Жаңа сипатты жаңа оқу жылы
Құшақ-құшақ гүлдерін ұстап, ұстаздарын 1 қыркүйек күнімен құттықтауға асыққан оқушылар, бір-бірін сағынысқан сыныптастар, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балдырғандар, жоғары сыныпқа қадам басқанына қуанған жеткіншектер, ыстық ұядағы соңғы оқу жылын өткізуге жүрегі лүпілдеп жаныққан бітірушілер, білім әлеміндегі үлкен өмірге қадам басқан студенттер – барлығының жаңа білім, жарқын болашақ іздеп, оқу ордаларына асығып баруына санаулы ғана күн қалды.
Дәстүрлі түрде Астананың білім беру ұйымдарында 1 қыркүйек күні «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты іс-шара өтіп, 2 қыркүйек, жаңа оқу жылының бірінші күні, «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты басталады.
1-сыныпқа – 28 мың бала
Жылдан-жылға білім саласына қойылатын талап күшейіп келеді. Білім мазмұнына енгізілетін өзгерістердің мәні құндылықтарға бағдарланған оқыту тәсілін қолдануды көздейді. Сондай-ақ биылғы тамыз кеңесінде білім саласының өзекті мәселелері сөз болып, жаңа оқу жылы цифрланған білім беру жүйесіне біртіндеп көшуге, жасанды интеллектің игілігін оқу процесінде кеңінен қолдануға басымдық береді. Жыл сайын баланың саны артып, білім алушылар қатары көбейіп келеді. Мәселен, әр жылда бас шаһарда орта есеппен 35 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Ол өз кезегінде мемлекет тарапынан білім алатын оқу ошақтарын салуға, мектеп мәртебесін, мектептегі ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылуын қажет етеді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек кеңірек тарқатқан еді.
«Білім күні – 1-сыныпқа баратын оқушылар үшін өміріндегі жаңа әрі жауапты кезең, ал жоғары сынып оқушылары үшін болашақ мамандығын анықтайтын уақыт. Ұстаздарымыз балаларымызға білім беріп қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға, бойындағы ерекше қасиеттерін танытуға көмектеседі. Елорданың білім беру жүйесінің негізгі ерекшелігі – қарқынды дамуы. Қала өсіп келеді. Қала тұрғындарының жыл сайынғы өсімін ескере отырып, елордада мектеп көптеп салынып жатыр. Қазіргі уақытта екі ауысымда 100 мыңға жуық оқушыға арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 20-дан астам мектеп ашылады. Олардың бір бөлігі – жайлы мектептер. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мың оқушы орнына арналған 24 жайлы мектеп салынады. Сол сияқты мемлекеттік балабақшалардың құрылысы қайта жанданды, бұған қоса жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беруді әрі қарай жалғастырамыз» деді қала әкімі.
Оқу жылының басында елордада 282150 оқушы оқитын 187 мектеп болады (110 мемлекеттік – 233006 бала, 70 жекеменшік – 42674 бала және 7 республикалық мектеп – 6470 бала).
2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныбына 28 мың бала қабылданады. Биылғы ерекшелік, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын бітірген бүлдіршіндердің ұлттық деректер қорында «баланың жеке даму картасы» толтырылады. 1-сыныпқа қабылданған бала туралы ақпаратты мұғалім аталған карта негізінде біле алады. Әріп тануы, дыбыстарды айтуы, оқи алуы не алмауы, қай пәнге бейім екені туралы мәліметтер қолжетімді болады. Осылайша бастауыш сынып мұғалімдері оқушының әрі қарай қандай қырларын дамыту керегін біледі.
Цифрлы әрі сапалы білім беру
Ата-ана – оқушы – ұстаз үштігі бірге жұмыс істемей, сапаға қол жеткізу қиын. Сондықтан елорда мектептерінде өзара тығыз қарым-қатынасты орнату мақсатында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. Маңызы бар жобаның міндеті – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамыту.
Биылғы қалалық тамыз кеңесінде елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бірқатар жаңалықпен бөлісіп, жаңа оқу жылы заманауи технологияларды ұштастыратынын жеткізді.
«Елорданың білім беру жүйесінің алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жаңа жылда бірқатар мектеп базасында IT-құзыреттілік орталықтарын ашу жоспарланған.
Білім беру процесінде цифрлы технологиялар мен жасанды интеллектті қолданудың кеңеюіне байланысты жаратылыстану-математикалық цикл педагогтары үшін IT құзыреттіліктері бойынша біліктілікті арттыру жұмысы жүргізіледі.
Елорданың мектептері мен университеттерінің бірлескен «турникетсіз күн» жобасы енгізіледі. Оның аясында жоғары сынып оқушылары университеттерде зертханалық сабақтарға қатысып, таңдалған тақырыптар бойынша профессорлардың дәрісінде білім алады. Бұл, бір жағынан, болашақ мамандықты таңдауда түлектерді ынталандырса, екіншіден, цифрлы технологиялар пәні бойынша білім алуға қосымша мүмкіндіктер ашар еді» деп бөлісті басқарма басшысы.
«Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасы шеңберінде ұлттық құндылықтарды оқу процесіне енгізу жалғасады. Ол үшін бірқатар мектепте тәрбие жұмысы бойынша арнайы құзыреттілік орталықтары ашылады. Сондай-ақ ұстаздарға сабаққа дайындық кезінде кәсіби көмек көрсету мақсатында әдістемелік орталық базасында Astana digital mektebi цифрлы платформасы іске қосылмақ. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 30 мектепте 1-сынып оқушыларына «Шахмат» курсы енгізіледі.
«Өткен оқу жылында кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында сынақ ретінде 50 мектепте педагогикалық сыныптар ашылды, бұл біздің балаларымызға болашақ мамандықты таңдауда жақсы серпін берді. Бүгінгі таңда педагогикалық сыныптардың 300-ге жуық түлегі мұғалім мамандығын таңдап отыр. Биыл сол қағида бойынша IT технологияларды тереңдетіп оқыту бойынша инженерлік сыныптар ашамыз» деді Қ.Сенғазыев.
Жаңа оқу жылына – 21 мектеп
Астаналық мектептерде 28 мыңға жуық оқушы орны жетіспейді. Сол себепті 8 мектеп үш ауысымды мектеп режимімен жұмыс істеп жатыр. Оқушы саны шамадан тыс 16 мектеп бар. Бір сыныпта 35-ке тарта оқушының болуы, әрине, білім алу процесінде ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан биыл бір ауысымда 49790 орынға арналған 32 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде бір ауысымда 30290 орынға есептелген 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қыркүйек айында бір ауысымда 15850 мың орынға арналған 12 мектеп пайдалануға беріледі. Желтоқсан айында бір ауысымда 14440 орындыққа арналған қосымша 9 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша, биыл жыл соңына дейін үш ауысымда оқитын 6 мектептің, бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселелері шешілмек.
«2025 жылы 26441 орындық (бір ауысымда) 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Барлығы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 15 мектеп қарқынды дамып келе жатқан Есіл (6 мектеп) және Нұра (9 мектеп) аудандарында орналасады. «Жайлы мектеп» жобасы балаларға барынша қолайлы жағдай жасаумен айрықша. Мұнда зертханалар, шеберханалар, компьютерлік сыныптар және пән кабинеттері жобаланады. Бір емес, төрт бірдей спорт залдары, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған жеке блоктар қарастырылған» деді өз сөзінде Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.
Сол сияқты Астана қаласы бойынша әлі де балабақша тапшылығы бар. Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 81 пайызды құрайды (мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрған бала саны – 57283). Бұл мәселені шешу мақсатында 2025 жылға дейін 10 балабақша ашу жоспарланған. Сонымен қатар әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы 97000 бүлдіршін тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Оның 11712-сі – Астана қаласының балабақшаларында.
Білім алушылар санының артуына, жаңадан салынып жатқан мектептердің құрылысына байланысты қаламызда кадр тапшылығы мәселесі әлі де бар. Әсіресе бастауыш сыныптарында орыс тілі пәні мұғалімі, жаратылыстану және өзге де пәндер бойынша мұғалімге қажеттілік туып отыр. Оның ішінде 8 «Жайлы мектепке» мұғалімдерге қажеттілік 792 адамды, техникалық қызметкерлерге 387 адамды құрайды.
Білім басқармасының алдына қойған негізгі міндетінің бірі – балаларды кітап оқитын ұлтқа айналдыру, олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, дүниетанымын кеңейту, жалпы кітап оқу дағдысын қалыптастыру. Осы мақсатта «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы әзірленген еді. Оқушылар әр ауысымның алдында сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Оқу жылында олар отандық әдебиет пен әлем әдебиетінің ең озық әрі таңдаулы шығармаларымен танысады.
Студенттерге жатақхана салынады
Әлемде технологияның дамуына байланысты кардларды даярлауға қойылатын талаптар прогрессивті түрде өзгеруде. Қаламыздың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бұл өзгеріске дайын болуы қажет. Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау және біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағытының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді. Бүгінде қазақстандық колледждерге академиялық дербестік берілген. Яғни олардың өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындайды.
Қалада 1200 орыннан астам студенттің жатақхана тапшылығы мәселесі бар. Мемлекет тарапынан білім алушыларға хостелдерде орын берілді. Алдағы уақытта жатақханалар саны арта түседі. Қазірдің өзінде 925 орындық жатақхана құрылысы жүруде. Жалпы Астанада 4,5 мың орынға арналған 6 студенттік жатақхана салынады. Тағы 4 университетке жатақхана салу үшін жер телімі бөлінді. 2025 жылы тағы 2 жатақхана пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ колледжерде жаңа жұмысшы мамандықтар ашылып отырады. Мәселен, биыл Техникалық колледже гидротехник, Сервис және туризм колледжінде көгалдандыру маманы, Astana Polytechnic колледжінде ақпараттық қауіпсіздік секілді мамандықтар ашылып, студенттерді қабылдады.
Индира БЕРЖАНОВА