Басты ақпарат

ЖӘНІБЕКТЕГІ ЖАУ ТЫҢШЫСЫ

Ен майданының етегіндегі ел

Сталинград сол кездегі Кеңес Одағының оңтүстігіндегі аса ірі экономикалық әрі саяси мәні зор орталығы еді. Ол – Кавказды, Орта Азияны, Қазақстанды орталық аудандармен байланыстыратын жол торабының кіндігі. Су және теміржол торабының қиылысқан жерінде орналасқан Сталинградқа жау соғыс тарихында бұрын-соңды болып көрмеген техникасы мен адам күшін аямай төгіп, қаланы жер бетінен жойып жіберуді көздеді. Жалпы, Гитлер Кеңес Одағының орталық қалаларын жаулап алудың жоспарын алдын ала бекіткен. 1942 жылдың 10 шілдесінде – Борисо­глебск қаласын, 25 шілдеде – Ста­линградты, 5-10 тамызда – Сара­товты, 10-15 тамызда – Куйбышевті, қыркүйектің 1-і – Урал аймағын, 25-інде Бакуды басып алу діттеген.

Сөйтіп, жоспар бойынша жау 1942 жылы Сталинградқа да тақап келді. Жиырма жеті күнде – Поль­шаны, он тоғыз күнде – Голлан­дия мен Бельгияны, қырық төрт күнде Францияны толықтай басып алған фашистер Сталинградтан мұндай бетқаратпас қарсылықты күтпеген еді. Отыз сегіз тәулікке созылған қиян-кескіден соң бір көшені ғана басып алады. Қаһарман қала үшін 17 шілдеде басталған ұрыс 1943 жылдың екінші ақпанында фашистердің талқандалуымен аяқталды. Соғыс қимылы жүз мың шаршы шақырымға, ал майдан шебі 400-ден 800 шақырымға дейін созылды. Сол қатерлі күндерде Сталинград облысымен ортақ шека­расы бар Қазақстанның батыс аудан­дары Қызыл армияның жақын тылы ретінде үлкен әскери-стратегиялық рөл атқарды. Жәнібек, Қазталов, Орда аудандары Сталинград әскери округіне қарады. Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол бекеттері Сталин­град майданы қарамағына енгізілді.

1942 жылдың қыркүйегінде Орал мен Гурьев (Атырау) қалаларында қорғаныс комитеттері құрылды. Оралда ірі радио, телефон, телеграф торабы орналастырылды. Осынау байланыс жүйесі арқылы Сталин­град майданы Бас командованиемен берік қатынас жасауға мүмкіндік алады (М.Қозыбаев, «Казахстан – арсенал фронта», А.,1970. 331-б). Батыс Қазақстан жерінде жиырмаға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді. Майданның таяу тылы болған Оралдағы механикалық зауыт 1942 жылдың тек үшінші тоқсанының өзінде-ақ Сталинград майданының 300 танкісін жөндеп, 500 моторын іске қосады (П.Букаткин. «За­падный Казахстан в годы ВОВ», 1967, 16-17-б). Эвакуацияланған зауыт-фабрикалар жұмысшылары мен олардың отбасына да, жау ба­сып алған аймақ халқына да Отан бола білді бұл Батыс Қазақстан. «Алыс жатқан Қазақстанда, Теректі ауылында, біз өзімізді үйіміздегідей сезіндік. Бізді дәл аға-інісі және апа-қарындасындай қабылдады» деп жазады украиндық Паша Ангелина «Люди колхозных полей» атты кітабында (Мәскеу, 1954. 81-б).

Бомбаның ізі далада жа­тыр әлі

1942 жылдың күзінде теміржолмен Сталинград майданына жеткізілетін жүктердің барлығы Жәнібек бекетіне тасыла бастады. Теміржолды жау бомбасынан аман сақтау мақсатында эшелондар бекеттен 4-5 шақырым қашыққа тоқтатылып, сол жер­ге түсірілген жүктер майданға жеткізетін көліктерге тиеліп отырған. Жау ұшақтары қайта-қайта шүйлігіп, бомбалаудан көз аштырмаған. Тіпті, түнде де төпелеу тиылмаған соң, теміржолшылар жолдан алысқа керосин шамдар орнатып, тапқырлық танытқан. Ол жерлерге түскен бомбалардың орны әлі күнге дейін байқалады. Ақсақалдар сол шабуылдардан өртке оранған вагондардың қаңқасы Жәнібек бекетінде соғыстан соң он шақты жылдарға дейін тұрғанын айтады.

