#Жаңа Қазақстан

Жаңа жыл ел мен жерге құт әкелсін!

Келе жатқан Жаңа жыл адамзатқа және менің туған халқыма қайырлы жыл болсын! Адам баласы бақытты болу үшін ғұмыр бақи күреседі. Бәлкім, бақыт іздеу жолында жүйрік те, жорға да сүрінер. Менің елім де талай қиындықты бастан өткерді. Тағдырында тарихтың ақтаңдақтары бар. Халқының мұңы мен шерін қай кезеңде де ақын-жазушылары жазды.

Күйреген рухты қайта түлетіп, жаңғыртып отырған қазақтың зиялы қайраткерлері, ақын-жазушылары, ғалымдары ортақ мүдде жолында азаттық үшін күресіп келді. Сөз бастап, әрекет жасады, басын бәйгеге тігіп, құрбан болды. Осының нәтижесі ұлтының рухын тірілтті, мәңгілікке қызмет етті. Бүгінде ел болып, ес жиған қазақты көргенде тәуба дейміз. Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ. «Өзің – өлтірмес, жат – жарылқамас» дегеннен туған ой. Алла өмір берсе, мен биыл тоқсан жасқа келеді екенмін. Бұл жасқа Әулие ата өңіріне есімі мәшһүр болған өз атам Әшім дамолла да жетпеген екен. Алғашқылардың бірі болып Бұхарада діни семинарияны бітіріп келіп, елге бес мешіт салдырып, балалардың сауатын ашып, ұлттың руханиятына қызмет етіп өтті. Сөйткен Әшім дамолла да сексен үш жасында дүниеден озған. Әкем елу төрт қана жас жасады. Орынборда білім алып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Ағартушылық саласында басшылық қызметтерде болды. Анам алпыс жеті жасында дүниеден озды. Мұны айтып отырғаным: «Өлінің тіріден де тірісі болады. Тірінің өліден гөрі өлісі болады» дейді. Адамның ұлтына жасаған еңбегі мен артындағы ісі өлмеуі керек. Кейінгіге айтар сөз көп сияқты, бірақ кейінгінің ақылы кем, білместігі мол деп айту да ағаттық болар еді. Жастар – қоғамның белсенді мүшесі. Олар – өз заманының тұлғалары. Мен де, Мағжан ақын айтқандай, жастарға сенемін, үміт артамын. Бірақ «иен далада жанған оттай шалқи берудің жөні жоқ». Оттың жылуы елге пайдасын тигізуі керек. Еліміз жаңа сананың, жаңарған қоғамның кезеңінде тұр. Өмір болған соң өкініш те, қуаныш та алма-кезек. Бұл – заңдылық. Мен халқымның бақытты ұлт болғанын тілеймін. Осы жолда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әділетті жолды таңдағанына қуанамын әрі қолдаймын. Халқымыз өз Президентіне қашан да қолдау көрсетіп, сенім артқан. Жаратқан ием елді сергелдеңнен сақтағай. Халқымыздың арман-мақсаты орындалар күн алыс емес. Халық кейде саясатқа біржақты ғана қарайтындай. Саясат өрмекшінің құрған торы іспетті. Шырғалаңнан шығар жолды кез келген жолаушы таба бермейді. Даңғыл жолды, бақыт әкелетін жолды, соғыссыз, бейбіт жолды таңдау да екінің біріне емес, нағыз білімдар, қаһарман қолбасшыға ғана көрінер. Біз сондай тұлғаны таңдадық, сенім арттық. Енді оның ойымен, ұстанымымен келіспеуге хақымыз жоқ. Елін дағдарыстан, күйзелістен сақтау үшін барын салатын жанкешті Мемлекет басшысына бақыт тілеймін. Ол өз халқының тәуелсіздігімен ғана бақытты бола алады. Мен де сіздермен бірге ұлы бастамалардың өз мәресіне жетуін тіледім. Осы жолда елімнің береке-бірлігі мен татулығын тілеймін! Әумин!

Әкім ТАРАЗИ,

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button