Таным

ЖАНҒОЖА БАТЫРДЫҢ ТАРИХИ БЕЙНЕСI

Жанқожа батыр

Қазақ халқы ғасырлар бойғы арманына қол жеткізіп, тәуелсіздіктің көк байрағын жиырма жылдан астам уақыттан бері көкке көтеріп, бейбіт өмір кешіп отырған кезеңде туған елінің азаттығы үшін қан төккен батыр бабалардың, сөзін семсер, тілін найза еткен даналардың рухтарын ұлықтау, олардың ерлігін кеңінен насихаттау қалам ұстаған, бүкіл ғұмырын солардың өмір жолын зерттеуге арнаған біз сияқты тарихшы-қаламгер ұрпақтарының перзенттік, азаматтық парызы болса керек.

Алайда, тәуелсіз ел атанған, әркімге сөйлеу, жазу еркіндігі тиген тұста, әсіресе, бір замандары ұлттық тәрбие құралы болған көркем әдебиеттерді оқитындар азайған соңғы жылдары, кез келген адам тарихшы, зерттеуші, шамасы келмейтіндер де жазушы боп шыға келіп, тіпті, шала естіген, ойдан шығарылған аңыз әңгімелерді баспасөз құралдарында жариялап қана қоймай, «Менің бабам тұрғанда, пәленше-түгеншелер де батыр ма еді, шешен бе еді, көсем бе еді?!» деген парықсыз пікірлер айтатынды шығарды. Өкінішті-ақ!

Жасыратыны жоқ, осындай негізсіз деректердің, руға тартушылық пен жершілдік кесапаттардың кесірінен барымташы болғандар, туған елі, жері және тарих үшін ешқандай еңбек сіңірмегендер қалталы ұрпақтарының арқасында «азаттық үшін күрескендер», «еліне адал қызмет еткен ардақтылар» қатарына жатқызылып, қымбат бағалы ескерткіштер қойылып, тіпті, олардың есімдері ауылдар мен мектептерге, мекемелер мен көшелерге беріліп жатқаны да көпшілікке аян.

Осындай өрескел жайттардың кең етек алып бара жатқандығы, мұндай әрекеттерді тоқтату қажеттігі жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев талай рет ескертсе де, бұл «әдет» тиылар емес.

Әйтсе де, қазақ даласының басқа аймақтарын былай қойғанда, тек Сыр мен Арал өңірінің өзінде ғана, мұндай жалаң айқайдың, байлық пен тамыр-таныстықтың арқасында белгілі болып жатқандардың көлеңкесінде қала алмайтын, ондай «қолдан сызылған шеңберге» симайтын тұлғалар қаншама?! Сондай кесек тұлғалардың бірі және бірегейі – 2014 жылы туылғанына 240 жыл толғалы отырған, бүкіл саналы ғұмырының жетпіс жылдай уақытын халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған, қазақ даласының ең соңғы теңдессіз батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы.

Сондықтан, оқырмандардың назарына ұсынылғалы отырған мақала, М.Тынышпаев айтқандай, «көзінің тірісінде-ақ Үш Жүздің әйгілі батыры, белгілі биі һәм алдын болжаған әулиесі» атанып, бірақ қаншама теңдессіз ерліктер, әділ әрекеттер жасаса да, қашаннан да ауызбірлігі жоқ халқының басын бір ту астына біріктіре алмай, бүкіл ғұмыры өкінішпен өткен, ақыры, қартайған шағында, өз елінен шыққан сатқындар қолынан қаза болған сол Жанқожа батырдың жеке басына қатысты нақты деректер жайлы болмақ.

Жанқожа 1774 жылы қазіргі Қазалы ауданындағы өзінің есімімен аталатын ауылдың шығысында жатқан Сарыкөл мен Қаракөлді қосатын «Күркіреуік» арнасы жағасында дүниеге келген. Ал 1860 жылы  наурызда жалғыз үй отырған 86 жастағы батырды он төрт жасар баласын патша сарайына кепілдікке беріп, орыс армиясының полковнигі атағын алған Елекей (Ермұхаммед) Қасымов өз отрядымен қамап, Байқадам батырдың кенже ұлы он жеті жасар Ақсақалға аттырып өлтірген.  Батыр Қызылқұмдағы өлтірілген жерінде жерленген.

Жанқожаның туған-өлген жылы, жері жайлы деректер ешқандай талас туғызбайды. Өйткені, ол жайлы 1992 жылы жарық көрген «Жанқожа батыр» атты тарихи романымның 1-кітабында мұрағаттық деректерді батырдың XX ғасыр басында өмір сүрген ұрпақтары айтып кеткен мәліметтермен салыс­тыра, жан-жақты зерттей отырып жазған болатынмын.