Фашистер тек теміржолды емес, бейбіт ауылды да оқ астына алған. Бұл жайлы С.Беланның «Казах­станцы в битве на Волге» кітабында былай келтіріледі: «Жәнібек орталығына неміс бомбалаушы ұшақтары топтаса ұшып, 3 қазанда шабуылдады. Он адам өліп, сонша­ма адам жарақат алды. Ішінде жа­нармайы бар цистерналар жарылды. Қару-жарақ сақталған қойма мен НКВД-ның ғимараты отқа оран­ды. Су мұнарасына зақым келген. (Мұнара сол кездегі темір белдікпен тартып тастаған күйінде әлі тұр). 7 қазан күні жау ұшақтары тағы да оралып, 8 қазан күні Жәнібек бекетін екі мәрте бомба астына ала­ды. Ондаған тұрғын үйлер, байла­ныс торабы мен бөлімше ғимараты, диірмен мен бидай сақталған қойма, қазақ және орыс мектептері, аудандық жер бөлімі мен кәсіподақ ұйымдарының ғимараттары қирайды. Осы шабуылдар салда­рынан Сталинградқа жол тартқан жүк тоқтап қалады. 9 қазан күні теміржолды қалпына келтіруге ау­дан тұрғындары жаппай жұмылады. Жұмыстың қызған кезінде кенеттен тағы шабуыл басталып, теміржолды қалпына келтіру ісіндегі және сол маңайдағы 40 адам қаза тапты. Бір ғана Жәнібектің өзінде 200-ден астам тұрғын үй қираған. Даладағы мыңдаған гектар егінді де отқа ораған фашист ұшқыштары кезіккен жалғыз-жарым жолаушыларға да пулеметтен оқ жаудырған.

Сол кездегі ресми деректерге сүйенсек, Шоңайға – 24, Сайқынға – 36 , Жәнібекке 40 шақты әуе соққысы жасалған екен. Үш жүздей бейбіт тұрғын мен әскерилер мерт болып, 250-дей адам жарақаттанған». Осы үш бекетке он бір рет жеке-жеке, жиырма екі рет топ-тобымен шүйліккен немістің 138 ұшағы жалпы саны 538 бомба тастаған. Жәнібек аудандық мұрағатында сақталған ауданның соғыс кезіндегі байланыс торабы, мал бордақылау пункті, май за­уыты құжаттарында 1942 жылдың қыркүйек-қазан айларындағы бом­балау жөнінде де деректер көп кездеседі.

Жоғарыда аталған кітапта теміржолшылардың да ерлікке пара-пар еңбектері де айтылады. С.Белан сол жылдың шілде мен желтоқсан айлары арасында Урбах-Астра­хан-Саратов теміржолында неміс ұшақтарының шабуылынан 1393 теміржолшы қаза тауып, 1800-і жараланған, жүздеген паровоздар мен 300-дей вагон істен шықты деген мәліметтер келтіреді. Сондай-ақ, жәнібектік теміржолшылардың жау ұшақтары кеп қалғанда екі эшелонның вагондарын ағытып, келесі шойын жолға қол күшімен жылжыту арқылы жолды босатқандарын жазады. Сөйтіп, дер кезінде бекеттен қозғалған эше­лондар жау бомбасынан құтылып кетеді.

Гудковтың ерлігін көзімен көрген

«Егемен Қазақстан» газетінің 2001 жылғы 31 қаңтарында жарық көрген «1942 жыл. Қазақ дала­сы. Құмға құлаған «Юнкерс» мақаласында Жанболат Аупбаев Ұлы

Отан соғысы жылдарында Орал облыстық НКВД-сының бастығы болып қызмет атқарған С.Бойконың өз аузынан жазып алған естелігін келтіреді: «Жау ұшақтары бірде теміржолдарды бомбаласа, енді бірде диверсиялық әрекетке бейімделген парашютші десанттарды түсіре бастады. Көп ұзамай Орда мен Жәнібек аудандарындағы халық жасақшыларының шақырусыз келген қонақтармен қақтығысуы басталды. Бірде әуе диверсанттары Жаңақала және Фурманов аудандарымен шектескен жердегі кеңшарлардың бірінің қой фермасына бомба тастады. Таң алакеуімдегі тұманда неміс ұшқыштарына қой қоралары аэродром болып көрінсе керек. Содан кейін олар Жәнібек стан­сасында біраз нәрсені бүлдіріп кетті. Орда және Жәнібек елді мекендерінің көптеген қарт тұрғындары жау ұшақтарынан қарша бораған листовкалардың дала жолдарында шашылып жатқанын әлі ұмыта қоймаған да болар. Бірақ гитлерлік диверсиялық орталықтың «Ресей жөніндегі мамандары» Қазақстанды Әзербайжаннан айыра алмайды екен. Олардың Орда және Жәнібек далаларына тастаған листовкалары әзербайжан тілінде еді. Мұны фашистер кейін түсінді».

