Мәдениет

Жаңаша қойылған «қыз Жібек»

Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрында жаңа қойылым – халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны «Қыз Жібек» махаббат дастаны бойынша Ғабит Мүсірепов қаламынан туған осы аттас шығар­маның тұсаукесері, 29-30 мамыр күндері зор табыспен дүрілдеп өтті. Режиссері – талантты актер, белгілі әнші Сайлау Қамиев. Ол Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясын тәмамдап жатыр, яғни, бұл оның жаңа мамандығын бекітетін дипломдық жұмысы, со­­нымен бірге, өнердегі жаңа бет­бұрысы. Әрине, үстірт қарағанға «Қыз Жібекті» сахналаудың еш қиындығы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Операсы бар. Кинофильм түсірілген. Оны кезінде осы Қуа­нышбаев театрын құрғандардың бірі, атақты Әзірбайжан Мәм­бе­тов те сахналаған. Сонда бүгін ре­­жис­­серлік қырымен көрінген осы Сай­лау Қамиевтің өзі Төлеген образын сомдағанын білеміз. «Адам­­­ның қандайлығы істі қалай бастауынан байқалады» деп Абай­­ша айтсақ, қалай болғанда да С.Қа­миевтің бірден іріге ұмтылуы – мі­незінің қайсарлығы мен өнердегі табандылығын көрсетсе керек.

Бізге жеткен фольклорлық жәді­герлер – қазақ деген халқы­мыздың арман-мұратын, өмірлік танымын, тұрмыстық ұстанымын, көркемдік талғамын білдіретін рухани қора­басы екені мәлім. Сондықтан, оған кейбіреулердің тәжірибе жасайтын материал ретінде қарайтынын өз басым қолдамақ түгіл, «күнә» деп есептеймін. Мысалы, осы театр­дағы белгілі режиссер Әлімбек Оразбеков қойған «Айман-Шолпан» атты комедияның тамырынан жұлынған көк желектей қуарып, адам танығысыз пұшайман күйге түскенінің куәсімін. Жоқ, С.Қамиев жас та болса, «бүгінгі күннің талғамы осындай» деп, өзінше тон пішіп, жеңілтектенбей, ұлттық жәдігерге азаматтық үлкен құрметпен және суреткерлік толымды дайындықпен келіпті. Ең алдымен шығарманың бүкіл ұлттық бояуы мен нақышын барынша таза сақтауға тырысқан және опералық нұсқасы мен кинолық нұсқасының ұтымды тұстарын арқау еткен. Сахна жақсы безендірілген, шымылдық, бірде киіз үйді, бірде тар қапасты бейнелейтін шеңбер, артық-ауыс ештеңе жоқ. Киімдері де кәрі-жасына, ұл-қызына, ауылдағысы мен жорықтағысына қарай әдемі пішілген, сәнді, ықшам. Шын мә­нінде, Алтын Ордадан күш кетіп, алып империяның ыдырай бастаған, бірақ, әлі де тегеуріні басылмаған, сән-салтанаты тарқай қоймаған аумалы-төкпелі күрделі кезеңін еске түсіреді. Мұны мен жас режиссердің шығарманың жасырын астарын жүрегімен сезе білгендігінен-ау деп топшылаймын. Өйткені, «Қыз Жібек» махаббат дастаны ғана емес, ел бірлігі мен тыныштығы іріткі түсірген «үлкен жаудың» қыспағы туралы да хикаят қой. «Үлкен жау­дың» қыспағынан Жайық бойы тарылып кеткендей. Жерге, су мен нуға таласып, қазақ рулары енді өзді-өзі қырқыса бастағандай. Атақты жыраудың «Еділді алды, елді алды, енді алмаған не қалды?» деп күңіренетіні де осы тұс-ау деп шамалайсың. Осындай қиын-қыстау тар кезеңде Төлеген мен Бекежандай қос батырдың: «Жау қайда?» – деп тізе қосып, дұшпанға бірге шабудың орнына махаббат майданы алаңынан көріне берулері қынжылтады. Алайда, махаббат өмірдің өзі ғой, тасты да жарып шығатын гүл секілді ғой, ол да ал­дымда қандай тосқауыл тұр деп жасқанып бөгелмейді, сондықтан, әрине, оған еш дауа жоқ.

Дастанды оқысаңыз, бәрі түсі­нікті. Ал, спектакльді екі күн қа­та­рынан көргенде Қыз Жібек Тө­ле­генді не үшін жақсы көреді деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Осы сұрақ режиссер Сұлтан Қожықов түсірген екі сериялы «Қыз Жібек» көркем фильмінен кейін де талайды ойландырып, баспасөз беттерінде қызу айтыс-талас туғызғаны мәлім: автор шы­ғармасындағы олқылықтан ба, актер ойынындағы солғындықтан ба, әлде Төлегеннің адами болмы­сындағы осалдықтан ба дегізіп. Маған да осы спектакльдегі қос Төлеген – Жасұлан Ерболат пен Олжас Жақыпбековтен, қос Бекежан – Асылбек Қапаев пен Ер­жан Нұрымбет әлдеқайда бе­дер­­­лілеу шыққандай көрінеді. Төлегенді ойнаған артистердің бой бітіміндегі, дауыс ырғағындағы айыр­машылықтар болмаса, екеуі­нің де образ сомдауы бір қалып. Ал, Бе­кежанды ойнаған артистер екеуі екі түрлі: Е.Нұрымбет алдап соғуға бейім, жымысқылау да қорқау, А.Қапаев бірбеткей, өз күшіне сенімді, ожарлығы да жоқ емес. Жалпы, Төлеген әдет-ғұрып ережесінен шыға алмай, қол-аяғы жіпсіз байланып, қарадан қарап қысылып жүретін адам сияқты да, Бекежан ойына не алса, көңілі не қаласа, соның жолында әдет-ғұрып, инабат деген шарттылықтарды аттап өте беретін жан, дамуға, жа­ңаруға бейім іс-әрекеттің адамы ма деген ойға жетелейді кісіні. Ки­нода да, спектакльде де Бекежан бейнесінің тартымды да бедерлі сомдалатыны содан-ау деймін. Әлде бабаларымыздың шешуін кейінгі ұрпағына қалдырған бұл да бір күр­делі жұмбағы ма екен?

