Басты ақпарат

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Балалар үшін биылғы жаздың жөні ерекше, өйткені жазғы демалыс Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аясында өтіп отыр. Жазғы демалыстың барысы қандай және алдағы жаңа оқу жылына әзірлік жайында дайындықтарды білген едік.

[smartslider3 slider=3519]

Биыл елордада 11 мектеп ашылады

– Сондай-ақ биыл 39 білім беру ұйымына күрделі және ағымдағы жөндеу  жұмыстары жүргізілуде. Білім басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, 12 нысанға күрделі жөндеу (3 мектеп, 8 балабақша, 1 колледж), 27 нысанға ағымдағы жөндеу (13 мектеп, 14 балабақша) жүргізіледі, – дейді  Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының Білім беру ұйымдарының өмір тіршілігін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Әсел Өмірова.

Демографиялық және көші-қон ағымына байланысты жыл сайынғы оқушылар контингенті де өсуде. Қазіргі таңда 15 мектептің контингенті шамадан тыс, 4 мектеп үш ауысымда жұмыс істеуде.

Оқушылардың орын тапшы­лығын, мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында, қаламызда 2022 жылдың соңына дейін 23580 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде, шамадан тыс 7 мектептің мәселесін шешеді.

Басшыларды ротациялау жүргізілуде

Колледж, мектеп басшыларын ротациялау болып жатыр. Бұдан былай, 7 жыл бойы басшы болғандар бірден ауысады. 4 жылдан асқандар туралы комиссия шешім шығарады. Өзінің жұмыс істеген мектеп, колледжінің деңгейіндегі оқу орнына ауыстырылады. Ауылдыкі – қалаға, қаланыкі ауылға бармайды. Тек өзі басқарған мекеменің деңгейіндегі білім беру ұйымына жіберіледі.

Анықтама үшін:

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:

1) өтініш;

2) жеке басын растайтын құжаттың түпнұсқасы (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);

3) денсаулық жағдайы туралы анықтама, №063/у және «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3

4) баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретi

Биылдан бастап педагогтар арнайы аттестациядан өтіп барып жұмысқа қабылданады. Бұрынғыдай мектеп директоры қабылдай алмайды.

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау жалғасуда

Мектепке қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес 1 сәуірден бастап жаңа оқу жылына 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау басталған болатын. Балаларды қабылдау 1 тамызға дейін жалғасатын болады.

– 2022-2023 жаңа оқу жы­лында 1 сыныпқа 26000 бала келеді деп күтілуде, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің бас маманы Жанат Ақмолдаева.

18 шілдедегі жағдай бойынша елордада 1-сыныпқа 20101 бала қабылданған, оның ішінде 10928-і немесе 54,3%-ы қазақ тілінде білім алуға ниет білдіріпті.

Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижелерін беру электрондық үкімет веб-порталы және білім беру ұйымдары арқылы қағаз түрінде жүзеге асырылып жатыр (белгіленген жұмыс кестесі дүйсенбі – жұма, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін).

Мемлекеттік қызмет болғандықтан құжаттар тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ портал арқылы жүгінген кезде мер­зімінен кешіктірмей 1 жұмыс күнінде жауап беру керек.

Бұл ретте 3+1 қағидатына аса көңіл бөлінеді. Қабылдау барысында өз аумағынан өтініш берген 3 баланы, содан кейін басқа аумақтан алдыңғы тіркелгендер қатарынан 1 (бір) үміткерді қабылдайды.

Ерекше білімді қажет ететін балалар ата-анасының келі­сімімен педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация қорытындысы негізінде қабылданады.

Қандай жағдайда бас тартады:

– құжаттар топтамасын толық ұсынбағанда;

– қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынғанда;

– ұсынылған құжаттарының дұрыс еместігі анықталған жағдайда.

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталуға жақын. Небәрі 10 күн қалды. Алдағы уақытта балаларды мектепке дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Колледжде білім алу жаңалықтары

– Ең басты жаңалық – оқушылардың ЖОО-ға тапсырған талапкерлер секілді 4 колледжді таңдауына мүмкіндік бар, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің маманы Салтанат Айтхожина. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білім беру қызметін 34 колледж ұсынады, олардың 9-ы – мемлекеттік.

Биыл Балалар жылы аясында жастарды тегін біліммен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 2550 орынға ұлғайтылды (4749 орын), бұл 7300 орынды құрайды.

2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін «ақша студентпен» қағидаты бойынша жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін 100% қамтуға кезең-кезеңмен көшу жүргізілуде.

Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы қалыптастырылды. Комиссия бекіткен мемлекеттік білім беру тапсырысы (мамандықтар тізімі және орындар саны) Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының ресми сайтында орналастырылған.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның шешімімен мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 26 колледжге (9-ы – мемлекеттік, 17-і – жеке) рұқсат берілді.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін неғұрлым сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі айқындалды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 7300 орынға 16 бағыт және 59 мамандық бойынша қалыптастырылды.