Мұның қаншалықты дұрыс екендігін автордың жарық көргелі отырған «Наркескен» тарихи-деректі трилогиясынан айқын аңғаруға болар деп ойлаймын. Енді сол деректер мен мәліметтерді қысқаша айтып өтейін.

Жанқожа батырдың сауыты мен қару-жарақтары. 3-т.соңғы форз. 1-б

Батырдың туған ағасы Ақмырзаның немересі Бижан мен Жанқожаның 1936 жылы 83 жасында дүние салған кенже қызы Байсалды көрген, олармен Арал ауданының «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты «Биіктау» ауылында көп жыл бірге тұрған Қабыл Сәрсенбайұлы мен Тойымбет Күлімбетұлының 1979 жылы наурыз айында менімен болған сұхбатында айтылған деректер бойынша, әкесі өлгенде Байсал 7 жаста болған. Олай болса, ол 1853 жылы туылған (1936-83), оған  7-ні қоссақ, батырдың қайтыс болған жылын (1860) білеміз.

  1. Бірде, Жанқожаның әрі інісі, әрі баласы және батыр сарбаздарының бірі Жалмырза Ақмырзаұлы үлкен ұлы Бижанға: «Жанқожа атаң орыстармен соғысатын кезде 82-83 жаста еді» деген екен. Көтерілістің 1856 жылдың күзі мен 1857 жылдың қаңтарының екінші жартысы аралығында болғаны мұрағат деректерінен белгілі. Көтеріліс кезінде сатқындық жасаған рубасыларына және Қазалы форт басшыларымен ауыз жаласып, орыстардың пайдасына тыңшылық еткен кейбір билер мен батырларға өкпелеп, Бұхара жеріндегі «Ерлер» шыңына көшіп кеткен батырдың үш жыл өткеннен кейін ғана ажал құшқан жеріне оралғанын ескерсек, онда оның 1860 жылы өлгені және 1774 жылы туылғаны (1860 – 83 – 3) дау туғызбайды.

Енді Жанқожаның жеке басын, түр-тұлғасы мен кескін-келбетін, мінез-құлқын суреттейтін деректерге үңілейік.

  1. Райым, Қазалы форттарында қара жұмысқа жегіліп, 1847-50 ж.ж. Арал теңізін зерттеген капитан А.И.Бутаковтың, ал 1860 жылдары Амударияға дейін барған орыс зерттеушісі Л. Бергтің шхуналарында ескекші-матрос болған, Жанқожаны көп жылдар бойы көріп-біліп жүрген Құттық руынан шыққан Мұсабай жыраудың түрлі мұрағаттарда сақталған әңгімелері мен өлеңдерінде: «Жанқожаның түр-тұлғасы, мінез-құлқы бөлекше болған. Жас кезінен бастап-ақ мінезі ауыр, орынсыз сөйлемеген, балалармен де қосылып ойнамаған. Біреулер жанжал шығаруға қайымдасса, ол көзінің аласымен бір қарап, өз жөніне жүре береді екен. Жылдан-жылға бой-тұлғасы ерекшеленіп, айрықша көзге түсе бастаған» деген деректер бар (ҚР ҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында).
  2. Ресейдің отарлық езгісіне қарсы 1856-57 жылдардағы көтерілісі кезінде батырдың мыңбасы болған Сырлыбай Шабақұлының шөбересі Орақ Жанұзақұлының 1930 жылы қойған: «Жанқожа атамыз қандай адам болған?» деген сұрағына жоғарыдағы айтылған Бижан Жалмырзаұлы: «Жанқожа өте сұсты, көздері жалын атып тұратын, қабағы қалың, назарын сәл төмен салса қою һәм бұйра қастары жанарларын жартылай жауып кететін адам болған. Ашу қысқанда екі көзі қанталап, үнемі білегіне іліп жүретін айбалтасын шыр айналдырып, ысқыратын. Бірақ, соншалық айбатты батырдың бойы ұзын емес еді. Орта бойлыдан сәл-пәл ғана жоғары, екі иығына екі адам еркін сыятындай қақпақ жауырынды, кең кеуделі, жуан мойын, мұрыны үлкен, төртпақ адам болған» деген жауап қайтарған екен.
  3. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер ғылыми-зерттеу институты қолжазба қорындағы ХІХ-ғ. соңы мен ХХ-ғ. бас кезінде Жанқожа жайлы халық ақындары жазған сегіз жырдың бірінде:

…Кең кеуде, бөрі қабақ, жолбарыс бет,

Жаурыны еніменен теңдес келген…

Жұмырлау жолбарыстың жотасындай.

Шығыңқы құлақ жағы, жуан мұрын,

Айбатты жан көрінер арыстандай!

Алдынан не келсе де қайтпайтұғын,

Шұбар көз* айға шапқан қабыландай!