Басты кейіпкер Қыз Жібекті сомдаған Гауһар Жүсіпова мен Гүл­наз Сүгірбаева туралы да аңыз­дық тұлғаны бізге беймәлім қырынан танытып, жаңаша жаңғырта алды деп айта алмаймын. ҚР еңбек сі­ңірген қайраткері, артист Мейрам Қайсанов ойнаған Қыз Жібектің әкесі – Сырлыбай мен артист Жан­қалдыбек Төленбаев бейнелеген Төлегеннің әкесі – Базарбай образдары да таныс-бейтаныстық дең­гейде бір сыдырғы қалыбынан аса алмағандай. Ал, жалпы алғанда, спек­такль трагедиялық сипатына қарамастан, көңілді де тартымды шыққан. Олай еткен, сахналық безендірілуі және артистердің киім үлгілеріне қоса, өнер саласының хас шеберлері Евгений Брусиловский мен Нұрғиса Тілендиевтің ұлттық әуенге негізделген ғажайып музыкасы дер едім. Осылар бір-бірімен тонның ішкі бауындай үйлесе келіп, ғасырлар қойнауында қалған бағзы қазақ өмірін қайта тірілтіп, қаз-қалпында көз алды­мыз­ға жайып салды. Үлкен де, кіші де ұғынды, жарқын жерінде сүй­сінді, өзімшілдік, қаскөйлік күш алған тұсында «әттең-ай» деп тебі­ренгендей, адамға тән жақсы-жаман қасиеттер замана қанша өзгерсе де, өзгермейді екен-ау деп налығандай күйде отырды…

Жас режиссер С.Қамиев, жо­ғарыда айтқанымыздай, «Қыз Жі­бекте» ұлттық бояудың қанық болуына қатты көңіл бөлген. Жас­­­тардың асық ойыны, жаман­шы­лықты отпен аластау, тойда табақ тарту рәсімі, бесік сыйлау, некелері қиылғанша ала жіпті аттамау – бәрі бар және орнымен.

Дегенмен, «әттегенайлар» да жоқ емес. Ала жіптің орнына екі араға белбеу тасталады. Ала жіпті белбеумен алмастыру қателік. Ала жіп неге «ала» жіп, жай жіп емес? Өйткені, ол азғырушы әзәзіл жы­ланды меңзейді. Адам Атаны аз­ғырған жылан екенін еске салады.

Неке суын ішкенше тартына тұру керектігін ескертеді. Сондай-ақ, некесі әлі қиылмаған екі жасқа бесік сыйлау, оның үстіне бірінші қойылымда Төлегеннің құр бе­сікті тербетіп жіберуі де көңілге қон­байтын ағаттықтар демекпін.

Жас режиссердің көп ойланып, қатты қиналған жері спектакльдің финалы болса керек. Қара киім киіп, түн жамылып келіп, Қыз Жі­бек тұтқындалып, қазыққа бай­ланған Бекежанды босатып, қолына қанжар ұстатады да, екеуі жекпе-жек айқасқа шығады. Әрине, еркектің аты еркек. Бекежан қызды өлтіреді. Ойланып қаласың. Баян еске түседі. Алайда, Баян мен Жібектің заманы да, тағдырлары да бірдей емес. Оның үстіне Жібектің әмеңгері бар. Осы спектакльдің өзінде де Төлегенге ауылдағы тілектес ағайындары егер кешіксең, «Сансызбай шығар соңыңнан» деп, әндетіп шы­ға­рып салады емес пе. Осы жағ­даят спектакль финалында Бекежан­мен пышақтасуын логикалық тұрғыдан кісіні онша сендіре қой­майды. Сосын Баян да, Жібек те халық қиялындағы әйел – жарға тән сұлулық, тазалық, мөлдірлік, адал­­дық, нәзіктік ұғымдарының жиынтық бейнесі. Сондықтан, жа­манмен жағаласуды «ит пен ит боп ырылдасу» деп бағалайтын атам қазақтың адамгершілік туралы ұстанымы тұрғысынан қа­расақ та, бұл әрекет Қыз Жібек­тің табиғатына мүлде үйлес­пейді. Яғни, қарақшы Бекежан мен пе­ріштедей пәк Қыз Жібек­тің жан дүниесін теңестіріп жіберу қателік болған демекпін. Иә, халқымыз ба­тырлық дастандар мен ғашықтық дастандардың аражігін бір-бірінен қашан да дұрыс ажырата білген.

Театр – ұлт рухының төрі, сон­дықтан, әртүрлі «эксперимент» дей­тін желеумен көнеден жеткен мәдени құндылықтарымыздың бе­­ре­кесін кетірмей, әрқашан ха­лық­тық ұстанымға сүйене білсек, ешқашан адаспаймыз.

Өтен Ахмет,
өнертанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button