Денсаулық

Жанға дауа сыйлаған…

Әлеуметтік нысандардың қызмет көрсету деңгейі, сапасы қашанда өзекті. Азаматтар мүмкіндігі келгенше өз үйіне жақын жердегі емхананы таңдайды. Өйт­кені қандай да бір медициналық көмек қажет болса, дәрігер тез келеді. Тағы бір ескеретін нәрсе, отбасы мүшелерінің барлығы бір емдеу мекемесіне қаралғанын дұрыс көреді. Тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан медициналық мекеменің бірі – Астана қаласындағы № 7 қалалық емхана. Директоры – Айгүл Шалабайқызы Қуанышева.

83 843 адамға қызмет көрсетеді

 Қалалық емхана бекітілген халыққа учаскелік-аумақтық қағидат бойынша амбулаториялық-емханалық көмек көрсетеді. Емхана 83 843 адамды құрайтын, оның ішінде ересектер – 54 624, балалар – 25 767, жасөспірімдер 3452 бекітілген халыққа медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

Қызмет көрсету аумағы 58 учаскені қамтиды. Емхана Интернационал, Мичурин, Күйгенжар ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

– Біздің емханада барлығы 463 қызметкер жұмыс істейді. Оның 142-і – білікті дәрігер, 224-і – медицинаның орта буын қызметкерлері. Қалғаны санитарлық-техникалық қызметтерде жұмыс істейді. Бүгінгі күні біздің дәрігерлердің бір бөлігі шетелдерде, өз елімізде оқып, соңғы үлгідегі техникалармен жұмыс істеуді меңгерген. Емханада жалпы 27 бөлімше бар. Оның ішінде 23 педиатриялық, 16 терапевтік учаске, 19 жалпы практика дәрігерлерінің учаскелері бар. Емханада сыртқы кешенді бағалау және аккредиттеу комиссиясының нәтижелері бойынша 1 аккредиттеу санаты белгіленген, – дейді Айгүл Шалабайқызы.

Емханада пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы белсенді жүргізілуде. Басты мақсат – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  шеңберінде азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын қорғауды және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Егер өзекті сұрақтар туындаса, қызмет «Шұғыл және сапалы» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

– Бұл қызмет бойынша колл-орталығы, менеджерлер, сарапшылар жауапты. Бекітілген халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша қызметкерлермен үнемі жұмыс жүргізілуде. Емхана қызметкерлері науқастар арасында медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша ай сайын сауалнама жүргізеді. 2024 жылдың қазан айынан бастап №7 емхананың бекітілген халқы «Egov mobile» мобильдік қосымшасының «әлеуметтік әмиян» қойындысы арқылы тегін қамтамасыз ету бойынша дәрілік заттарды алады. Азаматтар QR-кодтың көмегімен қажетті дәрі-дәрмектерді ала алады. 2024 жылдың қараша айынан бастап біздің ұйымда пациенттерді сәйкестендіру үшін цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған Face ID биометриялық жүйесінің пилоттық жобасы басталды. Бұл жүйе пациенттің қауіпсіздігі тұрғысынан өзін дәлелдеді. Пациентті анықтау әлдеқайда жеңіл болды, сонымен қатар біздің медицина мамандары деректерді жеке куәлікпен қосымша салыстырады, – дейді Айгүл Қуанышева.

Тұрғындардың алғысы

– Мен емханадағы 26 учас­кесінің дәрігері Айнұр Алькеноваға айрықша алғысымды білдіремін! Айнұр Мұратқызының алдына барғанымызда өзінің жоғары кәсібилігін, жауапкершілігін көрсетті, дәрігер жүрегінің жылуы, өзінің қызметтік міндеттерін адал орындауы және пациент­терге ұқыпты қарауы мен сезімталдығы үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Сізге шын жүректен зор денсаулық, еңбегіңізге табыс тілеймін, – дейді Алена Давыдова.