Мақалада бомбалау кезінде шұрық тесік болған жұмыс үстелін сақтаған Жәнібек ауылындағы Қойбақ ақсақалдың әңгімесі де бар. Мақала авторы Жанболат Аупбаев Жәнібектен Орда ауда­нына қарай бет алады. 1942 жылы жау ұшағын тарандап құлатқан Д.Гудковты ерінбей-жалықпай іздеп тапқан Орда тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Аман­тай Хамзинді кезіктірген. Амантай ақсақал сақтаған дәптерде Дмитрий Гудковтың мынадай естелігі де тарихқа қосылар үлес.

– 1942 жылы қыркүйек айында, – дейді Гудков естелігінде, – біздің эскадрилья Орда өңіріндегі шағын аэродромға қоныс ауыстырды. 11 қыркүйек күні аға сержант Шлы­ков екеуміз күзетте тұрдық. Бір мезетте командалық пункттен жасыл ракета атылды. Бұл ұшуға берілген белгі-тұғын. Аспанға мың метрдей көтерілгеннен кейін Палласовка стансасы жақтан келе жатқан жаудың барлаушы ұшағын көзім шалды. Мен жылдамдықты арттырып, оған жақындауға ты­рыстым. Жау ұшқышы қауіпті сезініп, төмендеуге көшті. Ара қашықтық алыстай бастады. Шы­нымен құтылып кете ме деген ойға келдім де, гашетканы басып, оқ бората бастадым. Біраздан соң па­трондар да таусылды. Бір уақытта екі ара тіпті жақындап қалған еді. Қарсыласымды алдау үшін қашып кеткен сыңай таныттым. Жау менен адасып қалды. Ол мені жоғарыдан іздеп жүрді. Соны пайдаланып, «Юнкерстің» оң қанатының асты­нан шыға келдім де, бортты ЯК-1-дің тұмсығымен сүздім. Шкаладағы соңғы көрсеткіштер 5 мың метр биіктік пен сағатына 500 шақырымдық жылдамдық болатын. Осы цифрлар есімде мықтап қалып қойыпты. Сонан кейін не болғанын білмеймін. Бақытыма орай, кері серпіген қатты соққыдан кабинадан ұшып кетіппін. Есімді жисам, төмен құлдилап келемін. Жерге екі шақырымдай қалғанда парашютімді ашып үлгердім. Көгілдір кеңістікте тағы да аппақ екі күмбездің қалқып келе жатқанын көргенімде жау ұшағының да құтылмағанын сездім.

Жерге түскен бойда Жәнібек әуе постысынан полутор­ка мәшинесі келіп, ВНОС-тың (аспан кеңістігін бақылау жөніндегі байланыс қызметі) аға лейте­нанты құжаттарымды тексерген­нен кейін госпитальға алып келді. Шындығында, менде көп жарақат жоқ еді. Есесіне, мен осы жерде «Юнкерстің» атқышын көрдім. Оның екі аяғын гипстеп тастапты. Кейіннен Жәнібек стансасының шығыс бетіндегі 3 шақырымдай жерге құлаған жау ұшағының қалдығын кездестірдік. Кабинада штурман мен екінші атқыштың өлігі жатты».

Ұзынкөл ауылының тұрғыны, бүгінде марқұм болған Данияр Ғаниев ақсақал далада шөп шау­ып жүріп Ұзынкөл мен Жәнібек ауылдарының арасында әуеде осы Дмитрий Гудковтың таран жасағанын өз көзімен көргенін ай­тып отыратын. «Қасымда өзіммен шамалас үш бала бар, атпен жетіп бардық. Әскерилер келіп ұшқышты алып кеткенше сол маңайда жүрдік» дейтін шежіре қарт. Ол кезде ауыл тұрғындары ерлік жасаған ұшқыштың аты-жөні мен жау ұшағындағы фашистер жайын біле алмаған болатын. Кейін халық Гудков естелігі жарияланғасын ба­рып оқиғаны қайыра еске алған еді.

Тышқаншыны тыңшы деп кім ойлаған…

Қ.Досқалиевтің «Сражающему­ся Сталинграду» деген кітабында «1943 жылдың көктемінде Орда және Жәнібек аудандарының құмды шағылдарына жаудың пара­шютшы десантшылары түсірілді. Жәнібек ауданының Калинин атындағы колхозының бақташысы Ж.Бисеналиев бөгде адамдарды өз үйіне шақырып, бұл жайында НКВД-ның аудандық бөлімшесінің бастығы М.Қабақовқа хабарлады. Оқиға болған жерге шұғыл чекистер тобы жетіп, гитлершіл агенттер тұтқындалды. Олар байланысқа қажетті рациямен, шифрлар­мен, су қоймаларын уландырғыш құралдармен жарақтандырылған. Діни сипаттағы кітаптар мен қомақты қаржы да табылған» делінген (Алматы, «Қазақстан», 1983 жыл. 40-41 беттер). Осы автор «Қаһарман қала және Қазақстан» (Алматы, «Қазақстан», 1973 жыл. 95-б.) кітабында фашистік барлау қызметі сол кезде тыңшыларының санына ғана емес сапасына да айрықша көңіл бөліп, арнайы даяр­лау орындарын көптеп ашқанын жа­зады. «Олар (тыңшылар) негізінен совет әскери тұтқындарынан құралды. Мұндай мектептер мен курстарда жылына 10 мың шпион мен диверсанттар даярланып отыр­ды. Тек 1942 жылдың қазан-қараша айларында Сталинград бағытында 200-ге жуық агенттер іс-әрекеті әшкереленді» дейді.

