ӘлеуметҚоғам

ЖАНКҮЙЕРЛІК ЖАСҚА ҚАРАМАЙДЫ

Елордада өзге­лерге ұқса­майтын ерекше әже тұрады. Бұл кісі басқа зейнеткерлер секілді күні-түні шәлі тоқымайды, топырлатып мысық та асырамайды. Жетпіс бес жастағы Людмила Куфонинаның хоббиі – спорт. Қария елу үш жылдан бері «Астана» футбол клубының тұрақты жанкүйері атанған. 

3

Омбы қаласында дүниеге келген кейіпкеріміз 1957 жылы 10-сыныпқа өткен кезде-ақ жергілікті футбол және хоккей ойындарына бара бас­тапты. «Дәрігерлер маған спортпен шұғылдануға тыйым салған. Соғыстағы ашаршылықтан соң денсаулығым жарамайды. Тым құрығанда, спортшыларға рухани қолдау білдіру үшін ойынға қатысқым келетін. Команда мүшелері де мені әбден танып алған. Бір күні хоккей тамашалап отырғанмын. Қырық градустық аяз сай-сүйегімізді шымырлатып, шыдатар емес. Сонда ойыншылар жаныма келіп, қалың қолғап пен пима кигізіп кеткені бар» деп жымияды жанкешті апа.
1963 жылы Целиноградқа көшкен Людмила әже сызбашы болып жұмысқа орналасады. Алғашқы уақытта не футболдың, не хоккейдің жоқтығынан іші пысқанын да жасырмайды. Артынша 1964 жылы «Астана» (бұрынғы «Динамо») футбол клубы құрылғаннан кейін су жаңа команданың фанатына айналады. 2004 жылы «Барыс» хоккей клубымен достасады.
«Жанкүйерлер дегеніміз – тұтастай отбасы. Ондағылардың бәрін ортақ мүдде мен тілек байланыстырады. Бірақ бөгде командалардың қолдаушыларын балағаттап, көз аларта қарайтын адамдарды түсінбеймін. Өзім елордалық фанаттармен бірге Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодардағы ойындарда болдым. Айналамдағылардың барлығы дерлік – жастар. Мен олардың анасы секілдімін. Олар маған матч алдында телефон соғып, сапар туралы ақылдасады. Кейде арнайы автобус бөлгізу мақсатында басшылық орындарға хабарласамын. Жыл сайын жанкүйерлер саны өзгеріп тұрады. Егер сырт алаңда ойнайтын болса, «Барыс» үшін – 50, «Астана» үшін 20-25 кісі шығады» дейді спортсүйер қарт.
Әжені спортшылар да қатты құр­меттейді екен. Матч алдында қария тәтті торты мен бәлішін пісіріп, жаттығу залына апарады. Өзінің рұқсат қағазы бар, тіпті. Былтыр қолын сындырып, иығын зақымдап алғанына қарамастан, Людмила апа дәстүрден айнымай, командасын қолдамақ ниетпен стадионнан табылыпты. Егер ойын туған күнмен тұспа-тұс келіп қалса, қария еш ойланбай хоккейі не футболына тартады.
«Менің Лина атты жас құрбым бар. Ол да мықты жанкүйер. Жетпіс беске толғанымда, одан «Астана» клубының қақпашысы Ненад Эричтің құттықтауын алғым келетінін айтқан едім. Кешкісін есіктің қоңырауы басылды. Асығыс аштым да, Линамен амандасып, ас үйге кіріп кеткенмін. Қайта оралсам, өз көзіме өзім сенбедім. Диванның үстінде Ненад отыр. Мерейтойдан соң команда менің фамилиям мен «75» нөмірі жазылған футболка сыйлады» деген әже ең әсерлі естеліктер бейнеленген суреттерін көрсетті. Оның бал-бұл жанған жүзінен біз бақыттың кілті тым қарапайым нәрселерде екенін ұқтық.
Людмила әже тәрізді жанкүйер қарттар жер жүзінде жетерлік. Солардың бірі – германиялық Диди Зенфт. Ол кісі жұртшылыққа «El Diablo» деген атпен танымал. Қызыл костюм киіп, қара сулық жамылып алатын көңілді атай «Тур де Франс» жарысы барысында жол жиегінде тұрып, сүйікті спортшыларына қолдау көрсетеді. «Жыл сайын мен 100-ден аса сайысқа барамын. Тұрақты үйімнен гөрі көлігімнің ішінде немесе қоғамдық саябақтарда көбірек түнеймін. Шара уақытында 2-3 келідей салмақ тастаймын, өйткені бұл күндері жанкүйерліктен қолым босамайтындықтан, тек нан мен консервіні талғажау етемін» дейді Дидидің өзі.
Ал бразилиялық қарт Кловис Акоста Фернандестің бұқараға жайылған аты – «Gaucho da Copa» (кубок ұстаған Гау­чо). Кловис соңғы жиырма төрт жыл бойы Бразилия құрамасының барлық ойындарына қатысқан. Қарияны жанкүйерлер мен тілшілер ұлттық құраманың он екінші ойыншысы санайды. Өкінішке қарай, былтыр жанкүйер ата өмірден өтті. 2014 жылғы Әлем чемпионатында Бразилия тас-талқан болып ұтылған еді ғой. Дәл сол матчта Кловис ата көз жасына ерік беріп, қолындағы кубокты неміс жанкүйерлеріне табыс­тапты. Ол әлемнің 60-тан аса еліне барып, 150-дей футбол ойынын көрген. Телекамералар объективіне әркез қолына кубок ұстап, жымиған күйі түсетін ақсақал ел есінде де дәл солай сақталады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button