Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Жаңа жылдық шырша қашан шыққан?

Жаңа жылдық шыршаның тарихы мыңдаған жылдардың арғы жағынан басталады. Зерттеушілер оның алғашқы нұсқасы жаңа жылдық Әлем дарағы болғанын айтады. Көне замандарда ол бейбітшіліктің белгісі саналып, дүниетанымның орталығы іспеттес болған көрінеді. Сол дәуірлерде славян халықтары Әлем дарағы ретінде – қайың, ежелгі мысыр халқы – пальма, гректер – кипаристі, римдіктер – інжір, ал кельт тайпалары «омела» атты улы ақ жидек ағаштарын пайдаланыпты.Қазір жұрт арасында жаңа жылдық шыршаны «хрис­тиандарға ғана тән мереке» деген ұғым бар. Шын мәнінде, ол бұлай емес. Керек десеңіз, христиандардың Жаңа Өсиетінде «Христос Рож­дествосын тойлау» туралы бір ауыз сөз де жоқ. Тәуратта тек Құдай ұлының Иерусалимдегі Құлшылық орнына кірген кезінде оны халықтың құрма пальмасы бұтақтарын бұлғап қарсы алғаны ғана айтылады. Бұл деталь лулав пальма ағаштары пайдаланылатын Суккот мейрамын еске түсіреді. Суықтан пальма өспейтін славяндар тұратын өңірлерде мұндай қызметте қызыл тал қолданылған екен.
Аталмыш ағаштарды бе­зендіру дәстүрі тек орта ғасыр­ларда ғана қалыптасады. Ол қысқы күн мен түннің теңесетін шағы, жылдың ең қысқа күні – 2 желтоқсанға сәйкес келген. Ежелгі наным-сенімдерде бұл күн сонымен бірге Адам ата мен Хауа ананың өмірге келген уағы саналған. Сондықтан ескілікте осы күні үйлеріне жасыл желекті ағаштарды қырқып әкеліп, оларды қызыл түсті алмалармен безендіріп қоятын болған. Айтқандай, жұрт XV ғасырдан бастап қылқан жапырақты ағаштарды шыны шарлармен және басқа да ойыншықтармен безендіру үрдісі өмірге енген. Шамамен, осы уақытта шыршаны христиандар рождествоның символына айналдырады. Олар мұны дәл сол мезгілде Иисус Христос та дүниеге келген деген уәжбен енгізеді. Германияда кеңінен тараған аңызға қарағанда, рождестволық шыршаның қолданылу тарихы Әулие Бонифацийдің есімімен байланысты. Ол герман пұтқа табынушыларының құдайларында түк құдірет-күш жоқ екенін көрсету үшін «қасиетті Один емені» ағашын шауып тастайды. Бұған таңғалған германдарға ол құлап түскен еменнің түбіндегі шыршаны алып тойлауды ұсыныпты-мыс. Жазба деректер ең алғашқы рождестволық шыршаның XVI ғасырдың басында немістің Страсбург қаласында орнатылғанын алға тартады. Бірнеше жүзжылдықта бұл дәстүр бүкіл Еуропаға тарап үлгерді. Ал XIX ғасырдың басында мұхит асып, Америка құрлығына да жетті.
Жаңа жылдық шырша Руське Бірінші Петрдің арқасында тарады. Ол 1699 жылы Еуропа елдеріндегідей Христостың туған күнінен басталатын жаңа жыл санауға көшу туралы жарлық енгізді. Сөйтіп, 1700 жылға қарайтын 31 желтоқсан күні түнде алғаш рет жаңа жылдық дастарқан жа­йылып, отшашулар атылып, қызылды-жасылды безендірілген шыршаның жанында жаңа жылды қарсы алу дәстүрі қанат жайды.
