Басты ақпаратМәдениетСұхбат

ЖАНҒАЛИ ЖҮЗБАЕВ: КҮЙ ДЕГЕН ДЕ БІР ИМАН ҒОЙ

Жанғали Жүзбаев – Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы, шертпе күйдің шебері. «Қазақтың шертпе күйлері», «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» сынды бірнеше еңбек авторы, шәкірт тәрбиелеуден қол үзбеген ұстаз да. Атақты күйшімен сұхбатымызды оқырманға ұсынамыз.

– Күйшілік Сізге кімнен қонды?

– Күйшілік әуелі кісіге қанмен бітетін қасиет екенін бала күнімнен аңғарған едім. Мен көрген күйшілерде дарын мен талантты былай қойғанда, тұлға ретінде айшықтайтын ерекше қасиеттері болушы еді. Олар күйге музыкалық туынды емес, тәңірдің аманатындай қарайтын кірпияз жан­дар болатын. Менің әкем Әлімхан, оның ағасы Сейітхан – екеуі де ел таныған арқалы күйшілер. Кейбір күйді әсерлі шертсем, солар толғаған саздың сарқыты деп білем. Нағашы жұртымнан Алашқа әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы, классик күйші Сүгір Әлиұлы, қобыз бен домбыраны қатар сөйлеткен Жаппас Қаламбаев, аққуға күйін қосқан Генерал Асқаров сияқты өнерпаздар шыққан.

– Ұстазым деп кімді айтар едіңіз?

– Үлгі-өнеге алған ағаларым көп. Сарыарқа саңлақтары – Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Иса­таев, Мұхаметжан Тілеуханов, Мейрам Ұлмағамбетов, Алпысбай Тұрсынбековтерден көп өнеге ал­дым. Менің орындаушылық мәнеріме ықпал еткендер Қаратаудың қос қыраны – Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаров. Күйдің мәдениетін тануыма, шертістің қыр-сырын игеруіме белгілі жазушы-драма­тург, шертпе күй шебері Таласбек Әсемқұловтың ықпалы ерекше бол­ды. Осы аты аталған күйшілердің бәрі де маған ұстаз. Бәрі де «дала консерваториясының» түлектері. Ал, нақты кәсіби мамандықтан сабақ беріп, ноталық сауатымды ашқан ұстаздарымның ішінде Қарасай Сайжанов, Орынбай Дүйсенов, Аб­дулхамит Райымбергеновтің орны мен үшін бөлек.

– Күйші болуды армандадыңыз ба?

– Күйші болам деп армандаған емеспін. Әскерден келген соң 1980-жылы жаңадан ашылған Жезқазғанның музыка училищесіне құжат тапсырдым. Бағым жанып, сол жерден нота үйреніп, алғаш музыка әлеміне есік аштым.

– Сөйтіп, жоғары білім алуыңызға жол ашылды ғой?

– Иә, училищеден кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы Кон­серваторияны тәмамдадым. Өзімді кәсіби маманмын деп санаймын. Музыка училищесін бітірген соң Жезқазған қуыршақ театрында ра­дист, яғни музыка қоюшы болып жұмыс істеген күндерім де болған. Консерваторияның дипломын алған соң Жезқазған музыка колледжінде ұстаздық жолымды бастадым.

– Қазіргі кезде күйді бір домбы­рамен емес, оркестр, ансамбльмен тарту үрдісі қалыптасты. Оған көзқарасыңыз қалай?

– Ансамбль, оркестр, квартет, квин­тет, трио, дуэт және тағы басқалары – ұжымдық топтар. Бұлар Еуропа­да орта ғасырдың аяғын ала бере қалыптасқан мәдениет. Ансамбль қазақтың дәстүрлі музыкасы емес, кірме жанр. Ал, ұлттық музыканың, оның ішінде күй өнерінің табиғаты еуропалық өңдеуге мұқтаж емес. Қазақи әуез өз дамуы шегіне жеткен кемел өнер екені айдан анық. Қазақ күйі ансамбльдік немесе попуррилық өнер емес. Ол дара табиғаты бар ақсүйек өнер. Қосыла тартқанның өзінде біркелкі унисон болса ғана толыққанды тыңдалады. Дәл қазір күйді тарқата тартпай, шолақ қайырып, басқа шығармаға ауысу, одан әрі сол сияқты бірнеше күйді қайырма ете салу сияқты «салт» пайда болды. Домбырашылар баба­ларымыздан келе жатқан күйшілік қасиетті кейінге ысырып қойып, шала таным сұранысты қанағаттандыруға ойысып бара жатыр. Қазір жас күйшілерде күйді сезініп тарту емес, қолдың қимылымен әртүрлі өрескел қимылдар жасау, түрімен мимикалық әсер беру, апиыншы адам секілді елту, тағы осы тақылеттес одағай дәстүр қалыптасты. Көрген сайын көңілің қамығады, амал нешік. Осындайда Ақселеу Сейдімбектің жоқтығы арқама аяз­дай батады. Ахаң тірі болса, қой дер еді, жадағай домбырашылық мүлде болмас еді. Ахаң саяздыққа төзбеуші еді. Анда-санда «күйдің бабам тартқан сарыны қайда» де­ген Таласбек Әсемқұловтың дауысы ғана күркіреп естіледі.

