Денсаулық

ЖАНҒА – ДАУА, ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН

33333

Бар өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер аз ба арамызда. Солардың бірі – ұжымымыздың мақтанышы, өз ісінің маманы Ләззат Аяшева.

Жастайынан еңбекқор болып өскен Ләззат Хайбрахманқызы сегізінші сыныпты аяқтаған соң өз қалауымен Атбасар медициналық училищесіне оқуға түсіп, оның медбике ісі бөлімін үздік бағамен бітіріп шығады. Еңбек жолын Целиноград қаласының Жедел медициналық жәрдем беру ауруханасының қабылдау бөлімінің медбикесі қызметінен бастайды. 1982 жылы медучилищенің жолдамасымен Целиноград мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1988 жылы «емдеу ісі» факультетін ойдағыдай аяқтайды. Институтта оқып жүрген кезінің өзінде медбике жұмысын жалғастырып, тәжірибе жинақтай білген Ләззат Хайбрахманқызы бір жылдық интернатурадан кейін №6 қалалық ауруханға инфекционист дәрігер қызметіне қабылданады. Ал 1993 жылдан бері ол қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында инфекционист, жиырма жылдан астам уақыттан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді.

2001жылдан бастап ультрадыбысты диагностикалау дәрігері мамандығын меңгерген Л.Аяшеваның сол саладан 2011 жылдан бері бірінші біліктілік санаты бар. Ол радиоционды және сәулелі диагностика саласында жаңа технологиларды өз жұмысында белсенді пайдалануда. Тәжрибесін үнемі теориямен жалғастырып, білім сапасын әр уақытта нығайтып отыратын білікті маман Санкт-Петербург, Қазан, бірнеше рет Алматы қалаларында оқып, жұқпалы аурулардың диагностикасын нақ анықтау, гепаталогияның таңдаулы мәселелері секілді тақырыптар бойынша білім дәрежесін жетілдіріп қайтты.

Жан-жақты білікті маман әрі адамгершілігі мол азаматша ретінде де өзін таныта білген Ләззат Хайбрахманқызын аурухана әкімшілігі 2012 жылдың шілде айынан бастап бөлімше меңгерушісі лауазымына тағайындады. Сол жылдан бері ол Халықаралық Еуроазиаттық инфекционистер қоғамының мүшесі болса, 2010 жылдан бері – қалалық №2 аурухананың тұрақты инфекционист кеңесші дәрігері.

Ертелі-кеш тынымсыз еңбек етіп жанға дауа, жүрекке жылу беріп жүрген абзал жан мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын орындауды басты бағыт деп біледі. Ұжымдағы жас мамандар арасында да, науқастар арасында да насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыру денсаулық сақтау ісінің бас­ты міндеті деп санайды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағиданы үнемі қолданып отырады. Бірнеше рет радио, теледидардан сұхбат беріп, жергілікті газет-журналдарға мақалалары басылып шықты. Ауруханамыздың қоғамдық өмірінен де тыс қалып көрген емес, спорттық іс-шараларға белсене қатысып тұрады.

Л.Аяшева – «Нұр Отан» партиясының беделді мүшесі. Еңбегіне орай бірнеше рет Астана қаласының Денсаулық сақтау департаментінің, аурухана әкімшілігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. 2012 жылы адал еңбегі үшін «Шапағат» төс белгісімен марапатталды.

Көкенай ТАШИМОВА,
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының салауатты өмір салтын
насихаттау дәрігері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button