін  мектеп базасында  арнайы ресурс орталықтары мен инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді.

Жыл басынан бері «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» атты 2 инклюзивті қолдау ұйымы және №6 психологиялық-медициналық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап №88 мектеп-лицейінде көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сынып ашылады. Қараша айында елорданың сол жағалауында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылады. Дегенмен балалар контингентінің өсуіне және көші-қонға байланысты кеңес алу үшін кезекте тұрған балалар саны азайған жоқ. Осыған байланысты 2023 жылы тағы бір психологиялық- медициналық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады.

ҚОСЫМША БІЛІМ: НЕ ҚАМТЫЛАДЫ?

Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, оқушылардың жеке дамуы, өзін-өзі дамыту шарттарының бірі –  қосымша білім беру жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыру. Қалада 11 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды, олар тек  білім алушылардың 72 %-ын ғана қамтып отыр, алдағы уақытта мектеп басшылары қосымша білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп балалардың қосымша біліммен қамтылуына аса көңіл бөлу керек.

Биылғы жылы Оқу ағарту министрі 5-күндік оқуға көшу жөнінде шешім қабылдады, бұл өз кезегінде оқушылардың бос уақытын қосымша үйірмелермен қамтылуына үлкен мүмкіндік береді. Сіздер оған күш салуларыңыз қажет. Балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту мақсатында әкімдік тұрақты негізде балаларға арналған ұйымдар ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Тек осы жылы ғана қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 4500 астам баланы қамтитын 5 қосымша білім беру ұйымы ашылды.

Сондай-ақ жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс беру арқылы балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту да ойымызда бар.

Қаланың аудан әкімдіктерінің көмегінің арқасында «Балалардың игілігі үшін» республикалық акциясы аясында балаларға арналған жаңа нысандар салынып, жұмыс істеп тұр. Бұл workaut алаңдары, балалар ойын алаңдары, ашық алаңдар мен саябақтар. Елорданың орталық көшелерінде Балалар жылына арналған 127-ден астам билборд қойылды.

«Жасыл мектеп» жобасына білдірген демеушілердің қолдауын ерекше атап өткен жөн. Соның арқасында Балалар жылының соңына дейін 19 мектепте және қызмет көрсету және туризм колледжінде 20 жылыжай ашылады. Қазіргі таңда №87 мектеп-гимназиясының базасында алғашқы жылыжай құрылып, жұмыс істеп тұр.

Мектеп өмірі бұрынғыдай болмайды. Патриоттық және еңбек тәрбиесі жаңартылған білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналады. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларында «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты жаңа пән пайда болады.

Көшбасшылық қасиеттерді дамыту мақсатында мектеп оқушыларының «Ұшқыр ой алаңы» дебат қозғалысын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Елордада 6500 оқушысы бар 178 пікірсайыс клубы жұмыс істейді (150 мектептегі 93 үйірме – 5400 оқушы, 22 колледждегі 17 үйірме – 1000 оқушы). Қазірдің өзінде мектеп оқушылары арасында 52, мұғалімдер арасында 10 пікірсайыс турнирі өткізілді. Жоғары оқу орындарының студент-дебатшылары жеті кездесу өткізіп, онда мектеп оқушылары шеберлік сабақтарын алды. Оқу жылының басынан бері 95 семинар-тренинг және дебат клубтарының ардагерлерімен 10 кездесу өткізілді.

Студенттердің әлеуметтену факторларының бірі балалар мен жасөспірімдер ортасында өзін-өзі басқару мен бірлескен басқаруды дамыту болып табылады. 2021 жылдың сәуір айынан бастап барлық мектептерде «Мектеп парламенті» мектептің өзін-өзі басқаруы жұмыс істейді. Жасұландық ұйымның қатарында 129 мыңнан астам оқушы бар («Жасұландықтар» – 71 912, «Жасқырандықтар» – 57 923).

Шахмат үйірмесі шығармашыл, дарынды жеке тұлға жетілдіруге жол ашады. Сол себепті жаңа оқу жылында елорданың барлық мектептерінде шахмат клубтары мен үйірмелер ашылады. Шахмат федерациясымен бірлесіп турнирлер өткізіп, мектеп тренерлері де  оқытылады.

Тағы да бір енгізетін жаңашылдық – ол домбыра үйірмесін ашу, оқушылар қатарынан домбыра оркестрін құру. Бұл оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, балалардың эстетикалық тәрбиесіне жағдай жасауға, қазақ халқының тарихына, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікті оятуға мүмкіндік береді.

КОЛЛЕДЖДЕ ОҚУ ТИІМДІ МЕ?

Әлемдік үрдіс пен халықаралық зерттеулер табысты елдердің ұлттық байлығының 15%-ы материалдық құндылықтардан, 20%-ы табиғи ресурстардан  және 65%-ы адами капиталдан  тұратындығын көрсетті. Яғни, кез келген елдің жетістігінің 2/3 бөлігін білімді адамдар құрайды.

Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру саласында 34  колледж (9 Мемлекеттік, 25 жеке) жалпы саны 28567 студентке білім саласында өз қызметтерін ұсынып отыр, студенттердің 48,4%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша (13 810) білім алуда. Мамандарды даярлау 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүргізіледі.