Бірақ 1917 жылғы революциядан кейін біршама уақыт жаңа жылдық шыршаны буржуазияның сарқыншағы деп қабылдау қалыптасты. Осылайша ол біраз жылдар ұмытылып қалды. Дегенмен 1935 жылдың желтоқсанынан бастап ежелгі дәстүр қайта қолға алынды. Оның мынадай кішкентай тарихы бар. Кейін СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын Никита Хрущевтің естелігіне сү­йенсек, бір жолы Киев обкомының бірінші хатшысы Павел Постышев Мәскеуге келген бір сапарында бір машина ішінде келе жатқан кезін пайдаланып, Сталинге мынадай өтініш білдіреді: «Сталин жолдас, рождестволық шырша халыққа ұнап қалды, әсіресе, балаларды зор қуанышқа бөледі, сол жақсы дәстүр болар еді. Біз қазір оны айыптап жатырмыз. Балаларға шыр­шаны қайтарса қайтеді?». Сталин сөзге келместен оны қолдайды. «Сіз бастаманы өзіңіз қолға алыңыз, шыршаны балаларға қайтару жөнінде баспасөз бетінде ұсыныс білдіріңіз, біз сізді қолдаймыз» дейді көсем. Шынында, бәрі солай болып шығады. «Правда» газетінің 1935 жылғы 28 желтоқсандағы нөмірінде БКП(б) Орталық Комитеті сая­си бюросына кандидат П.Пос­тышев қол қойған шағын заметка шығып, ол осы мәселені көтереді. «Революцияға де­йінгі уақытта буржуазия мен шенеуніктер әрдайым Жаңа жылда өз балаларына шырша орнатты, – деп бастады ол. – Жұмысшылардың балалары шыршаның түрлі түсті оттары жарқыраған шыршалары мен байшыкештердің оның айналасында мәз-мейрам болып жүрген балаларына терезеден қызыға қарап тұрушы еді. Неге бізде мектептер, балалар үйлері, яслилер, балалар клубтары, пионерлер сарайлары Кеңес елі еңбекшілерінің балаларын осындай керемет нәрседен айырады? Әлдеқандай бір «солшыл» бұра тартушылардың балалар ойын-сауығын буржуазияның ермегі деп санағанына сеніп отыра береміз бе?». Автор заметкада сондай-ақ комсомол және пионер ұйымдарын шұғыл түрде Жаңа жыл қарсаңында балаларға арналған ұжымдық шырша ұйым­дастыруға шақырады. Міне, осылайша сол жылғы 31 желтоқсан күні бүкіл елде Жаңа жылды жаңаша қарсы алу шаралары жасалады.
Қазіргі таңда Жаңа жылға арналған шырша өзінің бұрынғы діни сипаттарынан арылған. Ол үлкен мен кішінің жаңа жылдағы атрибуты ретінде қабылданады. Бұл дәстүрді жерлерінде ешқашан қар жауып, қыс түспейтін мемлекеттер де іліп әкетті. Ұлыбританияда 1946 жылдан бастап 20 метрлік шырша орнату үрдісі қалыптасты. Ол Лондондағы Трафальгар алаңына қойылады. Шыршаны Норвегияның король әулеті жібереді. Римде шырша Әулие Петр алаңында бой көтереді. Нью-Йоркте 1931 жылдан бері шырша дәстүрлі түрде Рокфеллер-орталығы алдында тұрады. Ең бір өзгеше, суда жүзіп тұратын жасанды шырша ағашы бірнеше жылдан бері Рио-­де-Жанейродағы Лагоа көлінің үстіне жайғасып келеді. Оның биіктігі 85 метр болса, металл қондырғысының салмағы 530 тонна тартады. Ол кезінде әлемдегі ең үлкен суда жүзуші шырша ретінде Гиннесс рекордтар кітабына да енді. Ал жалпы ең үлкен шырша 2009 жылы Мехикода өмірге келді. Оның биіктігі 40 қабатты үйдің деңгейіне дейін жетіп, 110,35 ­метрге барды, диаметрі 35 метр болса, металл құрылғылары мен әшекейлерінің салмағы 330 тоннаны құрады. Ең қымбат шырша 2010 жылы Абу-Дабиде орнатылды. Ол алтын және күміс шарлармен, сондай-ақ қымбат тастары бар зергерлік бұйымдармен безендіріліп, жалпы сомасы 11,5 млн доллар тұрды.
Алайда жаһанда жаңа жылдық шырша тікпек тұрмақ, оны тойлауға тыйым салған елдер де баршылық. Мәселен, Сауд Арабиясы 2015 жылдан бері жергілікті халыққа Жаңа жылды тойлауға заң жүзінде рұқсат етпейді. Мұнда жаңа жылдың басы болып тек көктемгі күн мен түннің теңесетін уақыты – 21 наурыз саналады.
Бір таңғаларлығы, Из­раильде 1 қаңтар иудейлер үшін қасиетті күн болып саналатын сенбіге тура келіп қалмаса, кәдімгі күнделікті жұмыс күні болып есептеледі. Бұл елдің халқы жыл басы ретінде күзде, еврей күнтізбесі бойынша келетін тишре кезінде тойлайды. Ол не қыр­күйек, не қазан айына тура келіп қалып жатады. Иранда да ешқашан 1 қаңтар мереке күні болып тойланған емес.
Дегенмен қазіргі күндері әлемнің көптеген ірі шаһарларында жаңа жылды қарсы алуға дайындық қызу жүріп жатыр. Ол ең алдымен орталық алаңдарға шырша қоюдан басталады. Жаңа жылдық шырша біздің еліміздегі бас қалалармен бірге, барлық облыстар мен аудан орталықтарында да бой көтеріп келеді.

Расул
АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button