Жаңа жұмыс орны ашылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек тамақ өнеркәсібін, логистиканы, сауданы және т.б. дамытатын жаңа әрі салынып жатқан кәсіпорындарды аралап шықты. Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Instagram парақшасында жазды.
Азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты елордада бірқатар іс-шаралар жүзеге асып жатқанын жеткізген әкім Астананың Сарайшық және Байқоңыр аудандарындағы кәсіпорындар кешендерінің жұмысымен танысты.
«Қаламызда азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізетін кәсіпорындар ашуды ары қарай жалғастырамыз. Бүгін тамақ өнеркәсібін, логистиканы, сауданы және т.б. дамытатын жаңа әрі салынып жатқан кәсіпорындарды аралап шықтым. Алдымен Сарайшық ауданындағы «RnR Group» ЖШС кәсіпорындар кешенінің жұмысымен таныстым. Ол – тәулігіне 25 тонна өнім шығаратын нан зауыты және көкөніс қоймасы (6 мың тонна). 2026 жылы тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін зауыт ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаға тартылған жеке инвестициялар сомасы 8,1 млрд теңгені құрады. Қазірдің өзінде 250-ге жуық жұмыс орны ашылды» деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, елорда басшысы Байқоңыр ауданындағы заманауи көкөніс қоймасына барды.
– Байқоңыр ауданындағы «SAIANUR VIP-SERVIS» ЖШС заманауи көкөніс қоймасының инвестиция сомасы – 1,8 млрд теңге, мұнда 200 жұмыс орны ашылды. 8 мың тонна көкөніс қоймасы жеміс пен көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Биыл жеке инвестициялар есебінен Сарайшық ауданында «Технодом» («ОРПТ» АҚ) дүкендер желісінің орталық қоймасын ашу жоспарланып отыр. Жобаға тартылған инвестиция 11,1 млрд теңгені құрайды, сол сияқты 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ, – деді қала әкімі.
Мәселен, былтыр қалада 49 инвестициялық жоба қолданысқа берілді. Бұл 301 млрд теңге көлемінде жеке қаржы тартуға және 4 мың 100 жұмыс орнын ашуға септігін тигізді.
«Биыл тағы 55 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялық штабтарда қаламыз бен тұрғындарымыз үшін маңызды жобаларға қолдау білдіреміз. Біз әр жобаны жеке-жеке қарастырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз» деп жазды Жеңіс Қасымбек.