– Бұл «салттың» қалыптасуына не түрткі болып тұр?

– Осы құбылыстың түпкі себебі – сахна мен той салтының ара жігін ажырата алмау деп ойлаймын. Әрине, тойдағы салтанат бөлек, ол да қазақтың бір думаны. Дегенмен, сахналық орындаушылық дәстүр ежелгі салт, алқалаған әлеуметке күй тартудың сыны ауыр, соны түсіну бәрімізге ортақ міндет болуы керек. Күй деген де бір иман ғой. Күйдің ізгілігін елемеу – иманыңды сатқанмен бірдей.

– Тартыс жанры құрып барады деген сөз көп айтылып жүр. Сонда қазір нағыз күйшілер жоққа жақын ба?

– Күйшілер аз емес, құдайға шүкір! Тартыс туралы айтайын. Қазақта екі өнер болды, өнердің екі арнасы. Бірі – айтыс, екіншісі – тартыс. Айтыс пен тартыс белгілі бір тарихи өзгерістерге байланысты тоқтап қалған өнер еді. Жазба поэзияның дамып, алға озуы себепті ауыз әдебиетінің ең бір айшықты түрі – айтыс аздап тоқыраған еді. Қаһарман ағамыз – Жүрсін Ер­ман ел ішіндегі айтыскерлерді жи­нап, айтысты қайта тірілтті. Айтыс жаңғырды да, тартыс сол күйі тоқтап қалды. Тартысты жаңғырту үшін айтыстағы сияқты дәстүрлі ізін сақтау керек–ақ. Тартысты тірілтемін деген біраз жобалар болды. Бірақ тартыс дәстүрлі қалпын бұзбауы тиіс. Жаны­нан шығарып тұрып тартатын тартыс қана тартыс болмақ. Ол дегенің – бірінің тартқанын бірі қайталап бере алатын дүлдүлдер қабілетінің сайысы. Қол соғып отырған әлеуметке қолма- қол күй арнап жіберетін тартыстар да қайта жаңғырар еді. Тартысты тірілту үшін өміршең жобалар керек. Күй өнерін қайта жаңғырта алатын тұлға керек. Қазақтың күйшілері бабаларынан дарыған сазгерлігімен қайым тартысты қайырып, жұмбақ тартысты жаңғыртып, түре тартыспен елді егілтіп, сүре тартыспен санамыз­ды аялайтын кез де келер деп сенемін, тек ықылас пен ниет болсын.

– Күйдің күні өтіп бара ма?

– Күй – ұлттың музыкалық тілі. Егер қазақ тілінің күні өтіп барады десек қалай болар еді?!… Бірақ сұрағың ғажап екен. Күй нарықтың бағалауы бойынша тауар болып тұр. Өкінішітісі де сол…

– Өзіңізге сұраныс болып тұра ма?

– Эстрада жұлдызының нарықтық сұранысы секілді қажеттілік жоқ. Со­лай бола тұра кейде зәуімен концерт­терге шақырады. Жылына бір-екі рет үкіметтік концерттерге де қатысып тұрамыз.

– Дәстүрлі күйшілерден кімдерді атай аласыз?

– Мен өзімнің араласып жүргендерімді айтайын. Мұхаметжан Тілеуханов, Біләл Ысқақов, Ахат Байбосынов, Қайрат Айтбаев, Ар­ман Қадірбек, Жалғас Сәдуақасов, Жайнат Құлжанбекова – бұл күйшілер Арқаның мектебін алға сүйреп жүрген өнер өкілдері. Алтай күйшілік мектебінің өкілдері – Мұқаш Таңғұтұлы, Мұрат Әбуғазин, Секен Тұрысбеков, Анар Кітапова, Арда­би Мәулет. Жетісудан – Базарәлі Мүптекеев, Ақбота Тұрымбетова, Ала­таудан Батырлан Әбенов, Қаратаудан – Саян Ақмолда мен Сәрсенғали Жүзбаев.

