Білім

ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында: «2015 жылға қарай білім беру мекемелерінің жартысы электронды оқытуды пайдаланатын болады. Ал, 2020 жылға қарай ол тоқсан пайызға артуы тиіс» деген болатын. Осы тапсырма негізінде елімізде 2011-2012 жылдары 44 мектепте электронды пилоттық жобаны жүргізу ісі басталып кетті. Заманауи үлгідегі мектепте жастарға білім мен тәрбие беру қалай ұштастырылуда деген сауалды алға тартып, әлгі тізімге енген білім ордасының бірі Астанадағы №48 лицейге ат басын бұрдық.

 

2011-2012 оқу жылынан «Жетістіктер мектебі» атты 5 жылдық бағдарлама қолға алына бастапты. Мұнда 3 республикалық дәрежедегі экс­перимент жүргізілуде. Оның бірі – бастауыш сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту. Екіншісі, үш тілде қатар оқыту, яғни, жаратылыстану пәнін қазақша, орысша, ағылшынша оқиды. Ал, үшіншісі – E-learning (электронды оқыту) бағдарламасы. «Электрон­ды оқыту» дегенді естігенде, қағаз-қаламды біржола көрмеге қоятын күн жақындап қалғандай елестеді. Ол бала­ларды жазу-сызудан алшақтату емес пе деген де ой келді. Бірақ, бұл әдістің зияны болмайды екен. Ол – электронды тақта ғана. Бұл тәсіл мұғалімнің сабақ жүргізуіне ыңғайлы.

Бұрынғыдай тақтаға кесте сызып жатпай, дайындап келген электронды схема­сын ашып жіберіп, сабағын түсіндіре береді. Екіншіден, уақыт үнемдейді. Балаларға көбірек көңіл бөлінеді.

«Электронды оқыту жүйесі әлі жетілмегеніне қарамастан, бүгінде ол мектеп үшін көп нәрсе беріп отыр. Осы бағдарламаны іске асыру үшін мұғалімдер құрамы түгелдей компьютерді меңгерді. Флипчартта жұмыс жасау­ды, ғаламторды пайдаланып, ақпарат алуды, сабақтарға слайд-презентациялар дайындауға үйренді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2010 жылы компьютер техни­касымен жұмыс жасауды педагогикалық ұжымның жар­тысынан көбі білмейтін еді», – дейді мектеп директоры Зәуре Садықова.

Сондай-ақ, бұл білім ор­дасына Фин мемлекетінің тәжірибесі қолданысқа енгелі тұр. Ол – оқушының жеке құжат рөлін атқаратын смарт-карта. Онда оқушының барлық биометриялық мәліметі (аты-жөні, жасы, қан тобы), әке-шешесінің мәліметтері, оқитын мектебі жазылып тұрады. Бірте-бірте бұл микропроцессорлық картамен жолақысын және мектеп асханасындағы ауқатын тағы да басқа қызметтерді төлеуге мүмкіндік жаса­лады. Ерекшелігі, мектеп кіреберісіне орнатылған тур­никеттен өткен уақытта ата-аналарға баласының мектепке кірген-шыққаны жайлы «смс-хабар» жіберіледі. Осы арқылы баланың басқан ізі ата-ана бақылауында болмақ.

Мектепте 2011 жылдан бас-тап «Халық ұжымы» аталы­мын иеленген «Шашу» би ансамблі жұмыс істеуде. Оған 120-ға жуық бала қатысады. Ал, «Отбасы оқырман клубы» оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатында ұйымдастырылған. Мұнда балалар кез келген әдеби кітапты отбасымен бірге оқып, оны клуб мүшелерінің алдында талқыға салады. Со­нымен қатар, «Қызғалдақ» қыздар клубы, «Домбыра-дас-тан» вокалды домбырашы­лар студиясы, хор, драмалық клуб, түрлі дебат клубтары бар. Жетістіктері де жаман емес. Балаларға күнделікті жаттығу есебінде «Қара жорға» биін билету дәстүрге айналған. Үзіліс кезінде әр сынып оқушылары кезектесіп келіп, дәлізге қаз-қатар тізіле билейді. Мұның бәрі ұлттық мәдениетті ұлықтауға арналған шара болып есептеледі.

Бұл мектептегі ұстаздар Тәуіржан Рахат, Амантай Жұмашев, Болат Ыбраевтар ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған екен. Мек­теп басшысы Зәуре апайдың айтуынша, оқушыға барлық жағдай жасалған. «Бір ғана нәрсе жетіспеуі мүмкін, ол – жүрегі мектеп деп соғатын ұстаз. Одан басқасы түгел бар. Адам – нәзік жүректі, терең білімді, қиындықтан қорықпайтын, төзімді болса, сонда ғана ұстаз бола алады», – дейді ол.

Насихат СПАНДИЯРҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button