Басты ақпарат

Жәнібек Кәрібжанов: Астана бір күнде салынған жоқ

– Жәнібек Сәлімұлы, сіз еліміздің басқару жүйесінде көп жұмыс атқардыңыз. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, ҚР Премьер-минис­трінің орынбасары, министр, елші, Шығыс Қазақстан және Ақмола облысының әкімі болдыңыз. Әсіресе Ақмола облысының әкімі болған кезіңіз, астананың Алматыдан Арқаға көшкен кезіне тура келеді екен. Содан бері 24 жыл уақыт өтті.

– Биыл Арқа төсінде бой көтерген әсем астанамызға ширек ғасыр толып отыр. Тарих көзімен қарағанда бұл көп уақыт емес. Алайда осы жылдар ішінде қыруар жұмыс атқарылды деуге болады. Өзім осы тарихи оқиғаның ортасында жүргендіктен, бәрі де әлі күнге дейін есімде.

[smartslider3 slider=3403]

 

 

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ ЕДІ…

 

Ел астанасын көшіру оңай емес, алдымен, оның геосаяси, демографиялық және этномәдени себептері көп. Сол кезде алдымен қордаланып қалған проблемаларды шешіп, астананы содан кейін көшірейік деген пікір де айтылды. Қарсылық та болды. Сонда да тәуелсіздік алғанымызға көп уақыт болмаса да, сол кездегі экономикалық қиыншылыққа қарамастан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алатаудың баурайындағы ел астанасын Арқа төсіне көшіруге тарихи шешім қабылдады. Еліміздің орталығына Ақмола қаласының таңдалуы да бекер емес. Ақмола – тоғыз жолдың торабы ғана емес, еліміздің дәл ортасында орналасқан гео­графиялық орталық. Кезінде «Ақмола – астанаға лайық» деп ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев та айтқан екен. Сондықтан тарихи маңызы бар мәселе кеңінен талқыланды. Елорданы ауыстыру 32 принциппен сарапталды. Ақыры, екі ғасыр тоғысындағы түрлі қиындық пен кедергіге қарамастан нақты мүмкіндіктер табылып, Ақмола – Қазақстанның бас қаласы атанды. Мұны еліміздің келешегіне бағытталған өте батыл стратегиялық шешім деп қабылдаймыз.

1997 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола облысының әкімі болып тағайындалдым. Бұл өңір маған бұрыннан таныс. Үкіметте істеп жүргенде талай іссапармен келіп, облыс­тың экономикалық жағдайы­мен, халықтың хал-ахуалымен танысқанмын.

Ол кезде Ақмола қаласы – Ақмола облысының орталығы. Сол жылы астананы көшіруге байланысты іс-шаралар дайындалып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұрынғы ескі ғимараттарды қайта жаңғырту қолға алынды. Әуелі Алматыдан келетін мемлекеттік мекемелерге қажетті ғимараттарды белгілеп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Көшіп келген қызметкерлер тұратын орындар анықталды. Жаңадан тұрғын үйлер бой көтере бастады. Осы жұмыстар астананы көшіруге байланысты құрылған мемлекеттік комиссия құзырында жүзеге асты. Оны сол кездегі комиссия төрағасы Николай Макиевский мен орынбасары, Президент Іс басқармасының басшысы Владимир Ни атқарды. Николай Михайловичті көптен танитынмын, бір жылдары екеуміз Үкімет басшысының орынбасары болғанбыз. Білікті құрылысшы болатын. Кейде құрылыс жұмыстарына қаржы жетпей жатады. Сонда ол кісі: «Сендер неге менен ақша сұрай бересіңдер. Іскер болсаңдар, ақшасыз салыңдар» деп әңгімеге әзілмен жауап беретін. Сол кезеңдегі маңызды жобалардың бірі ретінде жаңа салынып жатқан астананы әлемге таныту және осыған қажетті шетелдік инвестиция тарту көзделгенін айтқан жөн. Бұл ауқымды жобаны алғашқы ұлы көшпен елордаға қоныс аударған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жетекшілік еткен Сыртқы істер министрлігі асқан жауапкершілікпен атқарды.

 

АЛДЫМЕН РӘМІЗДЕР ӘКЕЛІНДІ

 

– Болашақ астанамызға қатысты қандай ерекше оқиғалар болды?

– 1997 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлығы шықты. Содан екі апта өткеннен кейін, яғни 8 қарашада астана атанған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Салтанатты іс-шара бұрынғы облыстық әкімшілік, қазіргі қала әкімдігі алаңында өтті.

