Әлеумет

ЖАҢҒЫРҒАН ЗЕЙНЕТ ЖҮЙЕСІ – БАҚУАТТЫ ҚАРТТЫҚ БАСТАУЫ

Соңғы кезде зейнеттік реформа тақырыбы елімізде ауыздан түспейтін әңгімелердің біріне айналды. Әсіресе, алда келе жатқан реформаның ең өзекті мәселелерінің қатарында әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру жайы тұрғаны анық.

Зейнет жүйесін реформалауға қатысты түйінді сауалдарға жауап беруді өтініп, біз Қазақстан Ұлттық банкі Орталық филиалының директоры Мұқат Сейфуллинге жолыққан едік.

– Мұқат Хасенұлы, әйелдердің зейнетке шығу жасын өсіруге неліктен Ұлттық банк бастамашы болып отыр?

–Нақ осы мәселе бұрында да бірнеше рет талқыланған болатын. Ұлттық банк елдегі демографиялық ахуал жөніндегі статистикалық мәліметтерді ескере, сондай-ақ, зейнет жасындағы әйелдердің жұмыс істеп, өздерінің қорларын молайта түсуіне, сол арқылы болашақта мейлінше лайқатты зейнетақы алуларына мүмкіндік беруді ниет ете отырып, сол идеяны қолдады.

–Ұлттық банктен басқа қандай органдар зейнетақымен қамтамасыз ету жайын қарастырады?

–Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысымен ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің жанынан арнаулы жұмыс органы – Қазақстан Республикасының зейнет жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге арналған комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық банк мамандарымен қатар, Экономикалық даму және сауда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Статистика жөніндегі агенттіктің, Экономикалық зерттеулер институтының өкілдері енді.

Естеріңізде болса, 2013 жылдың 23 қаңтарында өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, Бірегей зейнетақы жинақтау қорын құру, оған жеке жинақтау қорларының шоттарын беру жөнінде ұсыныс әзірлеу тапсырылған еді ғой.

2013 жылғы 24 сәуірде республика Парламентінің Мәжілісі зейнетақы жинақтау жүйесінің институционалды базасын дамытуды қарастыратын «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

– Әйелдердің зейнеттік жасын көтеру қажеттігі неден туындады?

–Қазақстанның қолданыстағы зейнетақы жүйесі көп деңгейлі болып табылады. Бірінші деңгей – ынтымақты зейнетақы жүйесі, мұндағы зейнет төлемдерінің, негізгі зейнетақыны қоса алғанда, қайнаркөзі мемлекеттік бюджет болып саналады; екінші деңгей – міндетті зейнетақы жарналарынан, ерікті салымнан және жеке ерікті кәсіби зейнет салымынан құралатын жинақ қорларынан төлеуді қарастыратын жинақтау жүйесі. Зейнетке шығу жасын көтеру қажеттігі, ең алдымен, демографиялық ахуалдың өзгеріп, тұрғындардың «қартаюына» байланысты ынтымақты зейнетақы төлеуге жұмсалатын мемлекеттік шығындардың едәуір өсе түсуіне байланысты болып отыр. Мәселен, 1999-2011 жылдар аралығында Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 3,5 жылға ұлғая түсті. Алдағы уақытта 65 жастан асқан тұрғындардың үлес салмағы артып, 2050 жылға таман екі еседей өспекші.

Бұған қоса, әйелдердің ұзақ өмір сүру көрсеткішіне қоса жастай құрметті еңбек демалысына шығатындығы зейнетақы жүйесінің жұмысында белгілі бір қиғаштықтар туындатып отыр. Қазіргі кезде зейнеткер әйелдердің үлесі 71,8%-ды құрайды. Оның үстіне бюджеттен төленетін зейнетақының 45%-ын ер адамдар қаржыландырады. Бұл ерлерде – жалақы мөлшері, ал әйелдерде жұмыссыздық деңгейі жоғары болуына байланысты, оған қоса олар баланы бағып-күтуге байланысты декреттік демалысқа шығып отырады.

Ынтымақты зейнетақы еңбекке қабілетті тұрғындардың ағымдағы салықтық түсімдерінің есебінен мемлекеттік бюджеттен төленетіндіктен, бүгінгі таңда зейнеткерлерді жұмыс істейтін жас буын қамтамасыз ететіндей ахуал орнығып отыр. Жұмыс істейтін тұрғындар мен зейнеткерлердің арақатынасы қазіргі шақта 2,1 де 1 үлеске жетіп қалды. Яки, екі жұмыс істеуші адам 1 зейнеткерді асырайды. Оның үстіне, демографиялық тенденциялардың салдарынан келешекте қатары азая беретін жұмыс істеушілерге қарағанда, зейнеткерлердің саны күрт өсіп барады. Соның нәтижесінде зейнетақы мөлшері де кеми бермек. Міне, сондықтан, не зейнетақы көлемін қысқартуға келісу керек, не салықтарды көбейту немесе зейнет жасын көтеру жолын таңдау керек. Ал, халықтың өмір сүру ұзақтығы арта түсіп отырғандықтан, салықты көбейтумен мәселенің түйіні шешілмейді.

