#Жаңа Қазақстан

«Жаңа Қазақстан»: Қаңтар қасіретінен сабақ алуымыз керек

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында Клуб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаңартуға арналған «Жаңа Қазақстан» бағдарын кеңінен талқылады. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев елімізге ауыр соққы болып тиген қаңтардағы оқиғаларға тоқталды. Сондай-ақ ол болған жайтты мұқият талдап, одан дұрыс қорытынды шығарудың маңызды екенін айтты.

[smartslider3 slider=2042]

«Қаңтар оқиғасын жан-жақты сараптауымыз керек. Бұл қайғылы жағдай бізге үлкен сабақ болуға тиіс. Таяуда ­Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бағдарламалық сөз сөйлеп, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру үшін қажетті негізгі бағыт-бағдарды белгілеп берді. Сол міндеттерді іске асыру үшін тың идеялар, жаңа тәсілдер мен шешімдер қажет екені сөзсіз. Сондықтан бүгін Жас сарапшылар клубы аясында әлеуметтік, қоғамдық-саяси тақырыптар, жастармен жұмыс, кадр саясаты, еңбекке қатысты дау-дамайларды шешу бойынша бастамаларға тоқталамыз. Бұл «Жаңа Қазақстанның» күн тәртібіндегі негізгі бағыттар мен міндеттер жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін маңызды»          деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде өткен оқиғалар соңғы жылдарда қолға алынған көптеген әлеуметтік бағдарламалардың тиімсіз жұмысының салдары екені айтылды. Мәселен, былтыр бюджет шығыны 15 трлн теңгеден асқан. Бұл қаражаттың жартысына жуығы – әлеуметтік шығындар. Тек әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етудің өзіне 4 трлн теңге жұмсалған. Яғни, ауқымды қаржы бөлінгенімен, айтарлықтай нәтиже жоқ. Сенат Төрағасы қазіргі таңда осы қаражатты пайдалану тетігін өзгерту, әлеуметтік теңсіздікпен және кедейлікпен күресу маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Мәулен Әшімбаев мұндай теңсіздікті жоюдың тиімді тәсілдерінің бірі білім беру жүйесінің сапасын жақсарту екеніне назар аударды.

«Мектептерде, кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындарында білім беру жүйе­сін жақсарту қажет. Мектептің білім, тәрбие, әлеуметтену институты ретіндегі рөлін арттыру маңызды. Әлеуметтік ахуалы қиын аймақтарда оқытушылар құрамын күшейтіп, директорлыққа білікті мамандарды жұмылдырған жөн. Елімізде 14-28 жас аралығындағы жастардың саны 3,7 миллионды құрайды. Бұл ел халқының 20 пайызына тең. Осы жастардың техникалық және кәсіптік біліммен қамтылуы маңызды. Жалпы, әлеуметтік теңсіздікпен күрес­тің тиімділігін арттыру үшін елімізде білім беру жүйесін жақсартуымыз керек» деді Сенат Төрағасы.

Отырыс барысында қатысушылар әлеуметтік дағдарыстың алдын алуға қажетті негізгі факторлардың бірі сапалы жұмыс орындарын ашып, лайықты еңбекақы төлеу екеніне назар аударды. Бұл ретте ірі және орта бизнеске үлкен жауапкершілік жүктелетіні де айтылды. Сенат Спикері Мемлекет басшысының сөзін тілге тиек етіп, 2020 жылы ұлттық табыс құрылымында бизнестің пайдасы 61,5 пайыз болғанын, ал салықтың үлесі небары 7,3 пайызды құрап, жалпы көрсеткіштің үштен бірінен азы (31,5 %) ғана жалақыға жұмсалғанын атап өтті. Дамыған елдерде жалақы ұлттық табыстың 50 пайызын құрайтыны белгілі. Сондықтан Мәулен Әшімбаев бүгінгі тәсілдерді өзгерту қажет деп есептейтінін жеткізді.

«Бүгінде кәсіпорындардың басшылары жалақыны көтеруге аса ынталы емес екенін байқаймыз. Негізі қазіргі заманда тек өзің немесе отбасың үшін ғана жұмыс істеуге болмайды. Оның үстіне, өзіңнің байлығыңмен немесе жақсы жағдайыңмен мақтанатын кез емес. Уақыт өткен сайын әлемде ESG-ның, яғни Environmental, Social and Governance Criteria стандарттарының өзектілігі артып келеді. Біздің компаниялар да экология, әлеуметтік саясат және корпоративті басқарумен байланысты талаптарды енгізуі керек. Елімізде бұл стандарттардың белсенді түрде дәріптелуі үшін біз заңнамалық тұрғыдан ынталандыру жұмыстарын пысықтайтын боламыз» деді Мәулен ­Әшімбаев.

Сарапшылар талқылау кезінде «қоғамдық шарттың» тағы бір маңызды тетігіне көңіл бөлді. Ол – заң үстемдігін мүлтіксіз сақтайтын әділеттілік, адамдардың құқықтық теңдігі, тиімді және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін адал сот жүйесі. Осы ретте Сенат Спикері «Жаңа Қазақстан», ең алдымен, әділетті Қазақстан екенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар қазір қоғамды ұйыстыратын идеялар мен тың бастамалар қажет екеніне баса мән берді.

«Жаңа Қазақстанды» құру идеясы біздің қоғамды біріктіруші күшке айналуы әбден мүмкін. Қазір оған қажетті әлеуетіміз бар. Енді соны тиімді пайдалануымыз керек. Бұл жолда заң шығарушы орган, мемлекеттік қызметшілер, саяси партиялар, сарапшылар, ғалымдар, қоғам белсенділері жұдырықтай жұмылып, бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек» деді Сенат Спикері.

Сондай-ақ Мәулен ­Әшімбаев Жас сарапшылар клубының мүшелерін Президентіміздің жаңа саяси реформалар топтамасын талқылауға белсенді қатысуға шақырды. Аталған топтама биылғы қыркүйек айында жарияланатыны белгілі.

Бүгінгі отырыста Клуб мүшелері де сөз алып, көтерілген тақырыпқа байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Олар жаңа экономикалық саясатты өңірлік даму тұрғысынан қалыптастыру, кадрлар даярлау жүйесін қазақстандық экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып трансформация­лау мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар әлеуметтік және еңбек жанжалдарының туындау себептері, олардың алдын алу жолдары, жастармен жұмыс тәсілдерін қайта қарау тетіктері талқыланды. Бұдан басқа, іс-шарада «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы туралы Клуб мүшелері мен шақырылған сарапшылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері әңгімеге арқау болды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button