Тарихи мәні зор шараны ­Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты. Одан кейін көнеден бүгінге дейінгі тарихымызды бейнелеген театрландырылған көрініс қойылды. Қаланың ең қарт тұрғыны Мұқат Мейірманұлы бастаған бір топ ақсақал жаңа астананың болашағына ақ жол тілеп, батасын берді.

– Астана көшіп келген кезде қандай қиындықтар болды?

– Шындығын айтқанда, сол кезеңде экономикамыз әлі еңсесін көтере қойған жоқ, елдің тұрмысы жүдеу болатын. Бір жағынан, әлемді шарпыған Азия дағдарысы оңай болған жоқ. Нарықтық қатынасқа да толық көшкен жоқпыз. Мәселен, сол жылы мұнайдың бағасы бір барреліне 17 доллар болды. Бір сөзбен айтқанда, өте күрделі уақыт еді. Сондықтан қызметке алғашқы кіріскен күннен облыс бюджетіне түсетін кірісті көбейтудің жолын іздедім. Өйткені зейнеткерлерге зейнетақысы мен бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын уақытылы төлеу қажет. Бірақ түсетін қаржы сұраныстан аз. Дегенмен, осы мәселеге көп күш жұмсап, шешімін таптық.

– Жарық, су, жылу мәселесі қалай еді? Жеткілікті болды ма?

– Сол жылдары қаладағы жылу-энергетиканың жағдайы да қиын.

Жылу жүйесі әлсіз жұмыс істеп, электр энергиясының күші жетпеді. Ал жаңа жылу орталығын салуға уақыт керек. Біз сол кезде шаһарды жылумен қамтамасыз етіп отырған 2-жылу энергетика орталығына күрделі жөндеу жүргіздік. Бұған 13 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген екен. Осы арқылы жылу орталығының қуатын көбейтуге және оның жұмысын тұрақтандыруға күш салып, 1-жылу энергетика орталығымен оны жалғадық. Өйткені 1-жылу орталығына сұйық отын пайдаланатын, мұның шығыны көп. Сондықтан екеуін біріктірдік. Осы күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 300 млн теңге, сол кездегі АҚШ-тың ақшасымен есептегенде 17 млн доллар керек болды. Бұл қаржыны беруге Үкімет бірден бас тартты. Сондықтан амалсыз Президентке ұсыныс айтып едім, ол кісі қолдап, тиісті қаржыны бөлгізді. Сөйтіп, бұл мәселе шешілді. Әйтеуір, сол жылы қыс­та қаладағы көпқабатты үйлер жылы болды. Осы жұмыстың басы-қасында Николай Тихонюк жүрді. Нағыз іскер азамат, тіпті ол кей күндері жылу орталығына қонып жұмыс істеді.

ЖАРЫҚ ТА, СУ ДА ТАПШЫ БОЛДЫ

– Жарық жетпей, су тап­шылығы байқалған жоқ па?

– Құрылыс жұмыстары көбейіп, тұрғындар саны өскен сайын қалаға электр энергиясы да жетіспеді. Сол уақытта облыс көлемінде электр энергия­сы 300 МВт жуық болды. Бұл кезде электр энергия беретін мекемелердің жай-күйі жоқ еді. Олардың еңсесін көтеруге қажет, оны кім бермек? Тұрғындар да тұтынған электр энергиясының ақысын төлемегені қарыз болып жиналып қалған. Осыны шешу үшін шаруашылықтарға электр энергиясын тікелей емес, аудандар арқылы сатып беретін болдық. Пайдаланған электр қуаты төлемінің деңгейін көтеруге электр энергиясын есептеу қондырғыларын облыстағы ауылдардың әрбір көшесіне қойдық. Қарызы көп көшелерге электр қуаты берілмейтін болды. Енді төлемдерді тұрғындар өзі қадағалады. Сөйтіп, электр қуа­тына төлейтін қаржы жинағын 90 процентке жеткіздік.

 1997 жылы желтоқсанның ортасында қалаға тоқ беріп отырған үлкен трансформатор істен шығып, шаһардың тең жарымында жарық өшіп қалды. Оны жөндеуге біраз уақыт кетті. Бұл кездейсоқ оқиға емес еді, көп жылдар электр желілері жөндеу көрмеген. Әсіресе ескірген трансформаторлар жиі бұзылды. Оның үстіне төтенше жағдай бола қалған жағдайда қаланың электр жүйесі үзіліссіз жұмыс істеуге бейімделмеген. Соған қажетті қаржы бөліп, оны шештік.

