Мәдениет

Жанғалидың «асуы»

«Қазақстан» орталық концерт залында белгілі күйші, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбайдың «Асу» атты күй кеші өтті.

[smartslider3 slider=2630]

 

Аталмыш кешке Қаратау күй мектебінің көрнекті өкілі Төлеген Момбековтің бір күйінің атауы берілді. Оның өзіндік себептері бар. Төлеген осы күйін алпыс жасқа толғанда жазған екен. Ондағы ойы – «алпысқа толдым. Бұл бір асу болды. Осы жасқа дейін өнерде біраз жерге бардым. Енді осымен өрлеу жоқ шығар» еді. Бірақ осыдан кейін де жетістіктері аз болмады. Сондықтан былтыр алпыстың асуына шыққан Жанғали Жүзбай осы атауды кешіне ырымдап алды.

Ал концертте кеш иесімен қатар оның шәкірттері, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Халық қазынасы» бөлімінің өнерпаздары өнер көрсетті. Кеш тізгінін осы бөлімнің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали ұстады. Жанғали Жүзбай осы бөлімнің күйшісі екенін айта кету керек.

Концерт күй өнеріндегі бір жанрға айналған қосбасарлармен ашылды. Расымен, осы атаумен кездесетін күйлер қазір өте көп. Бірақ арасында елге кең танылғаны да, танылмағандары да жетерлік. Соның ішінде Тәттімбеттің, Сайдалы Сары Тоқаның, Әбдидің «Қосбасарларын» тыңдадық. Жанғали Жүзбайдың талантты шәкірттерінің бірі Мадияр Сүлейменов бұл тізбекті Сүгірдің «Қосбасарымен» жалғады.

Жалпы кеште шертпе күйдің барлық мектептері қамтылды деп айтсақ болады. Арқаның, Қаратаудың шертпелері, Алтай-Тарбағатай күйлері, тіпті қырғыз жұртының мұрасы да күмбірледі. Бұл кеш Жанғали Жүзбайды композитор ретінде де танытты. Жиналған жұрт оның «Кетбұқа» және «Желдірме» атты төл туындыларын тыңдады.

Күй кеші арасында әнмен де көркемделіп отырды. Ерболат Шалдыбеков, Айгүл Елшібаева, Клара Төленбаева сынды белгілі әншілер көрермендерді әсем әндермен сусындатты. Ал күйлерді Жанғали Жүзбаймен қатар оның шәкірттері Қайрат Айтбаев, Манап Анықбеков, Ербол Мұхамедиев, Ақжусан Иманғазықызы шертті. Жұрттың делебесі қозып, «жұп болсын» деп өнерпаздарға екі шығармадан айтқызып, қос күйден тартқызды. Көрермендер үш ішекті домбыраның үнін тыңдады. Түйіндеп айтқанда, концерт кеш иесіне шығармашылығын өрлетуге шабыт сыйлады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button