Басты ақпарат

Жаңа оқу жылының жаңалықтары

Мектепке қа­был­даудың үлгілік қағидаларына сәйкес 1-сәуірден бастап жаңа оқу жылына 1-­сыныпқа оқушыларды қабылдау басталған болатын. Балаларды қабылдау 1-тамызда аяқталды.

[smartslider3 slider=3745]

100 пайыз оқулықтармен қамтылады

– Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 26  мыңға жуық бала барады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев онлайн брифингте. Оқулықтарға қатысты айтатын болсам, бүгінгі күні мектеп қорында 1-11 сынып аралығында 2,5 млн. астам оқулықтар бар. Ағымдағы жылы мектептердің кітапхана қоры 2 сыныптарға арналған жаңа шығарылған оқулықтармен толықтырылатын болады. Жаңартылып, қайта шығарылған кітаптар ­12-тамызда жеткізіліп, 15-тамыздан бастап таратылады. Қазіргі таңда мектептер оқулықтарды 1, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 сыныптарға таратуды бастады. Ағымдағы жылдың 25-тамызына дейін елордалық оқушылар 100 пайыз оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілетін болады. Бала санының өсуіне байланысты 1 миллионнан астам қосымша оқулықтар сатып алынады.

Үш ауысымды мектептердің саны азаяды

 Көші-қон ағымына байланысты жыл сайын оқушылар саны 15-20 мың балаға артуда. Егер, 2020-2021 оқу жылында оқушылардың жалпы саны  – 193 512 баланы құраса, 2021-2022 оқу жылында – 215 074 бала білім алды.

Жалпы жаңа 2022-2023 оқу жылында аудан әкімдіктерімен бірлесіп ­демеушілік қаражат есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде әлеуметтік осал санаттағы 10 мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда

 Бүгінгі таңда елордада 4 мектеп үш ауысымда (27,37,53,59), 15 мектептің бала саны шамадан тыс артуда (№ 1, 3, 15, 17, 30, 32, 58, 60, 65, 69, 71, 75, 84, 85, 89). Осы үш ауысымдық және тығыздылық мәселесін шешу мақсатында 2022 жылдың соңына дейін 23 000 орынға арналған 11 мектеп пайдалануға беріледі. Ол өз кезегінде 7 мектептің тығыздық мәселесін шешуге ықпал етеді. Қыркүйек айында екі мектеп ашылады: Е51, Е69, Е70 және «Зам-Зам» тұрғын үй кешені ауданында  Binom мектебі және Е-22 және Тұран даңғылы ауданында International School Of Nur-Sultan City. Аталған мектептердегі оқушы орындарының жалпы саны 6 мыңды құрайды (екі ауысымда). Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 80 880 орынға арналған 67 мектептің құрылысы жоспарланған.

Балабақшалар: талаптар күшейтілді

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кеңес барысында осы жылдың соңына дейін Қазақстанда 320-дан астам жаңа балабақша ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Өткен жылы 47 мың орындық 534 балабақша пайдалануға берілді. Елордада 60 мыңнан астам бала контингенті бар 432 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 99 мемлекеттік, 330 жеке меншік, 3 ведомстволық.

Мемлекеттік тапсырыс 27504 орындық 316 жекеменшік балабақшада орналасқан. Бір балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы 2021 жылмен салыстырғанда 38023 теңгеден 41718 теңгеге дейін ұлғайды.

Министрдің айтуынша, бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 88,4 %-ды, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды – 99%-ды құрайды. Сонымен қатар, ол балабақшалардың тәрбие бағдарламаларындағы жаңартулар туралы және тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Балаларды қамтумен қатар біз балабақшалардың бағдарламаларын жаңарту бойынша да жұмыс жүргізудеміз. Бұл әсіресе маңызды бағыт. Біз мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделін, сондай-ақ жаңа мемлекеттік стандартты бекіттік, – деп хабарлады министр. Асхат Аймағамбетов балабақшада өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын балаларды тәрбиелеу, патриотизм, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық сияқты құндылықтарды дамыту шығармашылық, қозғалыс белсенділігі мен ойын арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың 1-қарашасына дейін Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Материалдық көмек кімдерге беріледі?

Дәстүрлі «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы аясында оқушылардың мектеп киімдерін, аяқ киімдерін және мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін көмек көрсетіледі. Материалдық көмек алушы өтініш жазып, несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған банктік карточканың 20 таңбалы нөмірін ұсынады. Немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашуы қажет. Қаражаттың мақсатты пайдаланылуын міндетті түрде құжаттамалық растаумен (түбіртек, чектер, фото) оларды сатып алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына тапсыру керек.

Материалдық көмек көлемі бір балаға шаққанда 40 мың теңгені құрайды (ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге). Биыл 16 720 білім алушыны қамту жоспарлануда. Бүгінгі күні елордамыздағы мектептерден 8 мыңнан аса  баланы қамтитын өтініштер түсті.

Анықтама үшін: 2020 жылы көмектің мөлшері бір балаға 40 мың теңгені құрады, 13 245 оқушы, 2021 жылы осындай көмекті 14 620 оқушы алды.

«Мектепке жол»  акциясы жалғасады

«Мектепке жол» ­республикалық жыл бойғы акциясы ағымдағы жылдың 1-тамызында «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен басталды. Қазіргі уақытта акцияға мемлекеттік органдарды, меценаттарды, демеушілерді, үкіметтік емес ұйымдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде (елорданың 30-дан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне хаттар жолданды).

