Мәдениет

Жаңалыққа жаны құштар

Өнерге құштарлығымен, театрға деген махаббатымен көзге түсіп жүрген аруларымыздың бірегейі – театр ­режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиева. 50 жас мерейтойына абыроймен жетіп отырған ол талай белесті бағындырды. Оның шығармашылығы өнердегі өзінің ерекше қолтаңбасымен, жаңашылдығымен, заманауи формалар мен стиль әкелумен ерекшеленеді.

Гүлсина Мирғалиева Т.Жүргенов атындағы Мемлекеттік театр және кино институтының «драма режиссурасы» мамандығының қазақ бөлімінде білім алды. Самара облысында дүниеге келген қыз қазақ тілін еркін білмесе де, шамасы келгенше талпынып үйреніп, жоғары оқу орнына келгенде ұстазы Қазақстанның халық әртісі, профессор Маман Байсеркеұлының шеберханасына түседі. «Асқар Тоқпановтың тоқпағы» деген сияқты ұстазының режиссерлік әдістемесінен өз шеберлігін арттыра түседі. Оқу оңай болмады, 5 жылдың ішінде 16 студенттен 5 шәкірт қана диплом алды.

Гүлсина ­Бақытжанқызы 2000 жылы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыс­тық қазақ музыкалық драма ­театрында бас режиссер болып жұмыс істеген. Бұл театрда қойған ­Н.Гогольдің «Ревизор» комедия­сы негізінде «Конвейер» деген композициялық қойылымы 2001 жылы Алматы қаласында өткен шағын комедиялардың І республикалық ­театр блиц-фестивалінде жеңіске жетіп, Каир қаласында халықаралық эксперименттік театр фестиваліне қатысты.

2002 жылы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыс­тық қазақ музыкалық драма ­театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері болып тағайындалады. Н.Жантөрин театры – Қазақстанда жас ­театр болса да, арқалап жүрген жүгі ауыр, беделді театрларымыздың бірі. Сол кезде театрдың директоры болған ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұханов – театрдың биік белестен көрінуіне атсалысып келе жатқан белгілі тұлға. Кез келген фестиваль, гастрольге театрды бастап шығып, театр ұжымымен көптеген жүлдені қанжығасына байлады. Гүлсина екеуі театрдың «барометрі» іспеттес өнер ошағын алға жылжытты.

Режиссурадағы табысты еңбектерімен көзге түскен Гүлсина 2006 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Әртүрлі бағыттағы жанрларға бара алатынын паш етті. Мысалы, «Перзентхана» қойылымында нәзік жанды аруларымыз арқылы әлеуметтік тақырыптарды ашып айтудан тартынбаған. Бұл қойылым бүгін өте өзекті, сахнадағы әйелдердің отбасындағы түрлі мәселені көтеріп, әр әйелдің басындағы жағдайлар көрермендердің көңілін босатып, бала қадірін, әйелдердің жан дүниесін ашатын көркем спектакльге айналған.

Гүлсинаның бір ерекшелігі, қандай спектакль алса да, оған жан бітіріп түрлендіре алады.

Орал қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ рес­публикалық театрлар фестивалінде Б.Беделханұлының «Махамбет» поэтикалық драмасының қоюшы режиссері Гүлсина Мирғалиева «Режиссерлік ізденісі үшін» аталымы бойынша лауреат атанды.

Ізінше қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының отыз сегізінші қара сөзінің негізінде қо­йылған «38 немесе Қарақұрт» атты эклектикалық жанрда қойған спектаклі театр сахнасының төрінен берік орын алды, театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінің жоғары бағасына ие болды.

Гүлсина ұлттық шығармалар мен әлемдік көркем туындыларды да театр сахнасына ерекше интерпретация­мен сахналап, «Жаңа драма» бағытында да өзінің қолтаңбасымен танылып жүр. Атап айт­қанда, А.Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» шағын трагедия­сы, М.Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» эклектикасы, ­Т.Уильямстың «Арман трамвайы» драмасы, Стефан Цвейгтің «Қорқыныш» («Страх») новелласының негізінде «Сатқындық» («Измена») деген атпен орыс тіліндегі сахналық нұсқасын жасаған. А.Володиннің «Қос жебе» драмасы, Ә.Кекілбайдың «Абылай хан», «Махаббат мұнарасы» драмасы, М.Әуезовтің «Қаракөз», «Қаралы сұлу», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С.Құдайбергеннің «Перзентхана», Н.Сау­данбекұлының «Әлиханның аманаты», А.Чеховтың «Шағала», М.Байджиевтің «Іздедім сені», У.Шекспирдің «Гамлет», Г.Гориннің «Геростратты ұмыту» атты пьесасы Қ.Төлеуішовтің аудармасымен «Атың өшсін…» деген атпен қойылды. С.Цвейгтің «Амок» новелласының негізінде түзілген «Зілзала», А.Камюдің «Калигула» трагедиясын сахналаған.

