Жанкүйер жастар шетелдіктерді тәнті етті
Астанада өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елордалық белсенді жастар ел спортшыларына жанкүйер болып жүр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Қазанат» ипподромы мен Этноауылдардағы әсер ерекше. Қолдарында көк туымызды ұстап, «Қазақстан» деп ұрандатқан жанкүйерлер спортшыларымызға рух беріп қана қоймай, нақышына келтіріп, әнді де орындап, шетелдік қонақтарды тәнті еткен.
Садақ тарту, жамбы ату ойындарын тамашалаған шетелдік туристер қазақ халқының қонақжайлығына да дән риза.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, қызық әлі алда. Себебі көкпар ойындарының финалдық кездесулерін жанкүйер қауым асыға күтіп отыр. Бұл спорт түріне қызығушылық танытып отырған шетелдіктер де аз емес екенін айтады.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтіп жатыр, оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы келді.
Сонымен қатар, елордада 5 этноауыл ашылады, олар 2024 жылдың 6-14 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумағында орналасқан және жұмыс жасайды.