– Әйелдердің зейнетке шығу жасын көтерудің жағымды жақтары бар ма?

–Бар, әрине. Біріншіден, зейнетке шығу жасын көтеру арқылы әйелдердің жұмыс істеуіне мүмкіндік туып, қаражат жинауын жалғастыра береді, сол арқылы болашақта мейлінше молықты зейнетақы алады. Айта кететін жәйт, осы үдерістің уақытын созып (шешім қабылданғаннан кейін 10 жыл бойы), зейнетақының ынтымақты бөлігін алушылар мен зейнеталды жастағы адамдарға тиіспеу жөнінде ұсыныстар түсуде. Екіншіден, мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік міндеттемелер бойынша жүгі едәуір жеңілдеп, артылған қаражатты анағұрлым мұқтаж, яғни, тұрғындардың тұрмысы әлдеқайда нашар бөлігіне жұмсауға мүмкіндік туады.

–Денсаулыққа зиянды да қауіпті жағдайда жұмыс істейтін еңбеккерлердің межелі жас мөлшерін кеміту жайы қарастырылған ба?

–Қауіпті әрі зиянды кәсіппен шұғылданатын қызметкерлер үшін зейнет жасы жалпыға белгіленген деңгейден төмен болуы мүмкін. Осыған орай Ұлттық банк жұмыс берушінің есебінен міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын салу қажеттігін жақтауда. Бұл әлгіндей мамандық иелерінің құрметті еңбек демалысына әлдеқайда ерте шығуына мүмкіндік бермек.

– Қызметкерлердің қай санаты ынтымақты зейнетақы алуға үміткер бола алады?

–Зейнет жасына жеткен, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін ең кемі алты ай жұмыс өтілін жинақтаған адамдар қазір ай сайын ынтымақты зейнетақы алады. Олардың көлемі – 17 491 теңгеден 47 327 теңге аралығында. Бұған қосымша, «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес еліміздің барлық зейнеткері негізгі мемлекеттік зейнетақы алады, оның көлемі ½ күнелтіс мөлшері – 9330 теңгені құрайды. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін ең кемі алты ай жұмыс өтілін жинай алмаған келесі буын мемлекеттен төленетін базалық зейнетақыға ғана емес, ЖЗҚ-да жинақталған жеке зейнетақы қорына да иек арта алады. Егер де адам еңбек еткен кезеңде тұрақты табыс таба алмаса немесе міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден жалтарса, онда зейнет жасына жеткенде ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алады. Қолданыстағы жүйе базалық зейнетақының болуын көздейді, ол еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан төлене береді.

Осылайша, ынтымақты зейнетақы жүйесі барша халықты ең болмағанда күнелтіс минимумы деңгейінде кепілді табыспен қамтамасыз етеді. Ал, біз болашақ зейнетақымыздың негізгі бөлігін өзіміз, өз еңбегімізбен, зейнетақы жинақтау арқылы қамтамасыз етуге тиіспіз.

– Осы зейнетақы жинақтау жүйесінің ең басты түйткілі неде?

–Қолданыстағы зейнетақы жинақтау жүйесінің ең басты қиындығы тұрғын халықты тарту деңгейінің төмендігінде, міндетті зейнетақы салымдарының тұрақсыздығы мен жартыкештігінде жатыр. Көптеген жұмыс берушілер зейнетақы қорларына ақша аудармастан, жалақыны «жең ұшымен жалғап» қолға беретіндігі ешкімге құпия емес. Ал, бірақ, зейнетақы жинақтау ісіне мүлдем қатыспаған халықтың осы бір бөлігі жасы жеткенде мемлекетке алақан жайып отырады сосын.

Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу үшін Ұлттық банк жұмыс берушілердің еңбеккерлер алдындағы жауапкершілігін арттыратын бірқатар заң жобаларын қайта қарауды ұсынды. Алғашқы кезеңдік сатыда бұл кәсібі денсаулыққа өте қауіпті мамандық иелеріне арналған міндетті кәсіби зейнетақы салымдарын енгізуден көрінеді. Содан кейінгі кезеңде аталмыш норма бүкіл жұмыс берушілерге міндетті болмақ. Сондай-ақ, халықтың өз бетінше жұмыс істеп жүрген бөлігін зейнетақы жүйесімен қамту, салықтық әкімшілік ету және ерікті зейнетақы жарнасын уәждемелеу жөнінде әкімшілік шаралар қарастырылған.

Қорыта айтқанда, зейнетақы жүйесін реформалау тек мемлекет бюджет жүгін жеңілдетудің ғана емес, сондай-ақ, адамдардың зейнетақыны теңгермешілікпен алмай, еңбек еткен кезінде аударған төлемдеріне лайқатты көлемде игілігіне жарату ділгірлігінен туындап отыр.

Әңгімелескен
Келдібай СЫРЛЫБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button