Қабағы төмен түскен, ұзын мұртты,

Жауатын күннің қара бұлытындай… – дейді.

(«шұбар көз» деп қабыланның көзін айтып отыр – авт.)

  1. 1893 жылы Қазан қаласынан Сыр, Арал өңіріне арнайы келіп, батырдың көтерілісі мен өміріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген И.Аничков «Киргизский герой (батыр) Джанходжа Нурмухаммедов» атты еңбегінде (235-б.) оның түр-тұлғасы мен мінезі жөнінде: «Что касается наружности батыра, то по рассказам видевших его и знавших, он не был как Исет Кутебаров большого роста и внушительной наружности, напротив, имел небольшой рост и не отличался видною наружностью; никогда не расставался со своим оружием: кинжалом, шашкой и айбалтой, которые всегде лежали около него, даже когда сидел или лежал в кибитке; он, говорят, всегда строгал какую-нибудь палочку, как будто так же строгает своих врагов; был он молчалив и неразговорчив» дейді.
  2. Жанқожа жігіт ағасы болған шағынан бастап, ұзын сақалын қыздың бұрымындай етіп өріп қоятын болған. Бұл батырдың «ат үстінде және ұрыс кезінде желдің екпінімен кедергі болмасын» деген ұқыптылығынан туғандай.

Батырдың сақалы жөнінде оның ұлы Итжеместі  1893 жылы  Қарақұмдағы үйінде көрген И.Аничков, жоғарыдағы еңбегінде (220-б.): «Сын батыра, еще находящийся вживых, тоже называемый батыром, Итчемись, 80-ти летний старик, кочует на местности Акирек и в Каракумах, не имеет большого состояния, но пользуется большим почетом среди всех киргиз, у него есть потомство от нескольких жен; в память своего отца заплетает в косичку свою седую бороду» деп жазған.

  1. 1983 жылы «Жанқожа – қазақтың халық батыры» атты тұңғыш кітабым сол кездегі солақай саясатқа сай келмей, өндірістен алынып қалған соң, жазуды қойған кездері түсімде көргенімде маған: «Неге кідіріп тұрсың?! Осы тура жолмен жүре бер!» деп ұрысқан батырдың өзім бейнелеген мына суреті мен жоғарыда сөзбен суреттелген бейнесі арасында оншалықты айырмашылық жоқтай көрінеді. Егер атақты батырға ескерткіш қойылатын болса, оны жасайтын мүсінші осы нұсқаны негізге алса, қателесе қоймас деп ойлаймын. Әйтпесе, бейнесінен батыр кейпі білінбейтін «шаруа типтес» ескерткіштер мен суреттердің көбейіп бара жатқаны қынжылтады.
  2. 1979 жылы наурызда батырдың бейітіне барып келе жатып Биіктауда оның ұрпағы Ебелеков Ерғалидің, Қызылқұмда екінші ұрпағы Нәсірадинов Алдажардың, үшінші ұрпағы Жалмырзаев Сағадиннің үйлерінде сақтаулы тұрған, оның өзім суретке түсіріп алған мынадай қысқа жеңді, үлкен кеудеше сауыты және білтемен атылатын сирақты «Шұбар» мылтығы мен қанжары, сондай-ақ, кейінірек жоғалып кеткен, тізесін жауып тұратын қысқа балақты шалбарша сауыты, қылышы, атасы Киікбай батыр сыйлаған ұзын сапты айбалтасы болған. Айбалта негізгі қаруы екен.
  3. Ескерткіш жасаған мүсінші ескеруге тиіс тағы бір жайт – батырдың өзі ат қойған төрт тұлпары болғаны. Олар: Кеңқолтық (омыраулы, кеудесі кең), Құдайбергенторы (маңдайы қасқа, түсі торы), 1856-57 жылдары көтеріліс кезінде мінген Ақтабан (түсі қызыл, артқы екі аяғы қызыласықтан төмен ақ) және ішіне қарай қушырыла біткен қос құлағының шеміршектері мүйіздей қатты, түсі көкшулан «Көкешкі» аталған ең соңғы тұлпары.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлының түр-тұлғасы, кескін-келбеті, мінез-құлқы, қару-жарағы, мінген аттары жайлы мүсіншіге қажет мұндай жан-жақты деректер басқа батырларға қатысы бар мәліметтерде болған емес десем, артық болмас.

Сондықтан, тарихшы, жазушы ретінде саналы ғұмырымның жарты ғасырдан астам уақытын әйгілі батырдың өмірі мен халқы үшін жасаған қызметін зерттеуге арнағандықтан және перзенттік парызым болғандықтан, осы деректерді туған жерім – киелі де қасиетті қазақ елінің бүгінгі ұрпақтары біле жүргені жөн болар деп ойлаймын.

Әбдісаттар Оспанов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
тарихшы-этнограф

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button