Колледждерде ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерді (инклюзив) мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы оқыту жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы 5 мамандық бойынша 100 орындық 5 колледжге мемлекеттік тапсырыс берілді.

 «Жас маман» жобасы аясында 8 мемлекеттік колледж заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді (22 мамандық бойынша) және WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша 13 құзыреттілік орталығы ашылды.

Дуальды оқыту жүйесіне 126 кәсіпорынның қатысуымен 40 мамандық және 58 біліктілік бойынша 22 колледж тартылды.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы 4,8 мың орыннан 7,3 мың орынға дейін ұлғайтылды (3800 орын-ЖБ, 3500 орын-РБ). 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастардың 100%-ы тегін кәсіптік біліммен қамтылады (2022 жылы – 7300, 2023 жылы – 8500, 2024 жылы – 9500, 2025 жылы 11000 орын).

Ағымдағы жылы алғаш рет кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 60 кәсіпорын 558 адамға өтінім берген.

Жаңа оқу жылында қаладағы кәсіпорындармен, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып дуальді оқыту бойынша жұмысты жандандыруды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, жаңа кәсіптерді болжау және кәсіпорындарды жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету аясында жаңа кәсіптер атласы түріндегі кадрлар қажеттілігінің өңірлік картасын әзірлеу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда мектеп түлектерінің кәсіби өзін-өзі анықтауының маңыздылығы аз емес. Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде «Мамандыққа дейінгі білім беру» жобасын жүзеге асыру мақсатында 10 аудан бойынша 33 мектепте бейіндік сыныптар ашылып, жұмыс істеуде.

Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан мектеп оқушыларына салалық кәсіптік бағдар беру аясында елордалық колледждер базасында оқу-өндірістік комбинаттардың (ТӨП) жұмысы басталады.

Тамыз кеңесінде ата-аналар атынан сөз алған А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің ата-анасы Серік Жаубасов тәрбие берудегі әкенің роліне тоқталды. Мұғалім ата-анамен бірлесе отырып балаға дұрыс бағыт-бағдар бергенде ғана өзіне сенімді, білімді, жауапкершілігі бар тұлғаны қалыптастыра алатындығын сөз етті.

ЖАҢАШЫЛДАР КІМДЕР?

Тамыз кеңесінде математика пәнінің мұғалімі, педагогикадағы жаңашыл бағытты қолдайтын жас маман,  қалалық «Алтын сақа» олимпиадасының жүлдегері, қалалық С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Гульбахыт Сэрээтэрдің баяндамасы кеңеске қатысушылардың зор ықыласын туғызды. Ол математиканы оқытуда, құндылықтарды оқушыға тапсырма арқылы, іс-әрекет арқылы қалай үйретуге болатынына тоқталды.

«Мен айтқанды емес, мен істегендей жаса»

«Білім беру, оқыту жауапсыздық пен қателікті көтермейтін нәзік жүйе ол – адам тағдыры. Оқыту, білім беру үнемі мұғалімнің ізденісін, шығармашылық шындалуын талап ететін күрделі үрдіс» дейді қалалық «Алтын сақа» олимпиадасының жүлдегері, қалалық С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі, жас маман Гульбахыт Сэрээтэр. «Жер бетінде білім берудің құндылығы қайта қаралып өзгеріп жатқан тұста, дамытуды тек ойлауды немесе жалпы психиканы дамыту деп қарау жеткіліксіз. Қазіргі таңда оқушылардың, қызығушылықтарының, талап пен сұраныстарының, есте сақтау қабілетінің, ішкі, сыртқы эмоцияларының, өзін ұстауы, сөйлеу мәдениетінің өзгергенін байқаймыз. Бұл дегеніміз білім беруді, тәрбилеу үрдісінің өзгеруін талап ететін жағдай. Оқушыға «Мен айтқанды емес, мен істегендей жаса» тәсілімен білім мен тәрбие беру керектігін көптеген тәжиірбелер дәлелдеп келеді. Қазіргі уақытта оқушы бойына маңызын жоғалтып бара жатқан  жалпыадамзаттық құндылықтарды іс-әркет яғни өзіміз үлгі болу арқылы,  сіңіре отырып, сабағымызды мазмұнды ету арқылы, өмірлеріне азық болатындай етіп, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру мұғалімнің басты мақсаты болу керек» дейді жас маман өз баяндамасында.

Конференция қорытындысында елордалық ұстаздар қала әкімінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің наградаларымен марапатталды. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша өткізілген конкурста Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №59 мектеп-лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №95 «Алматы» балабақшасы «Мектепке дейінгі үздік ұйым», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжі «Техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі білім беретін үздік ұйым» деп танылып, ұжым басшыларына 9 млн теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарға мынадай марапаттар  берілді. «Мейірім – әлемге махаббатпен» медалімен № 59 мектеп-лицей директоры Алма Жумабекова, № 65 мектеп-гимназия психологы Шолпан Куспанова; «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен № 66 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбай, № 60 мектеп-лицей директорының орынбасары Татьяна Жакупова, Smart technological school мектебінің директоры Ләззат Кудайкулова және 6 ардагер ұстаз «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Кеңес соңы өнер мектебінің оқушылары орындаған әнге ұласты.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button