Сайлау-2022

Жаңа тарихи кезеңнің бастамасы

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 2022 жылдың 20 қарашасы алтын әріппен жазылады десем, артық кетпеспін. Екі саяси жүйені көрген ардагер ұстаз ретінде, өмірімде бірнеше рет өзімнің конституциялық және адамгершілік борышым ретінде бірнеше сайлауға қатысқан едім. Сонымен қатар, Кеңес өкіметі кезінде талай рет сайлау учаскелерінде төраға болдым. Өткен жылы референдумда бақылаушы болып, биылғы кезектен тыс Президенттік сайлауда кандидаттың сенімді өкілі болып сайлауалды үгіт-насихат жұмысына араластым, сондықтан да 20 қарашада өткен сайлаудың ерекше болғанын айтқым келеді.

Бірінші ерекшелікті айтар болсам, өткен отызжылдық кезеңдегі президенттік сайлауға қарағанда, осы жолы республика бойынша заңды түрде тіркелген барлық партиялардан және жеке тұлғалар өзін-өзі ұсыну бойынша рекордтық көрсеткішпен бірнеше кандидат үміткер ретінде өтініштерін берді. Оппозициялық ЖСДП партиясының өкілінің сайлауға қатысуы, біздің еліміздің сайлау тарихындағы әділдіктің, демократияның шынайы көрінісінің және заңдылықтың нақты іске аса бастағанын көріп отырмыз. Бірақ, кейбір үміткерлердің сайлау заңдарына құжаттары сәйкес болмағандықтан, алты кандидат тіркелді. Алты үміткердің тіркелуінің өзі – біздің сайлау тарихында болмаған оқиға.

Екіншіден, өзімнің кандидаттың сенімді өкілі ретінде байқағаным, сайлауалды үгіт-насихаттың Астана қаласы бойынша заң талаптарына сай жүргізілді деп есептеймін. Барлық көше бұрыштарына кандидаттарға арналған бір үлгідегі төртбұрышты үгіт стендтері қойылды. Баспасөз және телехабарлардан кандидаттар таныстырылды. Бір сөзбен айтсақ, барлық кандидаттарға бірдей дәрежеде үгіт-насихат жүргізуіне еркіндік, олардың сенім білдірген адамдарының жұмыс істеуіне толық мүмкіндік болды.

Үшіншіден, мен ешбір партияның мүшесі емес, қарапайым ардагер ретінде Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді адамы болуға ниет білдіріп, сайлауалды үгітті жүргізуім. Бұл әрекетім өзім сияқты қоғамның тұрақтылығы мен жарқын болашағын ойлайтын 2,5 миллиондай зейнеткерлердің тілегін білдіруден туған еді. Жеке-дара жүріп, сауда орындарында, шағын кәсіпкерлермен және ұстаздар ұжымымен 30 шақты кездесуді ұйымдастырдым. Әрине, кейбір қала тұрғындары қария адамның сайлауалды үгіт жүргізгеніне таңданыс та, күле қараған жағдайын да байқадым. Бірақ осы сайлаудың аса маңызды тарихи орнын ескеріп, кейбір керітартпа пікірлерге қарамай, Отан алдындағы борышты өтеуге ниет білдірдім. Әрбір кездесудің нәтижесін, сайлаушылардың көкейкесті сұрақтарын, мұң-мұқтаждарын Астана қаласының қоғамдық штабының ақпараттық бөліміне жеткізіп отырдым. Ондағы мақсатым – халықтың аса маңызды деген ұсыныстары болашақ Президентіміздің назарына жеткізу болды. Сайлаушылармен кездесу барысында, олардың басым көпшілігі «Әділетті Қазақстан», «Әділетті мемлекет», «Әділетті экономика» және «Әділетті қоғам» бағдарламаларын толығымен қолдайтындарын айтты.

Әрине, қоғамдық сана біркелкі емес, бірен-саран сайлаушылар елдегі жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалардың баяу жүргізіліп жатқанын айтып, әсіресе базарлар мен дүкендердегі бағаның өсуіне, еңбекақының өсіру, инфляцияға сай еместігіне реніш білдірді.

Сайлауалды үгіт барысында сайлаушылардың саяси белсенділігінің артқанын, өз ойларын ашық айтуға, елде жүргізіліп жатқан «Жаңа Қазақстан» бағдарламасымен таныс екендігін, Президенттікке үміткер Қ.Ж.Тоқаевты    «Елдің болашағын сеніп тапсыруға болатын тұлға» ретінде сенетіндіктерін және толық қолдайтынын байқадым.