Маңызды нысандарды диверсиялық әрекеттерден қорғау үшін ауданда еріктілерден күзет топта­ры құрылады. Аталмыш кітапта жау ұшақтарының шабуылына байланысты екінші батальонның командирі, Жәнібек аудандық пар­тия комитетінің екінші секрета­ры Байбатыровтың әлденеше рет батальон жауынгерлерін ұрысқа бастап шыққаны келтірілген. «Бұл ауданның ерікті батальон­дары жау парашютшілерімен қақтығысып қалды. 1942 жылдың 15 қыркүйегінде фашистер екі адамды, контейнерді парашютпен түсірді. Оның ішінде жарылғыштар, пистолеттер, патрондар, азық-түлік, конфет және басқа уланған тәтті тағамдар бар еді».

Сталинград майданы Қазақстанның шекарасына қарай жылжыған 1942 жылдың жазынан бастап жау маңайдағы тылды әуеден де, жерден де зерттеуге кіріскен. Жәнібектік А.Серединаның айтуынша, тамыз айының екінші жартысынан бастап күн сайынғы таңғы 9-да станса үстімен шығысты бетке алған неміс «Юнкерсі» ұшып өтеді. Оның үстіне кейін анықталғандай, ел ішінде жасырын жау барлаушысы да болған екен. Ол – Жәнібектің тұрғыны Тимофей Королевский. Жәнібек аудандық мұрағатының №1 қордағы №298 істің №2 тізімдемесінің 23-бетінде: «Тимо­фей Андреевич Королевский, 1905 жылы 20 қаңтарда туған. Ұлты – орыс. Шала сауатты. Жәнібек ауда­ны, Жәнібек ауылы, Вокзал көшесі, №44 үй тұрғыны» деп тіркелген. Үйленбеген, жалғыз тұрып, ешкіммен ашылып сөйлеспеген Тимофей 1983 жылы қайтыс болған. Жергілікті атқару органы, ішкі істер өкілдері иесіз қалған үйінің жертөлесінен әскери дүрбі, қорап-қорап сол кезде қат болған үнді шәйі мен иіссу, радиотехника, кір сабын­дар, алтын және күміс қасықтар, кітаптар тапқан. Көзкөргендердің айтуынша, Тимофей сары бре­зент плащ киіп, қол арбамен ауыл ішін кезіп, жинаған темір-терсегін ауласына үйе берген екен. Қара жерге бос шөлмектерді текшелеп алып, темірді үстіне қалап тастаған. Өмірден өткесін барып ҰҚК (КГБ) екі қызметкері іздеп келеді. Олар сол кездегі әскери комиссариат қызметкері Надежда Папеняға Королевскийдің неміс әскери фор­масын киіп, медициналық көлік жанында түскен фотосуретін көрсеткен. «Тимофейді бірден таныдым. Ол туралы қазбалап сұрады. Менің қызығушылығыма «Бұл жерде сұрақты сіз емес, біз қоямыз» дегені есте қалды» дейді Надежда апай. Соғыс тарихын зерттеп жүрген, «Жаралы жылдар жаңғырығы» кітабының авторы, Жәнібек аудандық мұрағатының директоры Ахмедияр Батырханов қазір Алматыда тұратын Кәкима Өтеғалиеваның: «Менің атам Тастан Ұзынкөл мен Жәнібектің ортасын мекендеп, қой бақты. Тимофей далада тышқан аулап жүріп, атамның үйіне бас сұғатын. Шәй ішіп кететіні болмаса, ашылып әңгіме айтатын адам емес» дегенін алға тартады.

«Жәнібек бомбаланып жатқанда Тимофей далада тышқан аулаған боп жүреді екен ғой. Сол кездерде бомбалаудың дәл уақыты да Коро­левскийге белгілі болғаны ма?..» дейді кейін барып жәнібектіктер. Бірақ, кезінде әр жерге бір қисая кететін елеусіз Тимофейден ешкім де сезіктенбеген…

Нұрлыбек РАХМАНОВ


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button