Басты ақпарат

Жаңғыру мен бәсекенің бес бағыты

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысына қатысты. 

Мемлекет басшысы басқосуда сөйлеген сөзінде Шетелдік инвесторлар кеңесінің Қазақстандағы бизнес ахуалды жақсартуға және ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған соң, жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның атқарып жатқан шаралары жөнінде айтты.
Президент елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті. – Бірінші. Бұл – реттеуші ортаны жақсарту. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, Салық және Кеден кодекстері сияқты жаңа құжаттар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер топтамасы қабылданды. Барлық бағыттар бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары енгізілуде, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару ісінің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. – Екінші. Бұл – экономиканы диверсификациялау және жаңа технология­ларды енгізу. Еліміз бойынша индустрияландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы үшінші басым бағыт ретінде инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті. – Біз Еуразиялық мультимодальді көлік-транзит хабын қалыптастырудамыз. Жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы еуразиялық интеграцияны күшейтуге және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасуға бағытталған. 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының таныстырылымы болады. Бұл орталық Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне және бүкіл Орталық Азия өңірінің хабына айналуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ел көлеміндегі және өңірлердегі экономика салаларын цифрландыру үдерісіне кеңінен тоқталды. – Төртінші. Бұл – цифрландыру. Біз «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Цифрлық технология­ны агроөнеркәсіп кешеніне, көлік және басқа да негізгі салалардағы кәсіпорындарымызға енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
– Бесінші. Бұл – адами капиталды дамыту. Білім беру жүйе­сі экономиканы жаңғырту мен цифрландыруды ескере отырып трансформациялануы қажет. Осыған орай келесі отырысымыз­дың тақырыбы ретінде «Адами капиталды дамыту» мәселесін ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы сөзінің соңында Қазақстан экономикасын жаңғыр­ту үшін бірлесе тиімді жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button