Қоғам

Жаңа заманға – жаңа технология

Ұлттық қауіпсіздіктің бірден-бір кепілі Қорғаныс саласы екені анық. Бұл ретте Қарулы күштердің қуатын арттыру және әскери қызметшілердің біліктілігін көтеруге ерекше маңыз берілуге тиіс. Елорда түбінде орналасқан «Қазақстан Аселсан инжиниринг» біріккен кәсіпорынның делегациясы жақында Түркиядан олжалы оралды. Биылғы жылдан бастап аталған кәсіпорында қазақстандық күштік құрылымдар үшін қазіргі заманғы DMR Tier III байланыс құралын шығару қолға алынбақ. Түркиялық Aselsan компаниясы қазірдің өзінде осы байланыс құралдарын өндірудің технологиясын бізге беруге әзір. Технологияны трансферт жасау аясында техникалық қолдау көрсету мен қазақстандық мамандарды оқытып, даярлау да қарастырылған.

[smartslider3 slider=2235]

Жалпы бұл бірлес­кен кәсіпорынның тарихы 2010 жылдан басталады. Сол жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы мемлекет басшыларының кездесуі барысында біздің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін электронды-оптикалық өнім шығаратын бірлескен кәсіпорын құру туралы шешім қабылданған болатын. 2012 жылдың мамыр айында жалпы ауданы 8500 шаршы метрді құрайтын зауыт ғимаратының құрылысы басталып, ол 2013 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.

Осы уақыт ішінде аталмыш зауыт отандық қорғаныс өнеркәсібі саласында өзінің лайықты орнын алды. Кәсіпорын түнде көру құрылғыларын (монокль, бинокль, нысананы көздеу), термобейнелеу құрылғыларын, барлау құрылғыларын, жердегі нысаналарды жарықтандыруға арналған лазерлік  көздеудің портативті жүйелерін, қашықтан басқарылатын тұрақты жауынгерлік модульдер, кәсіби байланыс құралдарын, электрондық платалар мен инфрақызыл линзаларды және басқа да өнімдерді шығарады.

Бұл Қазақстан Республикасында теңдесі жоқ бірегей және жоғары технологиялық инвестициялық жоба болып табылады. Кәсіпорын шығаратын өнімдеріндегі жергілікті қамтудың жалпы үлес салмағы шамамен 58 пайызды құрайды. Негізі қаланған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін зауыт Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қажеттіліктері үшін 12 000-ға жуық отандық электронды-оптикалық аспаптарды жеткізді. Қазіргі таңда электронды-оптикалық аспаптардың жаңа заманауи түрлерін шығару бағытында жұмыс жасалуда.

2017 жылдан бастап AРСO-25 стандартындағы радиостанция­ларды шығару технологиясын игеріп, сол өнімдерін өндіруге кірісті. 2017-2019 жылдар аралығында әскерлерге 5000-нан астам осы тектес радиостанция қойылды. Қазақстан Республикасының күштік құрылымдарын жарақтандырудың 2020-2030 жылдарға арналған жоспарына сәйкес осы байланыс құралдарына деген белгілі дәрежеде қажеттілік бар.

Сондай-ақ кәсіпорын «САРП» (НСВТ пулеметімен) және «САРП-С» (біріктірілген НСВТ/ПКТ пулеметтерімен) қару-жарақ жүйесін шығаруды игерді. Бұл жүйелер «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» зауытымен бірге «Арлан» бронды машинасына қондырылды. Барлығы осындай 114 жауынгерлік модуль әскерлерге жеткізілді. Радиоэлектронды күрес құралдарын шығару бағытында да табысты жұмыстар атқарылып, қазір сол құралдармен күштік құрылымдар қамтамасыз етілуде.

Зауыт азаматтық мақсаттағы өнімдерді де шығаруды қолға алды. Бұған 2020 жылғы еліміздегі коронавирустық індеттен туындаған эпидемиологиялық жағдай себепші болды. Өкпені жасанды желдету құрылғыларының жетіспеушілігі тұсында зауыт қысқа мерзімде қазіргі заманғы «Биовент» стационарлық аппаратын елімізде шығару ісін игерді. ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігімен жасалған шарттың негізінде еліміздің 14 облысы мен 3 қаласындағы 297 ауруханаға 1500 өкпені жасанды желдету құрылғыларының жиынтығы жеткізілді.

Бірлескен кәсіпорын 2013-2021 жылдар аралығында жалпы сомасы 51 млрд теңгені құрайтын өнімдерді шығарып, тұтынушыға жеткізген екен. Елордада 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашып, мемлекет қазынасына 6,5 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Бүгінгі таңда бұл жобаның жалпы инвестиция көлемі 7 млрд теңгені құрайды.

 «Біздің зауыт жаңа техно­логия­ларды игеруде елімізде алдыңғы қатарда келеді деп ойлаймын. Кәсіпорында, негізінен, жергілікті жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Оларды оқытып, білімін жетілдіруге де жете көңіл бөліп отырмыз» дейді «Қазақстан Аселсан инжиниринг» кәсіпорны директорының орынбасары Рауан Демесінов.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button