– Атыңыз жастай шықты. Мықты күйшілерден тәлім алдыңыз, соған ризасыз ба?

– Аллаға мың да бір шүкір. Сүгір күйлері мені елге танытты. Арқа мен Қаратау күйлерін тел еміп өстім, соның арқасында елдегі ең үлкен сахналарға шығуыма жол ашылды. Қазақтың біртуар дүлдүлдері – Бақыт Басығараев, Рысбай Ғабдиев, Уәли Бекенов, Мағауия Хамзин, Шәміл Әбілтай, Қаршыға Ахмедияров, Сержан Шәкіратовтар сынды айту­лы күйшілер көрік берген сахнаға солардың ізін баса шықтым, шамам жеткенше күйдің дәстүрлі салтын насихаттадым. Кеңес заманында, 1988 жылы бүкілодақтық «Мело­дия» фирмасынан менің күйтабағым шықты. Ол кезде күйтабақ шығару де­ген екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт.

– Шертпе күйдің тарихына нақты тоқталуыңыздың себебі не?

– Шертпе күй өзі кем зерттелген жанр. Оның себебін мен қысқаша ғана айтып өтейін. Жалпы, қазақта күйшісі жоқ өңір болмайды. Бірақ, Қазан төңкерісінен кейін орыстар басып-жаншып, қазақтың ұлттық мәдениетін билеп, төстеді. Кеңестік саясат әдебиетте де, тарихта да, му­зыкада да, мәдениеттің барлық са­ласына тікелей араласты. Соның салқыны шертпе күйге орасан нәубет әкелді. Арқаның домбырасы аспап ретінде қолданыстан шықты. Сай­далы Сары Тоқа, Итаяқ, Қыздарбек, Сембек сынды көптеген Арқаның жампоздарының күйлері құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалып кетті. Ал­тайды күймен тербеген Шығыстағы күйшілер елден көшіп кетуге мәжбүр болды. Қаратаудағы күйші атаулы аты­шулы Созақ көтерілісінен кейін мүлде басылып қалды. Сондай шектеулердің кесірінен Арқа, Шығыс, Жетісу, Қаратаудан Сырға дейін бір кезде салтанаты жарасқан шертпе күй өнері кеңестік дәуірде насихаттан тысқары қалды. Кейін Уәли Бекенов шертпе күйді қайта қолға алды, ар­найы мектебін ашты. Қазақтың күйі қыранның қос қанаты сияқты. Төкпе күй мен шертпе күй қатар қанат жаймаса, күй мәдениеті заңғар көкке самғай алмайды. Мен шертпе күйді осы себептерге байланысты өмірімнің мақсұты деп санап жүрмін.

– Шертпе күйдің төрт мектебін жанжақты зерттедіңіз, еңбегіңізге көңіліңіз тола ма?

– Көңілім әлі де толмайды, кемшін тұстары көп. Шертпе күйдің төрт аймағын түгендей алдым демеймін, тек аймақтық мектебін ғана анықтай алдым. Ғылыми маңызынан гөрі ақпараттық-анықтамалық бағыты басымырақ болды. Қаржы да жетпеді, баспаға қарызданып әзер шығардым. Арқа, Алтай, Жетісу, Қаратау ежелден сезімшіл күй-шертпе күй дарыған өлкелер болып саналады. Осы өңірлерде қазақы шертпенің інжу- маржаны, тарихи тамыры сақталған, дәстүрі мызғымаған. Жалпы қазақ күйінің әуелгі сазы бір, ал аймақтық бөлінуі орындаушылық мәнердің байлығын көрсете алатын фактор ғана. Мәнер қанша көп болса, қазақ күйінің сазы да соншалық мазмұнды болатыны баршаға белгілі. Көшпелі қазақ тұрмысында атақоныс ұғымы басты мәселе болды. Әр жүздің, әр рудың өзіне тиесілі жаз жайлауы, қыс қыстауы болды. Жазғытұрым жайлауға шыққанда қарға тамырлы қазақтың басы қосылады. Күйшілер тартысы дегендей жоралғылар да көбінесе осы кезеңде сыналады. Жастар абыздардан күй үйренеді. Болашақта осы мәселелерді жан- жақты қайта жазуға тура келетін сияқты, Алла нәсіп етсе…

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button