Басты ақпарат

Жаңаруға бастаған игі қадам

Биылғы қаңтар айындағы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтерді. Сондай-ақ осы Жолдауда Президенттің өкілеттігіне қатысты да әңгіме өрбіді. Біз бүгін осы мәселеге орай бірнеше адамның ой-пікірін білгенді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=2812]

Ерболат ЕРҒАЛИ, әуесқой композитор, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауымен танысқанымда бұрынғы Жолдауларда айтылмаған бірнеше жайтты аңғардым. Соның ең бастысы – Президент өзінің қандай да бір партияның мүшесі болмайтынын ашық айтуы.

Расы керек, бізде барлығы тек Президенттің аузына қарайтын, сол кісі не айтса, сол ғана орындалатын жеке басқа табыну үлгісіндегі суперпрезиденттік жүйе қалыптасып кетті ғой. Мүмкін ол ел дамуының алғашқы кезеңінде керек те болған шығар? Алайда келе-­келе оның кемшін тұстары мен зиянды жақтары айқын көріне бастады. Сондықтан бұл формадан Парламентке сүйенген президенттік басқаруға көшу анағұрлым ұтымды болатын сияқты. Қазақ айтады ғой «келісіп пішкен тон келте болмас» деп. Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында біршама тың ойларды ұсынғанда оны ой елегінен өткізіп, өмір тәжірибесінен өткеріп, елдің болашақ дамуына орайластырған сияқты.

Аймақтағы әкімдер мен оның орынбасарларының партия филиалдарына қызмет етуіне тыйым салуды да мен дұрыс деп санаймын. Жалпы қолында билігі бар, үлкен мемлекеттік лауазымдағы адам ешбір партияға мүше болмауы керек. Оның келеңсіз жақтарын кешегі «Нұр Отан» партиясынан көрдік қой.

Президент өзінің Жолдауында басқа да өзекті, көшелі мәселелерді өрбітті. Енді тек жаңаша көзқарас керек, жаңаша жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының туыстарына саяси қызметтер мен квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтер атқаруына тосқауыл қою, Парламенттің рөлі мен мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту, облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту жөніндегі ұсыныстары көңілге қонымды. Бұл ұсыныс­тардың мемлекеттік жоғары басқару жүйесін автократиядан демократияға қарай түбегейлі бетбұрыс жасауға қабілетті жаңа жүйеге айналдыру идеясынан туындағаны байқалады.

Қалай дегенмен де енді қоғам оянды. Осы тұжырымдарға сәйкес іс-әрекет жасап, осы тың ұсыныстарды болашағы үшін ойланатын әр азамат қолдауы керек деп түсінемін.

Арман ҚАНИ, жазушы, қоғам белсендісі:

– Президенттің өкілеттілігі туралы айтқанда Қазақстан халқы ассамблеясынан аттап кете алмаймыз. Бұл құрылымды Тұңғыш Президент – Елбасы 1995 жылы наурыз айында құрып еді. Кеңесші орган ретінде мемлекеттік дәрежеде көптеген іс-шараларға араласты. Елбасының өкілеттігін ұзартуға ұсыныс түсірді. Елдегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып келеді десем, артық айтпаймын. Ассамблея мүшелері Қазақстан Парламентіне де сайлану құқына ие. Алайда кейінгі кезде осы Президент өкілеттігі туралы әңгіме болғанда «осы органның керегі бар ма?» деген сауал туындап жүр. Шынымды айтайын, біреулердің Қазақстан халқы ассамблеясын таратып жіберу туралы айтқандарын өз басым қостамаймын. Диаспора өкілдері біздің биліктің қолдауынан айырылса, тарихи отандарына Қазақстанда ұлттық мәдениетін сақтауға қолайлы жағдайдың жоғын мәлімдеп, көмек сұрау­ға мәжбүр болады. Бұл жайт басқа елдердің біздің елдің ішкі саясатына араласуына жол ашады. Украин, белорус, поляк, латыш, эстон, еврей сияқты еуропалық нәсілдер амалсыз орыстардың жанына топтасып, орыс мәдениетін ұстанады. Мұның өзі қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің арасына сызат түсірмесе, оларды жақындата түспейді. Оның үстіне қазақтар саны жағынан мемлекет құрау­шы ұлт саналғанмен, сапа жағынан өзге ұлттардан жоғары тұрғаны шамалы. Сондықтан еліміздегі этностар өздерін заңның күшімен қазақтардың жанына топтастыруға көнуі екіталай. «Керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш!» деп көкірек керіп жүрген көпшілігіміз мойындағымыз келмейтін ащы шындық – осы. Демек, Президенттің объективті, субъективті себептерге байланысты Қазақстан халқы ассамблеясын жоғары сайланбалы органдарға дербес сайлану орнынан толық айырмай, тек санын шектеу жөніндегі ұсынысы дұрыс саяси шешім болды.

Президенттің елдегі тыныш­тық пен ұлтаралық қатынас­тардың сақталуы үшін өзара диалог, өзара түсіністік пен келісімнің қажеттілігіне назар аударуы егемендігімізді күшейту мүддесін көздегендіктен екені саясаттан хабары бар азаматтарға мәлім. Қасым-­Жомарт Кемелұлының: «Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды» деген сөздерінде екінің бірі біле бермейтін, жұртшылыққа ашып айта алмайтын жан сыры жатқанын сеземін.

