Жаңаарқалық ардагерлермен жылы жүздесу
Астана қаласы Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасы аясында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы ардагерлерімен кездесу өтті.
Кездесуді ашқан Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елорданың бес ауданында да Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылғанын айта келе, ашылу тарихымен, бағыттарымен таныстырды. Соның алғашқысы Есіл ауданындағы орталық болды.
– Астана қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен орталық ашылған уақыттан қарттар келе бастады. Қазір де келушілер саны толастамай жатыр. Адамдар бір-бірін тауып, достасып, спортпен айналысады. Соның ішінде шахмат, гимнастика, йога, ағылшын тілі, қазақ тілі, компьютер сауаттылығы, басқа да бағыттар ұйымдастырылды. Оның сыртында мәдени бағдарлама түзіліп, ардагерлер ансамбльдері, хорлар құрылды, – деді Сансызбай Есілов.
Оның айтуынша, Белсенді ұзақ өмір сұру орталығы ашылғалы қарттарға қатысты көп мәселе шешілді. Соның бірі – денсаулық сақтау мәселесі.
«Қала әкімдігіне қарасты 16 емхана бар. Сол емханаларда герантологиялық кабинет ашылды. Қарттарды ондағы терапевт қарсы алады. Қала әкімдігі тарапынан қарттарды қолдауға қатысты 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарлама жасалды. Бізде Қатаркөлде зейнеткерлерге арналған шипажай бар. Онда зейнеткерлер ақысының 25 пайызын ғана төлейді, қалғанын әкімдік төлеп береді. Бірақ былтыр қарттар тарапынан онда ешқандай ем жоқтығы жөнінде айтылды. Сондықтан астана зейнеткерлерін 20 пайыздық жеңілдікпен еліміздегі басқа да шипажайларға жіберу туралы мәселені көтердік. Қазір тағы 4 шипажайға жіберу мәселесі қаралып жатыр. Олар Түркістан, Павлодар, Қостанай облыстарында орналасқан. Жыл аяғына дейін бұл мәселе шешіліп қалуы тиіс» деді Сансызбай Есілов.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен кеңірек оның басшысы Мұхтар Еркетаев таныстырды. Оның сөзінше, екі жылдың ішінде орталыққа 12 мыңнан астам зейнеткер тіркелді. Қазір елорданың бес ауданын қосқанда күніне 1,5 мың адам келеді. Жалпы алғанда 25 қызмет көрсетіледі. Республика бойынша орташа өмір сүру жасы 74,4 жас болса, Астанада – 75 жас. Мақсат – астаналықтардың орташа өмір сүру жасын одан әрі де көтеру.
Астана қаласы Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин осы аудандағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысына тоқталды. «Ардагерлер туралы» заңның бір олқылығын айтып өтті.
«Осы заңда облыстық, қалалық, аудандық Ардагерлер кеңестерінің қаражаты мәселесі шешілмеген. Тиісті деңгейдегі әкім қолдаса қолдады, болмаса, ол да жоқ. Әкімдердің ауыса беретіні бар, орнына келетін адам қолдай ма, қолдамай ма белгісіз. Арасында ардагерлердің мерейтойлары болып тұрады. Оларға құрмет көрсету үшін кейде жеке азаматтардан көмек сұрап жатамыз» деді Марат Мұстафин.
Жаңаарқа ауданынан Астанаға 15 шақты ардагер келді. Арасында ауданның абыз ақсақалы, 90 жасар Жаролла Шайхин бар. Оларды бастап келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әбжанов жұмыстарына тоқталып, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын Жаңаарқада да ашуды ойластырғандарын, тәжірибе алу мақсатында елордаға келгендерін атап өтті. Құшақ жайып қарсы алған Астана қаласы Ардагерлер кеңесіне ризашылығын айтты. Бірқатар басшылық қызметтерді атқарған Мұхаметқасым Жәкенов жылы лебізін жеткізді. Жаңаарқадан келген тағы бір азамат, аты аңызға айналған гитарашы Қорабай Есенов қонақкәде ретінде «Жас қалам» және «Қоштасу» әндерін салды. Ауылдың алты ауызы ретінде елорданың Алматы ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Әдемі» ардагерлер ансамблінің мүшесі Ибрагим Әлімбаев Үлебайдың «Дудар-ай» әнін шырқады. Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің атынан қонақтарға алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