Жаңа үлгідегі көлік жүйелері қажет
Қалалар неғұрлым үлкен болса, соғұрлым жолаушылар үшін де, қоршаған орта үшін де әртүрлі және қауіпсіз жаңа типтегі көлік жүйелері қажет. Біздің еліміз әзірге қалалық мінсіз көлік жүйесін құру жолын енді бастап жатыр. Қазірдің өзінде Астана халқының саны 1,5 млн адамнан асты және жыл өткен сайын елордаға көшіп келгісі келетін азаматтар саны артуда. Тиісінше, көлік жүйесіне түсетін жүктеме де өседі. Осыған байланысты елдің көлік саласын дамыту мақсатында әр жылдары көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мен интеграциялаудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қабылданып, іске асты.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленіп, бекітілді. Бағдарлама міндеттерінің бірі – қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын арттыру, жайлылық пен қолжетімділікті жақсарту арқылы қоғамдық көлікті пайдалану үлесін ұлғайту. Мәселен, 2024 жылы Астанада 300-ден астам автобус желіге шықты. Екі жыл ішінде автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықты. Осылайша, қаланың автопаркі 45 пайызға жаңарды. Биыл қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайту жоспарлануда. Жолаушылардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру үшін автобустар жаңарып қана қоймай, олардың жұмысы жаңғыртылды, бейнебақылау жүйелері орнатылды, бұл жолаушылар үшін де қауіпсіздік деңгейін арттырды, ал контактісіз карталар мен смартфондар арқылы төлемдерді енгізу жолаушылардың көлікке тезірек отыруына мүмкіндік берді.
2024 жылы қалада автобустарда жол жүру құны 90 теңгеден 110 теңгеге дейін өсті. Себебі Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифі 2014 жылдың қыркүйегінен бері өзгермеген. Деректерге сәйкес, жолаушылардың 30 пайыздан астамы жол ақысын төлемейді, содан автобус парктері жыл сайын 4-5 млрд теңге қаржы жоғалтады, бұл – жеке автопарктерге автобустардың белгілі бір санын сатып алуға мүмкіндік беретін үлкен сома. Сонымен қатар бұл қаржы қала бюджетіне және тасымалдау қызметтері үшін тарифтердің өсуіне әсер етеді.
Көлік жүйесінің жұмысын жақсарта отырып, қала және жалпы ел билігі бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көліктің қоршаған ортаға әсерін азайту туралы ойлануы тиіс деп санаймын. Осыған байланысты Үкімет алдында елордада және өңірлерде көліктік жоспарлау мен жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, қалалық көлік жүйелерінің жұмыс істеу сапасын бағалау әдістемесін, халыққа көлік саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі жобалық шешімдерді модельдеу және оңтайландыру мәселелері бойынша маңызды міндет тұр.
Аделия Тухбатова,
Астана қалалық ҚХА журналистер клубының төрағасы