Жаңалықтар

ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАНАРЫҢЫЗҒА АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

8568

Басқаны қайдам, біздегі Жаңа жыл мерекесін қытайлар асыға күтетін шығар-ау. Осы мейрамда қыр астындағы көршілеріміз пиротехникалық өнімдерден миллиардтаған пайда түсіреді екен.

Жалпы қытайлар жарылғыш, жалтылдағыш, от шашқыш ойындарға құмар келеді. Пиротехникалық өнімдерін сан құбылтып шығарып жатқанының өзі соны аңғартса керек. Небір атылғыш заттарды ойлап тапқан шығыстағы көршіміз жақында иттің тұмсығында жарылатын торсылдақты «қолданысқа енгізді». Бүгінге дейін қанша иттің езуі тілініп, мұрны бұзылғанын қытайлардың өздері ғана білетін шығар. Айтпағымыз, бұл – емес. Жаңа жыл жақындаған сайын бенгал оттары,  петарда, зымыран, вулкан секілді алуан түрлі пиротехникалық шартылдақтардың саудасы қыза түседі. Әсіресе, базарларда бей-берекет сатылады. Бағасы арзан, жас та, жасамыс та сатып ала беретін мұндай от шашуларды сатып алар кезде абай болыңыз. Жаңа жыл мерекесі кезінде осындай пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбаудан талай адам ауруханаға түсіп жатады. Тіпті, қайтыс болған деректер де жоқ емес. Мысалы, былтырғы жаңа жылда қызылордалық бір тұрғынның аяғына от шашудың ұшқыны түсіп, қан тоқтамауы кесірінен арыстай азамат көз жұмды. Тағы бір жас жігіт петарда атамын деп, көз жанарынан айырылды. Енді бірі қолсыз қалды. Қытайдың пиротехникалық заттарынан мүгедек болған, күйік шалған, мертіккен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл өнімдердің құрамында тез жанғыш зат пен тотықты қоспалар болғандықтан, қолданылу ережесін қатаң сақтамаса өмірге қауіпті. Әп-сәтте мүгедек болып, құлақсыз, мұрынсыз, көзсіз қалуыңыз да ғажап емес. А егер жаңа жылда қатты от шашқыңыз келіп бара жатса, онда тым болмаса пиротехникалық бұйымдарды үлкен сауда орталықтарынан сатып алуға әдеттеніңіз. Арнайы сертификаты бар бұйым өнімнің сапасын ғана емес, адам денсаулығына қауіпсіздігін де білдіретінін есіңізге ұстағаныңыз жөн.

Әрі-беріден соң, кәдеге жарамай қалған қиқым-сиқымдардан жасалған қытайдың жалтылдақ жарылғыш ойындарын пайдаланып не керек? Жалт-жұлт еткен от шашусыз-ақ мерекені әдемі өткізуге болады емес пе? Ал от шашып, салют атуды кәсіби мамандарға қалдырғанымыз дұрыс.

  Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button