Интернет жүйесін де пайдаланып, фейсбук парақшасында және жеке Ютуб видеопарақшаларын пайдаланып, 50-ден астам үгіт материалын салдым.

Төртіншіден, өзімнің сенім білдірген адам ретінде ғана емес, сайлаушы ретінде дауыс беруге барған Жәутіков атындағы физика-математика атындағы мектепте орналасқан №368 сайлау учаскесінде 20 қараша күні таңғы сағат 6.00 ден түнгі сағат 22.00-ге дейін бақылаушы ретінде отырдым. Жас сайлаушылармен бірге ең алғашқылардың қатарында даусымды бердім, сайлаушылардың белсенділігін байқадым. Бірнеше «Жастар үні», «Студенттер альянсы» тағы басқа да ұйымдар мен «Amanat» партиясының атынан және ТМД елдеріне бақылаушылар келіп, сайлаудың белсенді өтіп жатқанын өз көздерімен көрді. «Студенттер альянсы», «Әділ атлас» қоғамдық ұйымының бақылаушылары, менімен бірге сайлау қорытындысы толық белгілі болғанша, сағат 22.00-ге дейін бақыладық, ондағы мақсатымыз  сайлаудың толық әділ өтуін бақылау еді. Шын мәнінде сайлау комиссия­сы өңкей жастардан құралса да, сайлау заңдарын толық сақтағандарына риза болдық.

368-ші сайлау учаскесінде кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сайлау­шылардың  85,3 пайыздан астамы қолдап дауыс берді. Басқа кандидаттарға дауыс беру 0,3 пайыздан 1,8 пайызға дейін ғана болды. Оппозициялық ЖСДП партиясының кандидаты Нұрлан Әуесбаевқа 0,3 пайыз ғана жинап, қарапайым халық оларға сенбейтіндіктерін көрсетті. Халық бұқарасы елден тысқары жүрген оппозиция өкілдері және өз еліміздегі оппозиция серкелерінің елдегі демократиялық өзгерістердің бастамасын, саяси реформалардың алғашқы жемісін көрсе де, көрмейтінін түсіне бастады.  Мынау аласапыран жаһандық тұрақсыздық жағдайда, бейбіт өмірімізге зиян тигізетін митинг немесе байкот жасау­ға қарсы үгітінен шаршады. Сондықтан оппозициядан ұсынылған үміткер өте төмен дауыс жинады. Биылғы жылдың сайлау бюллетеніндегі бір ерекшелік «Бәріне қарсымын» деген белгі енгізілген болатын. Бұл белгінің болуы демократияның тағы бір көрінісі еді. Біздің сайлау учаскемізде «Бәріне қарсымын» деп сайлаушылардың 6 пайызы ғана болды.

Барша қазақстандықтардың 69,4 пайыздан астамы сайлау­ға қатысып, Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа 81,3 ­пай­ыз құрайтын сайлаушылар қолдап, дауысын берді. Бұл – біздің қазақстандықтардың «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын қолдап, еліміздің жарқын болашағы болатынына сенім білдіргені. Демократияны желеу еткен, біздің тәуелсіз еліміздің еркін дамуына кедергі келтіруге тырысатын, кейбір сыртқы қарсыластарымыз Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметтеріне күмән тудырғысы келеді, бірақ та шетелден келген, өз көзімен сайлауды бақылаушылар, кезектен тыс өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың жоғарғы деңгейде белсенділік танытқанын, сайлаудың заң аясында, халықаралық стандартқа сай өткенін бағалады. Бұрынғыдай сайлаушылардың белсенділігі 90 пайыздан асып, үміткер 95-98 пайыз дауыс жинайтындай сайлаудың келмеске кеткенін, шынайы демократияның Әділетті Қазақстанда болатыны дүние жүзіне паш етілді.

Халқымыздың бірлігін нығайтып, Президентіміз ­Қасым-Жомарт Кемелұлы ­Тоқаевтың маңына берік топтаса отырып, әрбір қазақстандық кәрі-жасы бар өзінің жеке бас адал еңбегімен, білімімен «Жаңа Қазақстан» құру жолында үлесін қосу міндеті тұр.

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ, ардагер ұстаз

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button