Жаңа жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылады
Жаңа жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылмақ. Оған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатыса алады, деді ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков. Оның айтуынша, биыл Үкімет 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын қабылдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Жақында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатыса алатын жаңа жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылады. Олар 5% мөлшерлемемен несиелерді отандық шикізат сатып алу үшін пайдалана алады. Қазіргі уақытта осы мақсаттарға 30 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылуда», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
2025 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектісі субсидия алуға өтінім бермей, бірден арзанырақ несие алуға мүмкіндік ашылып, қаржы институттарын тікелей субсидиялау басталады. Бұл бағыт өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражатын алу үшін сынақтан өткізілуде.