Қоғам

Жаңа үлгінің жетістігі

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті кәсіби мемлекеттік аппарат үшін білікті мамандарды іріктеу мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізді.

trudovoi-kodeks

Жиында Департамент басшылығы Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының маңыздылығына тоқталды.
– Бұл маңызды құжатта кәсіби мемлекеттік аппарат құруға баса назар аударылғаны белгілі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін биылғы жылдың басында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға қол қойылды. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, мемле­кеттік қызметкерлерге қойылар талап бұрынғысынан көп күшейді. Тестілеу бағдарламасы да біршама өзгерді. Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін тестілеуге 3218 адам қатысса, соның ішінде межелі мөлшерден асатын нәтиже жинағандары 1809 адамды құрады. Яғни, тестке қатысушылардың тек 56,2 пайызы ғана тиісті нәтижеге қол жеткізе алды. Дегенмен, тест арқылы білім-білігін сынап, межелі мөлшерден аса алғандар саны 2015 жылмен салыстырғанда 1,3 есе өскен,  – деп атап кетті Департамент басшысының міндетін атқарушы Р.Тұңғышбаев.
Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан осы кезге дейін Астана қаласындағы мемлекеттік органдардағы тіркелген штат саны 3697 адамға жеткен. Соның ішінде саяси мемлекеттік лауазымда – 6, «А» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымда – 9, «Б» корпусында 3682 адам есепке алынған. Іс жүзіндегі жалпы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер саны – 3302.
Есепті мерзім ішінде елордадағы мемлекеттік органдарда 965 әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға 237 конкурс өткізілген. Бұл конкурстарға 1157 үміткер қатысып, өз бақтарын сынаған. Солардың ішінен 499-ы (51,7 пайызы) жеңімпаз танылып, лауазымды орынды иелену құқығына ие болған екен.
Жыл басынан бері жергілікті атқару органдарында мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін көтеруге 176 адам жатқызылған, соның 78-і арнайы оқудан өтіп келіп, жұмыс тиімділігін көрсете бастаған көрінеді. Ал 109 мемлекеттік қызметкер қайта даярлаудан өтуі тиіс болса, соның 59-ы қайта даярлау курстарын табысты аяқтап шыққан.
– Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі енгізілуі өз кезегінде мемлекеттік жүйеге кәсіби білім-білігі жоғары, өз міндетін сапалы атқара алатын мамандар тартуға, осындай кадрлар құрамын қалыптастыруға септеседі. Жаңа үлгінің шарты бойынша мемлекеттік қызметке үш іріктеу кезеңі арқылы алынады. Ең соңында конкурстық комиссияның шешімімен іріктеу жүргізіледі. Конкурстардың 1 және 2 кезеңі ең бірінші сол мемлекеттік органның өз ішінде жүргізіледі. Ал жалпы конкурс азаматтарымызға мемлекеттік қызметке орналасуға жол ашады. Бұл жүйенің айқындылығын және ашықтығын қамтамасыз етеді. Осы реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен кәсіби деңгейін көтеру, лайықты еңбекақы жүйесін қалыптастырып, қызметкерлердің мансап бойынша жоғарылауына жол ашу, жемқорлық құқық бұзушылықтардың төмендеуін қамтамасыз етіп, тұрғындардың мемлекеттік органдардың өкілдеріне деген сенімін арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің саяси және экономикалық көрсеткіші жақсара түсуіне айтарлықтай ықпалын тигізеді. Қызметкерлерге лайықты еңбекақы деңгейін тағайындап, оларға бонус түріндегі көтермелеулер көрсету қызметкерлерді нәтижелі жұмыс жасауға ынталандырады, жалпы орган ішінде жұмысқа деген ынта-ықыласты арттырады. Бонустар тек қана тиімділігі жоғары мемлекеттік қыз­меткерлерге тағайындалады, – деп түсін­дірді Р.Тұңғышбаев.
Жиын соңында аталмыш Департамент қызметкерлері қатысушылардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, жаңа үлгіге қатысты өзара пікір алмасты.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button