Қала көшелеріндегі жолдардың жағдайы да сын көтермеді. Жолдарды толық жөндеуден өткізу үшін бір жыл емес, ұзақ уақыт қажет. Сондықтан алдымен шаһардағы үлкен көшелердің жолын жөндедік. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі де жасалмаған. Бұған да қыруар қаржы керек. Тіпті қар тазалайтын техника жетпеді. Сол қыста бізге сол кездегі Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев жол тазалайтын техникаларымен көмектесті.

Сонымен қатар астананың ауызсу мәселесі де бізді ойландыр­ды. Қала тұрғындарының саны жылдам өскендіктен, бұрынғы Вячеслав су қоймасы тіршілік көзімен толық қамтамасыз ете алмайтын болды. Ақмоланың бас жоспарында шаһарды үш ірі су көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылған. Біріншісі – Нұра өзені, екіншісі – Ақмоланың астындағы үлкен су көзі, үшіншісі – Ертіс суы. Бірақ мұның бәрі оңай іске аспайды. Мысалы, бұрын Есіл – Нұра каналы салынған. Бірақ Нұраның суында зиянды заттар көп. Оны тазалауға көп қаражат керек. Ал жер астындағы судың тереңдігі 50-60 шақырымға созылған. Бұл су тұщы, тазалығы да жақсы. Бірақ дүние жүзі бойынша жер астындағы су стратегиялық қор деп саналады. Сондықтан үшінші нұсқаны алдық. Содан 22 шақырымдағы Ертіс-Қарағанды каналынан тартылған суды Есіл өзеніне, одан әрі Вячеслав су қоймасына жеткізу көзделді. Ондағы №19 насос стансасы жанында шағын көл бар екен, соған тоқтадық.

Сондай-ақ бұған дейін облыс өнеркәсібін дамытуға қатысты дұрыс реформалар жүргізілмеді. Кеңестік кезеңде дүркіреп тұрған ауылшаруашылығын машиналарын шығаратын өндіріс орындары («Қазақсельмаш», «Целинсельмаш») күйреген. Бізге «Қазақсельмашты» көтеруге мүмкіндік болмады. Өйткені олардың ауылшаруашылығына арнап шығарған машиналарының технологиясы өте ескі, бүгінгі талапқа сәйкес келмеді. Оны қайтадан жасау үшін қомақты қаржы керек. Ескірген техниканы шығарудың ешқандай қажеттілігі болмады.

– Әуежайдың жағдайы қалай еді?

– Ақмола аэропорты да шағын, жұпынылау болғандықтан, салмағы 75 тоннаға дейінгі самолеттерді ғана қабылдады. Сондықтан ұшақтардың класын көбейтіп, салмағы ауыр, үлкен боингтерді қабылдау үшін оған жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мұны атқаруға көп күш жұмсалды. Әуелі, уақытша пайдаланатын грунтовой (қара жол) ұшу-қону жолағы тұрғызылды. Одан кейін жаңа алаңға тәулігіне 3000 тонна асфальт бетон төселді. Осы жұмысты Ш.Бекболатов бастаған құрылысшылар тындырымды істеді. Барлық жұмыс түнгі 4:00-те аяқталды. Ал таңертеңгі сағат 10:00-де Президент ұшағы келіп қонды.

– Кадр мәселесін қалай шештіңіздер?

– Мен өзім министр, әкім, елші болғанда да ешқашан соңымнан команда ертіп жүрген емеспін. Өзіммен бірге білікті те іскер азаматтар істеді. Бірақ оларды анда-мұнда тасыған жоқпын. Ақмола облысына әкім болып келгенде, алдымен жергілікті кадрларға арқа сүйедім. Солардың арасынан іскер, білімді азаматтарды танып, лауазымды орындарға тағайындадым. Кейбір мамандар өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Бір жағынан, жергілікті мамандар осы өңірдің жағдайын, тұрғындарын жақсы біледі. Жаңадан келген адамға оны білу үшін уақыт керек. Ал оған уақыт жоқ. Өйткені біз үшін әр минут бағалы болды. Ауданда өз іскерлігімен көрінген азаматтарды облысқа шақырып, жаңа қызметке қойдым. Әсіресе Ақмола қаласының әкімі, марқұм Аманжол Бөлекпаев жан аямай жұмыс істеді. Қаланың проблемаларын шешуге күш салды. Көп көшелердің жолы жөнделіп жатты. Соны көріп Аманжолға «Жол бойына барлық тастарды лақтырып тастапсың. Оларды қашан жинап аласың?» деп әзілдеп айтып едім, ол жымиды да: «Уақытында бәрі орнына келеді» деп жауап берді. Шынында да, бәрі уақытында жасалды. Бір сөзбен айтқанда, қала басшылығы уақытпен санаспай еңбек етті. Сол кездегі қала әкімінің орынбасары болған Асқар Мамин кейін Премьер-министр болды. Сол жылдары менімен бірге істеген көптеген азаматтар астананың көркеюіне өз үлесін қосты.