Акция шеңберінде халықтың мұқтаж санаттарының балаларына (аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар), сондай-ақ ­әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында демеушілік қаражат есебінен көмек көрсетіледі.

Жалпы жаңа 2022-2023 оқу жылында аудан әкімдіктерімен бірлесіп демеушілік қаражат есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде әлеуметтік осал санаттағы 10 мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда.

Анықтама үшін: 2021 жылы акция аясында 8000-ға жуық бала көмекпен қамтылды, оның ішінде 3 900-ге жуық бала керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде («Алматы» ауданы әкімдігі – 560, «Сарыарқа» ауданы әкімдігі – 800, «Байқоңыр» ауданы әкімдігі – 713, «Есіл» ауданы әкімдігі – 430, Білім басқармасы – 1356).

Дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің учаскелік инспекторларымен бірлесіп тұрғын үй алаптарын («Үркер», «Пригородный», «Тельмано», «Заречное», «Железнодорожный», «Көктал», «Интернациональный», «Мичурино», «Промышленный», «Юго-Восток») қамти отырып, атаулы рейдтер жүргізілуде.

Дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын 16 оқушы, «Байқоңыр» ауданы бойынша – 5, «Сарыарқа» ауданы бойынша – 4, «Алматы» ауданы бойынша – 7 оқушы анықталды. Олармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ мектепке дайындауға көмек көрсету мәселесі қаралады.

«Байқоңыр» ауданы әкімдігінің бастамасымен қоғамдық орындарда халықтан кеңсе тауарларын жинау бойынша қайырымдылық контейнерлері орнатылды (атап айтқанда, «Аймақ», «Жаннұр» сауда орталықтары, «Әлем» базары алдында).

Шалғайдағы шағын аудандарда (саяжай алқаптарында) тұратын балалар үшін 13 жалпы білім беретін мектепте 5477 баланы тасымалдау ұйымдастырылған (№ 12, 20, 24, 40, 41, 42, 49, 55, 58, 65, 69, 88,90) және 3 арнайы түзету мектептері (№1 ШЖБМ, №2 ОЖБ, №3 ОЖБ).

Балалар жәрмеңкесін өткізу жайы қалай?

EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «QazExpoCongress «ҰК» АҚ 2022 жылғы 17-21 тамыз аралығында  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «KIDS EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесін өткізеді (мектеп және спорт формалары, аяқ киім, кеңсе тауарлары, оқулықтар, балалар және шетел әдебиеті және т.б.). Жәрмеңке күні кеше салтанатты түрде ашылды.

Колледжде білім алу тиімді

Биыл Мемлекет басшысының 100 пайыз тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік колледждер кәсіпорындардың қамқорлығына алынды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Енді мемлекет мамандарды тегін даярлайтын болады, ал кәсіпорындар жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Айта кетейік, мемлекеттік тапсырыс бюджеті 45 мың орынға ұлғайтылып, биыл рекордтық 128 мың орынды құрады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізе бастадық. Алғаш рет 10 мың арнайы грант бөлінді. Колледж кадрларының сапасын арттыру үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламалары мен оқыту мерзімдерін өзгертуде академиялық дербестік берілді. Мемлекеттік колледждер кәсіпорындардың 100% қамқорлығында, – деді министр.

Нұр-Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білім беру қызметін 34 колледж ұсынады, олардың 9-ы мемлекеттік. Қазір 77 мамандық бойынша даярлау жүргізілуде.

Биыл Балалар жылы аясында жастарды тегін біліммен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 2550 орынға ұлғайтылды (4749 орын), бұл – 7 300 орынды құрайды.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бірінші кезекте колледждермен қажетті техникалық мамандықтар бойынша 9-сынып түлектерін қамту жоспарлануда.

– Бірақ NEET жастары көп өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттардың төмендеуі байқалады. Сондықтан жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың азаюына байланысты біз республикалық бюджеттен қосымша гранттар бөлуге мәжбүр болдық. Осы орайда жергілікті атқарушы органдардан бұл мәселені бақылауға алуды сұраймын, – деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ колледждерге түсу үшін бірқатар жаңалықтар енгізілгенін атап өтті.

– Мамандық таңдау кезінде біз оқуға түсушілердің кәсіби диагностикасын енгіздік, соның нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады. Студенттер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу процесі автоматтандырылды. Қабылдау емтихандары тоқтатылды. Талапкердің кемінде 1-3 біліктілікті меңгеру мүмкіндігі бар. Мемлекеттің үлкен қолдауымен «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледж заманауи зертханалармен жабдықталды, оқу бағдарламалары жаңартылды және кадрларды сапалы даярлауға жаңа серпін берілді, – деді ол.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның шешімімен мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 26 колледжге (9-мемлекеттік, 17-жеке) рұқсат берілді.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін неғұрлым сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі айқындалды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 7300 орынға 16 бағыт және 59 мамандық бойынша қалыптастырылды.

Колледждерге қабылдау 25 маусымнан 18-тамызға дейін жүргізілді. Талапкерлер 4 оқу орнына дейін және 4 мамандық пен біліктілікке дейін (медициналық және педагогикалық мамандықтарды қоспағанда) таңдау арқылы орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандарына өтініш берді. Бұл талапкерлерге мемлекеттік тапсырыс бойынша орын алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Конкурс қорытындысы бойынша мамандықтар мен колледждер бойынша талапкерлер тізімі басқарманың ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Білім алушыларды нақты қабылдау негізінде колледждер арасында мемлекеттік тапсырыс бекітілетін болады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button