Жанқожа батырдың қылышы музейге тапсырылды
Парламент Мәжілісінің депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров Ұлттық музей қорына қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышын тапсырды. Құнды жәдігерді аталмыш музей директорының міндетін атқарушы Берік Әбдіғалиұлы салтанатты жағдайда қабылдап алды.
«Ұлттық музейдің негізгі миссиясы – тарихи жәдігерлерді жинау, толықтыру, халыққа жеткізу, сақтау. Жанашыр азаматтардың қолдауымен сыртқа кеткен кұнды жәдігерлерді елге қайтару, халықпен табыстыру жұмысы музейде жолға қойылған. Бізде біраз сондай заттар бар. Алда олар жайлы сыр шертетін жинақ шығарамыз. Өз қаражатымен музей қорын толықтыруға үлес қосқан азаматтардың тізімін, былайша айтқанда, «Алтын кітабын» дайындауды бастап жатырмыз» деді Берік Әбдіғалиұлы.
Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышы – ХІХ ғасырға тиесілі жәдігер. Ардақ Назаров батырдың елді қорғаудағы еңбегіне тоқталып, қылыштың тарихын айтып берді. Оның айтуынша, жәдігер украиналық іздеуші мамандардың қолына түскен. Олар кейін мұны Ресейге жіберген. Арнайы сараптамадан өткеннен кейін қазақстандық азаматтардың қолына түсті. Жәдігердің екі жағында арабша жазу бар. Бірінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деп жазылған.
«1845 жылы Кенесары хан бастаған қазақтың батырлары Созақты қоқандық басқыншылардан азат еткен кезде қылышты Кенесары сыйлаған деп айтылады. Өйткені бұл шайқас кезінде Жанқожа батыр әскерімен ерекше ерлік көрсетті» деді Ардақ Назаров.
Белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов Жанқожа батыр туралы тарихи деректерді сөйлетіп, эпостық жырлардан мысалдар келтірді.
«Жанқожа Нұрмұхамедұлының тарихтағы орны, ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болғаны жөнінде өте кең мағлұматтар соңғы уақытта зерттеліп жатыр. Бірақ жеке басына тиесілі жәдігерлер туралы дерек аз еді. Батырды оққа байлаған кезде әуелі атын алып кетеді. Одан кейін қару-жарағы алынады. Қылышы да олжаға кетіп, әрі қарай Ресей асып, енді елімізге оралып отыр. Соған қол ұшын берген азаматтарға көптен-көп рақмет! Жанқожаның қылышымен қатар рухы оралды» деді Алмас Алматов.
Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров тарихи құнды жәдігерлерді музейге тапсырудың маңызы туралы айтты.
Дайындаған Аманғали ҚАЛЖАНОВ