МәдениетРуханият

Жәңгірден қалған жәдігер

Елордадағы Ұлттық музейде Бөкей ордасының 220 жылдығына арналған «Бөкей ордасы – ел мұрасы» көрмесі ашылды. Көрмеге Бөкей ордасындағы «Хан ордасы» тарихи-мәдени сәулет-­этнографиялық музей-қорығынан жүзден астам жәдігер жеткізілді. Ашылу салтанатына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=880]

Көрме залы 11 тақырыптық бөлімге бөлінген. Бірінші және екінші бөлімдерінде Жәңгір ханның өмірі суреттеледі. Кейінгі бөлімдері Бөкей ордасының қалыптасуы мен дамуына арналған. Бұған қоса, көрме залында қуғын-сүргін жылдарына, Екінші дүниежүзілік соғысқа, Бөкей ордасында туып-өскен танымал тұлғаларға арналған экспозициялар бар.

«Дәл осы Хан ордасы ауылында ХІХ ғасырға жататын 45-тен астам ғимарат және 80-нен астам үй сақталған. Соның ішінде 13 ғимарат Батыс Қазақстанның «Хан ордасы» тарихи-мәдени сәулет-этнографиялық музей-қорығының құрамына енді» деді музей-қорық директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева.

Көрмеге Исатай Тайманұлының өз сарбазына ерлігі мен абыройы үшін тарту еткен қанжары, Бөкей заманынан қалған қару-жарақтар мен мөртаңбалар, тұрмыстық заттар да қойылған. Жәңгір ханның мундирі мен Фатима ханшаның Санкт-Петербургте І Николайдың тәж тағу рәсіміне киген көйлегі реставрациядан кейін ұсынылып отыр.

Көрменің ашылуынан кейін «Бөкей хандығы – өркениет ордасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ал елордаға жеткізілген жәдігерлерді 22 қарашаға дейін тамашалауға болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button