РУХАНИ ОРДАҒА АЙНАЛДЫ

 

– Қаланың рухани өміріне де тоқталып өтсеңіз?

– Жалпы қандай елдің астанасына барсаңыз да, алдымен сол қаланың көркемдігі мен ескерткіштеріне, көшелерінің атауларына мән бересіз. Сол жылдары Ақмолаға келген қонақтар, алдымен, Тың игерушілерге арнап қойылған «К-700» тракторының ескерткішін көретін. Қала көшелерінен де кеңестік дәуірдің «иісі» аңқитын. Сонда мені: «Ақмола бас қалаға айналып жатыр, сырттан келген қонақтар өзге ұғымдарды беретін көше атау­ларын көріп, «мынау, қай елдің астанасы» деп айтуы ғажап емес қой» деген ой жиі мазалайтын. Сондықтан көшелердің атын өзгертуді қолға алдық. Президентпен ақылдасып, тура бір мезетте отыз көшенің атауын өзгерттік. Бұл, бір жағынан, тарихтың да талап еткен тілегі болатын. Мәселен, бұрынғы Студенттер даңғылын – Абылай хан бабамызға, Карл Маркс көшесін Кенесары ханға бердік. Біз Ұлы Абылай ханның атымен ұзын көшені толық атаймыз деп ойлап едік, оның қисыны келмеді. Көпірдің арғы жағы даңғыл, бергі беті көше болды. Оның тағы бір сыры бар. Бұрынғы Карл Маркс көшесімен жоғары өрлесеңіз, қазіргі Қажымұқан стадионы тұрған жердегі сол кездегі Ресей патшалығының бекінісіне Кенесары хан шабуыл жасаған. Бұл – тарихи ақиқат! Сөйтіп, хан Кененің есімі еліміз азаттық алғаннан кейін, өзі атойлап кірген бекініс орналасқан жерге көше болып оралды. Осы ауқымды іс-шарадан астана төңірегі тыс қалған жоқ. Облыстың алты ауданының тарихи атаулары қайтарылды.

Елорданың рухани-мәдени өмірін де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Сол жылы Ақмолада қазақ және орыс театры, облыстық филармония, музыкалық мектеп және бір мәдениет сарайы ғана болды. Енді осы мәдени мекемелердің деңгейін астаналық мәртебеге жеткізуге күш салдық. Еліміздің бас ордасы болғандықтан опера және балет театры болуы керек, оған бұрынғы Теміржолшылар сарайын беріп, күрделі жөндеу жүргіздік. Алматыдан бас қаланың мәдениетін көтеруге әлем әртісі, талантты скрипкашы Айман Мұсақожае­ва келіп, бүгінгі Қазақ ұлттық өнер университетінің іргетасын қалады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дарынды опера әншісі Кенжеғали Мыржықбайға облыстық филармонияны басқаруды тапсырдым. Бұрын филармония Жастар сарайында орналасқан еді. Сондықтан оларға жеке тұрған «Целинный» кинотеатрын ұсынып, тозып тұрған ғимаратқа жөндеу жүргізілді.

– Бүгінгі әсем астананы немерелеріңізбен бірге аралап жүргенде бұрынғы қандай оқиғалар есіңізге түседі?

– Ақмола астана болғанға дейін шағын облыс орталығы еді. Есілдің сол жағалауы бос болатын. Қазір сол жерге көздің жауын алар ғимараттар салынып, әсем қала орнады. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа мерзімде, бір кездегі шағын шаһардың орнына зәулім астананың бой көтергені – Қазақ халқының зор мүмкіндігін әлемге көрсетіп, бүгінгі жастар мен келешек ұрпаққа мол мүмкіндік ашты. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің бас ордасын Алматыдан Арқа төсіне көшіру кезеңінде тапсырылған жауапкершілігі мол, аса зор міндетті қолымнан келгенше адал атқардым. Ақмола облысының әкімі болып бір жылдан да аз уақыт қызмет істесем де, сол кезең маған ғасырларға татитын сәттерді сыйлады. Тарихымызда үлкен орны бар ұлы көштің басы-қасында жүріп, елорданың қалыптасуы мен дамуына бір кісідей үлесімді қосқанымды азаматтық парызым деп білемін.

Сұхбаттасқан

Қалиакбар Үсемханұлы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button