Қала тіршілігі

Жануарлар жанашыры

«Бахилы киюді ұмытпаңыз» деген жазу жапсырылған есікті ақырын ғана ашып, ішке кірдік. Дәрі иісі араласқан ауаны жұтқан күйі дәліздің қақ төріндегі процедуралық кабинетке қарай жүріп келеміз. Қазір мен Айболит ағайдың көмекшісі міндетін бір күнге сұрап алмақпын. Жан-жануарларды емдегім келеді деген балалық шағымның арманы дәл бүгін орындалғалы тұр.

Асқазаннан небір заттар табылады

Айболит ағай деп отырған кісім – Зәуірбек Ақбергенов. Ол Астана қаласындағы «Ақтабан» ветеринарлық клиникасының дәрігері. Үстіме медициналық халатты ілген соң, екеуміз стационарлық бөлмені бір шолып шықтық. Мұнда тұрақты түрде бірнеше күн ем-дом қабылдап, дәрігердің жіті бақылауында болуы керек ит пен мысықтар жатады екен.
– Бұл Фред, – деді Зәуірбек сол жақ кіреберістегі торда тұрған қара ала итті нұсқап. Иесі итінің артқы аяғын дұрыс баспайтыны үшін әкеліпті. – Жамбас тұсын рентгенде түсіргенімізде, иттің асқазанында әлдебір күдікті заттың жатқанын байқадық. Сөйтсек ол изолента жұтып қойыпты. Жануарлардың бір ауруын зерттеу барысында осылай екінші ауруын тауып аламыз кейде. Қазір Фредтің жамбас сүйегін де орнына келтірдік, операция арқылы ішіндегі изолентаны да шығардық.
Зәуірбектің айтуынша, мақұ­лықтардың асқазанынан табылған заттардың бәрін жиып, көрме өткізуге де болады. Онда не жоқ дейсіз: тиын, түйме, шыр­шаның жылтыр ойыншықтарынан бастап қорытылмай қалған сүйекке дейінгінің бәрі бар. Иттер өздеріне иісі ұнаған заттың дәмін көргісі келіп, қылғыта берсе, мысықтардың асқазанына бөгде нәрсе олардың бұжыр тілдерінің кесірінен түседі екен. Оған жабысқан затты мысықтар түкіре алмайды да, амалсыз жұтып жібереді.

Иттер де дәрігерден қорқады

Кенеттен дәліз жақтан әлдебір адамдардың дауысы естілді. Алдарынан шықтық. Отыздар шамасындағы екі жігіт сабалақ жүнді еңгезердей хаскиді әкеліп тұр. Дәрігер «ішке алып жүріңдер» деп ым қаққан соң әлгі кісілер иттің қарғыбауынан ұстап бері қарай сүйремекші еді, ол жерге жата қалып, алдыңғы аяқтарымен еденді тірей, сірес­ті де қалды. «Жүр, Лайка! Қорықпашы!» деп жанындағы иесі жұмсақ дауыспен өтініп, тамағынан қасыса да, жануар орнынан жылжыр емес. Құдды бір дәрігерге барудан қорыққан сәби дерсің!
– Олар да аурухананы біледі, бізден қорқады, – дейді Зәуірбек. – Тіпті, араларында қатты қорыққаннан талып қалатын тым сезімталдары да болады.
Байғұс итті бір жағынан иесі, бір жағынан дәрігер басып отырып, тұмсығын дәкемен таңды.
– Қашаннан бастап мазасы жоқ?
– Түннен бері. Ұйықтамай ұлып шықты.
– Тамақ жей ме?
– Иә, тәбеті жаман емес.
Екеуара диалог осымен тынды да, дәрігер Лайканың оң жақ артқы аяғын қарай бастады.
– Сүйегі өткендегі операциядан кейін дұрыс бітпей, жылжып кеткен. Қайта саламыз, – деді бір кезде ол. Бұл сөзді Лайка түсінбегенмен, қарсы алдындағы ақ халат киген кісіден әлдебір қауіптің келерін сезгендей, көкпеңбек көздерін төңкеріп, Зәуірбек жаққа қарағыштай береді.