Спектакльдерге тән ортақ белгі – сахналық ойды жеткізудің айрықша жанрда, жаңаша стильде, бөлек қалыпта берілуі. Гүлсина Бақытжанқызы бір туындыда бірнеше шығарманың әр алуан элементін қолдана отырып, шебер үйлестіріп ұсына алады. Бұл спектакльдерде айтылған мәселелер әлі күнге дейін өзегін жойған жоқ. Темпо-ритмі қарқынды дамитын әрекетке құрылуы да спектакльдің ұтымды шығуының дәлелі десе болады. Мәселен, театрдың 20 жылдық тарихында өзінің кәсіби ұстанымы мен шығармашылық әлеуетін нық сеніммен паш етіп келген ­Г.Мирғалиева өзінің ой-тұжырымын жеткізуде көбіне иллюстрация, коллаж әдісінде, яғни стиль жағынан қарама-қарсы өзгеше режиссуралық шешімде береді.

Гүлсина Мирғалиеваның көбіне дайын драматургия­лық материалдан гөрі күрделі әрі қызықты прозалық шығармаларды таңдап, инсценировкаға баруының өзін батылдық деп қабылдаймыз. Ол Жантөрин театрының репертуарлық сая­сатын өте сауатты құруымен танылды. Спектакльдің көркемдік деңгейі тікелей режиссерге байланысты. Тіпті актер мүмкіндігін де режиссердің ашатыны баршамызға белгілі. Бұл театр­да қойылған спектакльдерге ортақ тағы бір ерекшелік – қо­йылымның режиссерлік соны шешімінде, режиссерлік айрықша па­йымда ұсынылуында.

Дегенмен Гүлсина Мирғалиева сияқ­ты есімі өнер әлеміне танымал шығармашылық иесінің режиссер, тұлға ретінде жұмысына баға берумен қатар шығармашылық жан дүниесін ұғу оңайға соқпайды. Ол – қазақтан шыққан әйел режиссерлердің бірегейі. 2014 жылы А.Камюдің «Калигула» трагедия­сын сахналады. Бұл трагедияда режиссердің шешімімен Рим императоры Калигуланың тарихына сүйене отырып, қоғамды басқарған қаныпезер әміршілері халықты қанау синдромын зерттеу арқылы қарастырылған. Калигуладай адамдар кез келген елде тамырын тереңге жайып бара жатқаны – ауқымды мәселе. Жаңа қоғам орнатуды жоспарлаған Калигуланың теріс пиғылы мен түсінігінен туындаған жалғандық пен ұятсыздыққа белшесінен батқан құрылым қойылымға арқау болды.

2019 жылы режиссер Г.Мир­ғалиева австриялық белгілі жазушы Стефан Цвейгтің «Қорқыныш» («Страх») новелласының негізінде «Сатқындық» деген атпен орыс тіліндегі сахналық нұсқасын көрермен назарына ұсынды. Спектакльде бүгінде өзекті мәселенің бірі болып тұрған әйел мен ер арасындағы түсінбеушілік, сенімсіздік, сатқындық, опасыздық, қорқыныш сияқты өмірі бітпейтін мәселені моноспектакль жанрының қиындығына қарамастан бір актрисамен сәтті сахналап көрсете алған.

Режиссер Г.Гориннің «Геростратты ұмыту» пьесасын Қ.Төлеуішовтің аудармасымен «Атың өшсін…» атауымен қойды. Мұнда режиссер шығармадан қарқынды әрекетке құрылған қойылым жасаған. Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты комедиясы Жантөрин театрының сахнасында Г.Мирғалиеваның режиссурасымен 2019 жылдың көктемінде ұсынылды.

Гүлсина Бақытжанқызы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма ­театрына көркемдік жетекші болып келгенде М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясы сияқты ұлттық нақыштағы қойылымдарымен елорда театрында өзіндік көзқарасын білдіріп келеді. Режиссер сахналаған Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық драмасы да адамды өз-өзімен арпалысып, әрқашан биік талғаммен қарау­ға үндейді, өмірдегі моральдық құндылықтардың жойылуы мен шындықтың үстемдікке жетуі туралы ой салады.

Гүлсина Мирғалиева театр­мен қатар Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «театр режиссері» мамандығы бойынша алғаш рет өз шәкірттерін тәрбиелеуді қолға алды. Ол театрда жүріп, талай актерлер мен режиссерлерге өз білімін үйретіп, кәсіби маман ретінде көп тәжірибе жинақтады. Ендігі кезекте төл шәкірттерін тәрбиелеп, Маман Байсеркеұлының жолын қуып, болашақ өнер майталмандарын қанаттандыратынына сеніміміз мол.

Нартай ЕСКЕНДІРОВ,
К.Байсейітова ­атындағы Қазақ ұлттық өнер ­университетінің доценті, ­театртанушы, PhD докторы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button