Мәдениет

Жаңа толқынның жырлары

Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №5 балалар кітапханасында ақын, аудармашы Нұрлан Әбілдиннің «В городе где» кітабы мен әнші, композитор, ақын Роза Әлқожаның «Кері ағыс» жыр жинағының таныстырылымы өтті.

[smartslider3 slider=2518]

Нұрланның әкесі Қалиақпар Әбілдин Арқа аймағына, Қара­ғанды жұртшылығына белгілі ақын, журналист еді. Он жыл аудандық «Жаңаарқа» газетінің бас редакторы болды. Осындай әкеден туған Нұрлан – ұлттың уызына жарып өскен азамат. Ақындық оған әке жағынан да, ана жағынан да дарыды. Нұрланның анасы Ақборық пен көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың шешесі Ақторсық туған апалы-сіңлі. Яғни Нұрлан мен Ғалым ақындар – туған бөле. Алайда Нұрлан орыс тілінде өлең жазып, әдеби аудармамен айналысады. Арқалы ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының, Төлеген Жаманов, Нәзира Бердалы сынды ақындардың өлеңдерін орысшалады. «В городе где» – оның тұңғыш кітабы. Ал халыққа әнші, композитор ретінде танымал Роза Әл­қожаның осыған дейін «Әл» атты жыр жинағы жарық көрген. «Кері ағыс» – екінші кітабы. Ақындардың жаңа кітаптары Алматыдағы «Aspan» баспасынан шықты. Оған ақын, аудармашы Ержан Алаштуған мұрындық болды. Қос авторды осы байланыстырып тұр.

Кітаптардың таныстырылымына белгілі ақындар, жалпы өлеңсүйер, өнерсүйер қауым, кітапхана оқырмандары қатыс­ты. Жыр жинақтардың тұсауын ақын, жазушы, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Орынбай Жанайдаров пен Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы кесті.

– Бүгін кітаптарын таныс­тырып жатқан қос ақынды әдебиеттің жаңа толқыны деп атауға болады. Нұрлан – модерн поэзияның өкілі. Оның әлемдік поэзиядан хабары бар екені байқалады. Өзім біраз қазақ ақынының өлеңдерін орыс тіліне аудардым. Нұрланды да ұлттық поэзия өкілдерін орыс тілді оқырмандарға танытуға шақырамын. Бұл істі қазақ поэзиясының игілігі үшін жасау керек, – деді Орынбай Жанайдаров.

Роза Әлқожа – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Біршама уақыт «Ақ жол Қазақстан» газетінде журналист болып жұмыс істеді. Одан кейін бірыңғай өнер жолына ауысты. Бірақ ақындық – оның екінші қанаты. Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова оған батасын да берген. Дәулеткерей Кәпұлы, Розаның курстасы, журналист Ержан Байтілес, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы кітап иесінің студенттік жылдарынан естеліктерді жаңғыртты.

Кітаптардың таныстырылымында авторлардың туысқандары, ақындар Танагөз Толқын­қызы, Рауан Қабидолдин, Айзада Рақымжанова, Жәнібек Әлиман, журналист, аудармашы Ернат Мэлсұлы авторларға жылы лебіздерін жеткізді. Белгілі әнші Сейіл Аяған, жас әнші, жыршы Күнсұлу Түрікпен ән салды. Жыр жинақтардың иелері мен қонақтар өлең оқыды. Роза Әлқожа өзінің авторлық туындыларын шырқады.

Ән-жырмен көркемделген кешті Нұр-Сұлтан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева түйіндеп, авторларға алғыс хат тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button