Қыс пен көктемде «пациенттер» көбейеді

Клиникаға жиі жеткізілетін иттер болса, екіншісі мысық екен. «Әдетте, күніне 7-8 мысықты қа­раймыз, арнайы маусымдарда оның саны 20-дан асады» дейді дәрігер. Арнайы маусым дегені – жаңа жылдан кейінгі кез бен көктем айлары. Өйткені мысықтар жаңа жылға қарай дәурені жү­ретін түрлі петарда-отшашулардың кесірінен жараланса, көктем шыққанда көбелек қуамын деп ашық тұрған терезелерден құлап кетіп жататын көрінеді. Мысық қанша биіктіктен құласа да, төрт тағандап түседі деген тұжырымның шындық емес екенін осы жерде білген боларсыз.
Түскі 11-лер шамасында Мокка есімді мысықтың қуығынан тас алмақшы болып ота жасадық. Мысықты тырп еткізбей ұстап отыру иттің жағдайынан да қиын болатынын білмеппін. Денесі кішкентай әрі иілгіш болғандықтан, бұлт-бұлт етіп қолыңнан шығып кете жаздайды.
– Бұларда да адамдардағыдай қуықтарында тас болады екен-ау, – дедім наркозда жатқан мұртты мақұлықтан көзімді алмаған күйі.
– Болғанда қандай. Мұның себебі иелерінің дұрыс тамақтандырмайтынында, – деді дәрігер. – Неге екенін қайдам, біз үшін үйдегі мысық мейлінше семіз болған сайын соғұрлым сүйкімді көрінеді ғой. Тамақты үйіп-төгіп береміз. Үйдің асын да, «Вискас» секілді дүкен тамағын да алдарына қоямыз. Олай етуге болмайды. Шектен тыс семіздіктің, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан бұларда осындай қуық тастары пайда болады, қант диабетіне шалдығады, жүрек ауруларымен ауырады.

Астаналық мысықтар азырақ өмір сүреді

Ауру демекші, дәрігер мысық­тардың жасанды жолмен алын­ған кей тұқымдары белгілі бір дерттерге бейім келетінін де айт­ты. «Хромосомаларының бір-біріне дұрыс сәйкес келмегені себепті оларда гендік аурулар көп кездесуі мүмкін. Мысықтардың қымбат тұқымдарын сатумен айналысатын адамдар, өкінішке қарай, мұндай ақпаратты жасырады. Олардың діттегені тек бизнес болғандықтан, жануарға обал жасадық-ау деген нәрсені онша ойламайды» дейді Зәуірбек.
Жалпы, мысықтар орташа есеп­­пен 12-15 жыл өмір сүрсе, Ас­танада тұратындары көп дегенде он шақты жыл ғана жасайды екен. Өйткені, дәрігердің айтуынша, елордадағы ауызсудың сапасы төмен. Соның кесірінен жануарлар өздеріне қажетті минералдарды толықтай ала алмайды.
Моккаға ота жасалып біткен соң, мен оның үстіне бандаж ки­­гіздім де, стационардағы тор жә­шіктің ішіне жатқыздым. Бан­даж жараны таңған дәкенің жыл­жып кетпеуін қамтамасыз етеді. Бағана ғана қолды-аяққа тұрмай бұлқынып жатқан томпақ мысық қазір қаннен-қаперсіз ұйқыда. Наркоздың күші тараған соң, тіккен жерін ауырсынатын шығар. Бірақ әйтеуір ағзасының жай-күйі дұрысталғанына қуандым.

Онкологиялық дертке неліктен шалдығады?

Сол күні дәрігер тағы да төрт-бес мысықты операция үстеліне жатқызып, кастрация және стерилизация әдістерімен ұрпақ таратуын тоқтататын оталарды жасады. Әйтпесе жануарларда онкологиялық аурулар пайда болуы мүмкін екен.
– Көп адамдар ит-мысықтарын ветеринарға әкелуге ерініп немесе қызметті қымбатсынып, қолдан гормоналды дәрілер береді. Ол жануардың табиғи қалауын уақытша басқанмен, денсаулығына орасан зор зардабын әкеледі. Мұның соңы ісік ауруларына соқтырады. Жалпы, үй жануарларының онкологиялық дертке шалдығуының себебі
50-60 пайыз жағдайда эндокринді жүйе жұмысының бұзылуына байланысты болады, – дейді ветеринар.
Бұдан соң ол жануарда ешқандай ауру белгілері байқалмаса да, белгілі бір кезең сайын вакцина ектіріп тұрудың міндетті екенін айтты:
– Бізде мысық болсын, ит болсын, ауруын өзі жазып алады, жарасын өзі жалап-ақ емдейді деген түсінік бар ғой. Ол дұрыс емес. Үйдегі мысық далаға шықпайтын болса да, сіздің көшені басып келген аяқ киіміңізден түрлі инфекциялар жұқтыруы мүмкін. Олардың бір жері ауырып тұрса айтатын тілі жоқ. Асыраймын деп алған адам олардың өмірі үшін жауапкершілікті де сезінуі керек.

P.S.     Клиникадағы көмекшілік қызметім кешкі 5-тер шамасында бітті. Әдетте, дәрігерлер еңбегінің жемісі адамдардың алғыс айтқанынан көрінер болса, ветеринар маман үшін иттің қуана құйрығын бұлғаңдатқаны немесе мысықтың еркелей пырылдағаны жұмыстағы ең қуанышты сәт екенін түсіндім.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button