Колледждерге қабылдау 25 маусымнан 18 тамызға дейін жалғасады. Талапкерлер 4 оқу орнына дейін және 4 мамандық пен біліктілікке дейін (медициналық және педагогикалық мамандықтарды қоспағанда) таңдау арқылы орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандарына өтініш бере алады. Бұл талапкерлерге мемлекеттік тапсырыс бойынша орын алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Талапкерлер құжаттарын электронды Үкімет порталында авторизациядан өтіп (egov.kz), PЕM арқылы (nursultan.pem.kz) немесе тікелей колледжге хабарласу арқылы тапсырады.

Конкурс қорытындысы бойынша мамандықтар мен колледждер бойынша талапкерлер тізімі басқарманың ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Білім алушыларды нақты қабылдау негізінде колледждер арасында мемлекеттік тапсырыс бекітілетін болады.

Балалардың жазғы демалысы қалай өтуде?

– Биылғы жазда 1-10 сынып­тар аралығында 185710 оқушы оқу жылын аяқтады. Елордалық 176025 бала, 94%-ы жазғы демалысымен қамтылуы жоспарланған еді. Оның ішінде 163866-сы, 88,2%-ы жазғы еңбекпен қамтылуы жоспарланды, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Білім беру басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Мәдина Сүлейменова.

92 мектеп жанындағы жазғы лагерьде 93100 бала демалды, оның 87091-і – мемлекеттік, 6009-ы жекеменшік мектептерде демалды.

Қала сыртында «Арман», «Буровичок» жазғы сауықтыру-спорт лагерьлері бар. Олар Ақмола облысының Ақкөл ауданында орналасқан. 10 күннен алты маусым 6 маусымнан 29 тамызға дейін, қазіргі таңда 1142 бала демалды, жуырда төртінші ауысым басталды. Сондай-ақ қаламызда әл-Фараби атындағы, Махамбат Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында профильді жазғы лагерьлер жұмыс істеді. Олар 700 баланы қамтыды. М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайындағы лагерьге «Ақниет» қоғамдық қоры 200 балаға тегін жолдама әперді.

Мектептер берген мәліметтерге сәйкес, 78 865 бала басқа лагерьлерде, оның ішінде 27550 баланың ата-аналарымен шет елдерде, 30300 бала еліміздің аумағында орналасқан лагерьлерге, 20015 жекеменшік лагерьлерде демалатындары жоспарланған. Қазіргі таңда балалардың 33 мыңы демалып келгені белгілі болды.

Сонымен қатар бізде «Балдәурен» атты республикалық лагері жыл бойы жұмыс істейді. «Балдәурен-Қонаев», «Балдәурен-Щучинск», «Балдәурен-Балқаш» жазғы лагерь­леріне 800 квота орын берілген, оның 325 орнына көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар демалды.

Оған  сондай-ақ халықаралық, республикалық конкурстар мен дебаттық жүлдегерлер, дарынды балалар, білім бойынша, спортта ерекше қабілет танытқан балалар жіберіледі.

Жалпы, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдас­тыруда демеушілерді тартып, олардың жазғы лагерьлерде түрлі іс-шаралар өткізуі оң әсерін байқатты.

Тағы айта кетерлігі сол, биылғы жазда М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында мектеп жанындағы этнолагерь жұмыс істеді. Этно­лагерь балалар мектеп парламентінің, балалар құқығын қорғау өкілінің, ата-аналардың, Қамқоршылық кеңесінің қолдауымен ашылды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы, оның ішінде мектеп жанындағы тұңғыш этнолагерь деуге болады. Қала бойынша мұнда 1-8 класс аралығындағы 2600 бала өз өтінішімен жақсы демалды. Киіз үйлер тігіліп, балалар атқа мініп, ұлттық ойындар ойналды, ұлттық тағамдар жасалып, киіз басып үйренді. Қамқоршылық кеңестің қолдауымен мұнда қысы-жазы балалар демалып, ұлттық-танымдық іс-шаралар жыл бойына жалғасады.

Алдағы уақытта осындай этнолагерьлерді қаланың барлық мектептерінде ашуды көздеп отырмыз. Себебі осы арқылы балалар ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды кеңінен білетін болады.

Балаларды жазғы демалысында еңбекпен қамту бойынша төрт бағытта жұмыстар жүргізілді.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша экологиялық еңбек лагеріне 2860 бала тартылды.

Онда көпбалалы отбасынан шыққан, аз қамтылған отбасының балалары өз өтінішімен жұмыс істеп, 64 мың теңге кө­ле­мінде еңбекақыларын алды.

Қосымша білім беру ұйымдарында балалардың шығармашылық клубы мен үйірмелері жұмысын жүргізді, 35216 баланы қамтыған 28 аула клубтары жемісті еңбек етті.

Балаларды еңбекпен қамтудың үшінші бағыты туристік-­спорттық саласын қамтыды. Оған 1755 бала қатысты. Онда балалар «Дидарлы жаз», «Айбынды маусым» лагерьлері ұйымдас­тырған спорттық жарыстарға қатысып, әртүрлі экспедициялық сапарларда, туристік танымдық экскурсия­ларда болып қайтты.

Төртінші бағыт – интеллектуалдық деп аталды, ол «Жас ұлан», «Жас қыран» жазғы тілдік мектептерді, дебаттық лагерьлерді, барлығы 12016 баланы қамтыды. Жақсы нәтижелер бойынша балаларға сертификаттар, алғыс хаттар беріліп, марапатталды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button