Карантин

Жаңа жылды үйде қарсы аламыз

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты әкімдіктің баспасөз маслихатында бас санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева баяндама жасады.

Қазіргі уақытқа дейін қалада вирус жұқтырған 17972 жағдай тіркелді. Оның ішінде 16465 науқас немесе 92 пайызы емделіп шықты. 1151 адам стационарлық және амбулаториялық емдеу қабылдап жатыр. Бүгінге дейін 359 адам (1,9 пайыз) осы инфекциядан қайтыс болды. Тәулігіне барлығы 3712 зерттеу жүргізілген. «Карантиндік шектеу шараларының нәтижесінде аурушаңдықтың төмендеуі байқалды. Осының арқасында қала «жасыл» аймаққа ауысты. Дегенмен 22 желтоқсаннан бастап «сары» аймаққа қайта көшті. Қазіргі уақытта елорда «сары» аймақта тұр» деді Жанна Пірәлиева.

Сондай-ақ бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, жаңа жылдық ертеңгіліктерге, корпоративтерге және тойлауға арналған басқа да мерекелік іс-шараларға тыйым салынады. Мобильді топтар күшейтілген режимде санитарлық нормалардың сақталуын бақылайтын рейдтер жүргізуді жалғас­тыратын болады. Тәртіп бұзушылар жауапқа тартылады. Брифингте Жанна Пірәлиева қала тұрғындарын жаңа жылды үйде қарсы алуға және санитарлық қауіпсіздік шараларын ұмытпауға шақырды.
Сонымен қатар бас санитарлық дәрігер бизнестің жаңа жұмыс режимі туралы айтты. Атап айтқанда, сауда алаңы 2 мың шаршы метрден асатын тамақ өнімдерін сататын гипермаркеттер мен супермаркеттер тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті. Сондай-ақ 26 желтоқсаннан бастап кинотеатрлар күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, орын санын 30 пайыздан асырмай ашылады.
Сөз арасында ведомство басшысы қоғамдық көлік құралдарының да жұмысына тоқталды. «Мереке күндері қоғамдық көліктер саны артады. Көліктерде соңғы аялдамада дезинфекциялық құралдармен салондарды өңдеу, барлық есіктерді ашу, жолаушыларға қолжетімді орындарда антисептигі бар санитайзерлерді орнату жағдайлары қатаң сақталады. Жүргізушілер мен тұрғындар бетперде режимін сақтай отырып, таңғы сағат 6-дан 23:00-ге дейін жұмыс істейді» деді Жанна Пірәлиева.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button