– Қалалық емхананың қыз­­­меткерлеріне, әсіресе 45 учаскенің терапевт-дәрігері, елордалық тұрғын Рауаш Қали мен медбике Әсем Байбукашеваға ерекше рақметімді жеткізгім келеді. Олардың адал еңбегі үшін, бар көмегін аямағаны үшін, біліктілігі үшін алғыс айтамын, – дейді Игера есімді қыз.

– Мен 3 баланың анасымын, мен үшін балалардың саулығы өте маңызды. Емхананың балаларды емдейтін корпусына, 7 учаскесінің дәрігері Ләззат Өмірзаққызына және медбике Рысты Алпысқызына зор кәсібилігі үшін, балаларға деген жанашырлығыңызбен, жауаптылығыңыз үшін айрықша алғысымды білдіремін. Олар, әсіресе екпе жұмыстарына байланысты бізге пайдалы, ұғынықты ақпараты айтып отырады, нақты түсіндіреді. Еңбектеріңіз жемісті болсын деп тілеймін, – дейді қала тұрғыны Зарина Өмірханова.

Оңалтудағы оңды істер

Емханада емдеумен қалпына келтіру және оңалту бөлімшесі, күндізгі стационар бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда балалар физиотерапияның барлық спектрін – электрофорез, магниттік терапия, амплипульс терапиясы, лазерлік терапия, ультрафиолет терапиясы, жаттығу терапиясы, массаж секілді түрлі процедуралар алады. Емхананың педиатрия бөлімшесінде балаларды дамыту, тәрбиелеу, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі әдістемелік орталық – баланы дамыту кабинеті жұмыс істейді. Баланың даму кабинетінде анасы массаж және гимнастика дағдыларын, баланың жасын және даму ерекшеліктерін ескере отырып, оны күшейту шаралары бойынша ұсыныстар ала алады, жас балаларға ұсынылатын тағамдардың тізімімен, өнімдерді аспаздық өңдеу әдістерімен және басқалармен танысады.

Әмбебап-прогрессивті модель жүкті әйелдердің, жаңа туған нәрестелердің үйінде патронаждық бақылауды ұйымдастыру баланың өміріне, денсаулығына, дамуына қауіп төндіретін медициналық немесе әлеуметтік сипаттағы тәуекелдерді анықтау және азайту, сондай-ақ тәуекелдері жоқ отбасыларға міндетті түрде бару санын азайту мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) ұсынған әмбебап-прогрессивті модель негізінде жүргізіледі.

Патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі кезінде міндетті жоспарлы сапарлармен қатар (әмбебап тәсіл), баланың өміріне, денсаулығына немесе дамуына медициналық немесе әлеуметтік қауіптердің болуына байланысты жүкті, жаңа туған нәрестелер мен ерекше қолдауға мұқтаж балаларға арналған жеке жоспар бойынша қосымша белсенді сапарлар (прогрессивті тәсіл) енгізіледі.

– Емханада геронтолог кабинеті жұмыс істейді, онда 65 жастан асқан пациенттер қабылданады. Халыққа гериатриялық көмек – созылмалы аурулардың салдарынан ішінара немесе толығымен жоғалған өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін сақтау немесе қалпына келтіру, егде жастағы науқастардың қоғамға реинтеграциясын жеңілдету, сондай-ақ тәуелсіз өмір сүруді қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі іс-шаралар жүйесі жұмыс істейді, – дейді А.Қуанышева.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Р.S: Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты. Дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайлар, ұтымды және жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. №7 емханадағы емдеу іс-шаралары осыған дәлел. Емдеу мекемесінің алдағы уақытта медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, инновациялық технологияларды тәжірибеде пайдалануға, тағы бірқатар жоғары технологиялық медициналық қызметтерді енгізуге қатысты біраз жоспарлары бар. Мақсаты – медициналық қызмет сапасын жаңа сатыға, яғни халықаралық талаптарға сай жоғары деңгейге көтеру. «Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ» десек, елордалықтардың денсаулығын жақсартуда аянбай тер төгуге дайын.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button