 Президент қазір өзінің өкілеттігі шегінде халқымен бірлесе отырып, «Жаңа Қазақ­станның» стратегиялық іс-жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Осы жолда оған қолдау көрсетуіміз керек.

Абзал ҚҰСПАН, заңгер:

– Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­Қазақстан халқына арнаған Жолдауын үлкен қызығушылықпен тыңдадым. Ел дамуының басты бағыттарын айқындайтын құжатта «Жаңа Қазақстанды» құрудың негізгі мәселелері жан-жақты қамтылды.

«Күшті Президент, ықпалды Парламент» қағидаты, Мемлекет басшысының отбасы мүшелері, туыстары, жақын-жуықтарының ел, квазимемлекеттік сектор басшылығында болмауы туралы заңмен бекітілген талаптың көрініс табуы көпшіліктің ойындағысын дөп басатыны сөзсіз. Парламент, сайлау жүйесін, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру де зор маңызға ие. Қоғамдық кеңестердің жоғары органы ретінде Қазақтан халқының құрылтайын құру, тағы басқа да өзгерістер көңілден шықты. Президенттің барлық маңызды мәселелер кезегімен міндетті түрде шешімін табатын болады деген сөздеріне сенемін. Ендігі міндет осы Жолдауда айтылған өзге де мәселелер рет-ретімен шешімін тапса, нұр үстіне нұр болатын еді.

Президенттің өкілеттілігін қысқартып, Парламент рөлін айтарлықтай арттыруды айтты. Бұл өзгеріс – заман талабы. Осыған дейін сайлауға шетелдіктер араласса, оған шектеу қоюы, Конституциялық сот құруды тапсыруы, «Ұлттық құрылтай» құруды ұсынуы – кемел, жарқын болашағымызды жасай алатынымызға сенімді қадам.

Біздің мұратымыз – «Жаңа Қазақстанды» құру, осы мақсатқа жету үшін өзгерісті әрбір адам өзінен бастауы керек. Президенттің «Бабалар аманатына адал болу мен болашаққа табыстау – менің борышым» деген ойы «Жаңа Қазақстанды» құруда әрқайсымызға жаңа еңбектенуіміздің қажет екенін ұқтырып, болашаққа қадам ашып беруі деп ойлаймын.

Бекділдә ҚОЖАХМЕТ, «Астана-Энергия» АҚ жетекші инженер-конструкторы:

– Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Президент өкілеттігі туралы жайдан-жай сөз қозғап отыр­ған жоқ. Мұның бәрі кеше жіберген қателіктерімізді жөнге келтіруге бағыттайтын әңгіме екені жалпы жұртқа айқын.

Бұрынғы Президент – Елбасының өз өкілеттігі кезінде партияға мүше болуы сол партияны билік партиясына айналдырып, билік пен партияның аражігі ажырамайтын дәрежеге әкеліп соқтырды. Билік тұғыр­ға көтерілген спортшыны да, сахнаға шыққан әншіні де өз партиясының қатарына тартуды сәнге айналдырды. Мемлекеттік қызметте жүргендерді топ-тобымен өз партиясына қабылдаған дәуірді де көрдік. Сөйтіп халыққа жаны ашитындар да, халықтың үстінен күн көретіндер де партияға мүше болып шыға келді.

Ел басқарудың ертеңін емес, өз қара басының қамын ойлаған көптеген жағымпаз депутаттар заңға суперпрезиденттік сипат қалыптастырушы өзгерістердің енгізілуін жарыса жақтап шыға келді.

Оның үстіне, президенттік мерзімді референдум арқылы созу елдің ішкі тоқырауына алып келді. Демократиялық үрдістер аяқасты бола бастады. Жаппай мақтау, жарыса қолпаштау бізді тығырыққа тіреді. Ата заңымыздағы «Президент екі мерзімнен артық сайлана алмайды» деген тұжырым қаперге алынбады. Сөйтіп бір адамның мемлекетті ұзақ уақыт басқарып, билік тізгінін уысынан шығармауы жаппай бас шұлғаушылықты, тоқмейілсу мен даңдайсуды туғызды.

Бізге «Жаңа Қазақстан» идеясын ұсынып отырған Қасым-­Жомарт Кемелұлы Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші орындарына немесе квазимемлекеттік секторда басшы қызметтерге тағайындалуына бұдан былай тыйым салынатындығын айтқанда, мұның өмір тәжірибесінен алынып отырған шынайы шешім екеніне көз жеткіздік.

P.S:Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған Президенттің құзыретін шектеп, Парламенттің өкілеттігін кеңейту жөніндегі мәлімдемесіне әркім әртүрлі ой-пікір білдіруде. Рас, қанша адам болса, сонша пікір бар. Бұл заңды. Пікір алуандығынан ортақ тұжырым қалыптаспақ. Жұртшылық, әсіресе, өзгерісті Президент өзінен бастап, бұдан былай саяси партияға мүше бола алмайтындығы мен Парламентте тікелей өзі тағайындайтын депутаттар мен сенаторлар саны азаятындығын айтуына көбірек назар аударады. Бұдан әрі де «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» аясында саяси реформалар жалғасын таба бермек.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button