Жаңа қан тапсыру орны ашылады

Ертең №2 қалалық емханасының филиалында (Ә. Молдағұлова көшесі, 33) Астана қаласының оң жағалауында «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК донорлық пункті ашылады. Енді оң жағалаудың тұрғындары қан тапсыру үшін сол жағалаудағы Орталыққа бармаса да болады, бұл донорлардың уақыты мен күш-жігерін біршама үнемдейді. Сонымен қатар, емхана пациенттері де сол жерде қан тапсыра алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жаңа пункттің ашылуы медициналық мекемелерді қауіпсіз қан компоненттерімен қамтамасыз етуге және қала тұрғындарының донорлықтың маңыздылығы туралы білімін арттыруға көмектеседі. Донорлық қан ауыр жарақаттар, операциялар, аурулар кезінде және өзге де шұғыл жағдайларда өте маңызды емдік құрал. Бір қан донациясы үш адамның өмірін сақтайды!
Кімдер донор бола алады? жасы 18-ден асқан; салмағы 50 кг және одан жоғары; қарсы көрсетілімдері (созылмалы аурулар, инфекциялар, жақында болған операциялар және т.б.) жоқ адам.
Донорға берілетін кепілдіктер қан тапсырған күні жұмыстан босатылу (жалақыны сақтай отырып); қосымша демалыс күні (жеке немесе еңбек демалысына қосуға болады); адам өмірді сақтау мүмкіндігі.
Қауіпсіз процедура: стерильді және бір рет қолданылатын құралдар пайдаланылады, барлық санитариялық нормалар сақталады.
Қанды қайда және қашан тапсыруға болады?
Мекенжайы: Астана қаласы, №2 қалалық емхананың филиалы,
Ә. Молдағұлова көшесі, 33
Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма күндері, сағат 8:30-дан 17:00-ге дейін
Пункттің ресми ашылуы – 6 наурыз сағат 10:00-де. Іс-шараға БАҚ өкілдерін шақырамыз, мұнда мамандарға сұрақ қойып, қан тапсыру процесін өз көзімен көруге болады.
Донорлардың қатарына қосылыңыз!