Жаны жайсаң жан
Көргені мен көңілге түйгені мол, дүйім елдің ықыласына бөленіп, адамгершілік қасиеттерді бойына жинап, бар ғұмырын елдің жүгін арқалауға арнаған алыптар болады. Сондай абзал азаматтың бірі – Астана қаласында аудандық, облыстық деңгейде көп жылдар бойы еселі еңбек етіп, халық көңілінен шыққан, бүгінде 85-тің биігіне шығып, зейнеткерлік жастың қадіріне жетіп отырған Сайлаубек Дүйсенбекұлы Байболов ағамыз.
Сайлаубек Байболов 1939 жылдың 3 желтоқсанында Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Қоржынкөл елді мекенінде туған. Әкесі Дүйсенбек ақсақал қазақ еліне төнген талай қиыншылықтарды бастан өткізген биязы мінезді адам болыпты. Сонау 30-жылдардағы қырғында, ағасы Бекмұхамбетпен бірге аштықтан қашып, Сибкрай асып, Омбы облысында болып, жағдай түзеле бастағанда елге қайтқан екен. Елге келген соң Қоржынкөлде ағайындас туыстарымен бірге құмнан алтын жуып, мемлекеттік мекемелерге тапсырып, күн көріс қылыпты.
Сайлаубек Дүйсенбекұлының өмірінде ерекше орын алған анасы – Сақыпжамал. Отағасы соғысқа аттанғанда, жалғыз сиырын арбаға жегіп, Қоржынкөлден 70 шақырым жерде жайғасқан «Парижская коммуна» колхозына барып туыстарын паналапты. Жетісіп отырған олар жоқ, содан көппен бірге қара жұмысқа араласып, масақ теріп, жалғызын аман сақтап қалуға бар ынта-жігерін төккен екен. Талай ерлер қан майданда жер жастанып жатқанда, елдегі өмір де «шықпа-жаным шықпаның» күйі болатын. Сол заманды кейіпкеріміз:
– Анам мені ағайындарға міндетсінбей, далада әйнектің алдына қалдырып, «Қозғалмай отырсаң бидай теріп әкелем, әйтпесе аштан өлесің» деп тапсырып кететін деп еске алады.
Кейін есейгенде:
– «Екі жаста болсаң да, тыңдаушы едің» деп анам көзіне жас алушы еді, – деп жазыпты өз естелігінде. Адам төзбес қиындықта жүргенде соғыстан інісі Қапан Ержанұлының жараланып елге келгенін естіп, Сақыпжамал апамыз Бестөбеге хабар жіберіпті. Еті тірі Қапан інісі Бестөбе алтын кенішінде диірменнің бастығы болып орналасса керек, шахтыға қажетті тіреуіш ағаштарды Ереймен ормандарынан таситын автокөлікпен апасын Благодаттан көшіріп алыпты. Апамыз ол жерде де еттірлік жасап, алтын кеніші Бестөбе дүкендеріне түсіп тұратын шәй, қант, печенье, кәмпиттерді сатып алып, Ерейментау колхоздарына апарып бидайға айырбастайды екен де, қап-қап бидайды Бестөбедегі диірменге апарып, ұн қылып күн көріс жасапты.
Апамыздың осы қайсар мінезі Сайлаубектің бойына дарыса керек, мектепте жүріп-ақ қара жұмысқа араласып, 5-сыныптан бастап шахтаның қосалқы шаруашылығында жаз бойы жұмыс істеп, шөп-жем тауып үй ішіне кәдімгідей қолғанат болыпты. Бұл кезде соғыстан қайтқан әкесі мен ағасы да жұмысқа араласып, жанұяның жағдайы біршама жақсарған екен, әйтсе де, ата- анамның тұрмысын жақсартам деген жастық жалын мен мектеп бітірген соң шахтада қара жұмыста жұмыс істеуді Сайлау өзіне міндет етіп қалапты. Дегенмен келешек тізгіні оқу екенін әбден бойына сіңірген соң, ата-анасының рұқсатын алып, Қарағандының педагогикалық институтына түссе керек. Әрине, екі жыл қара жұмыста болып, оқуға біршама қарайыңқырап қалған ағамызға, тарих, орыс тілі мен орыс әдебиеті факультетінде оқу оңайға түскен жоқ. Оған дәлел сол жылы оқуға түскен 30 студенттің 14-і ғана диплом алып шығыпты. Бірақ оқуға деген құлшыныс, оны алдыңғы қатарлы студенттер қатарына шығарып, факультетінде үздік студент атанды. Тіпті комсомол комитетінің хатшысы болып, қоғамдық жұмысына белсене араласты.
1964 жылы қолына көк дипломын ұстаған, жас жеткіншектерге білім нәрін құямын деген үлкен сеніммен, еліме, жеріме еңбегімді сіңіремін деген жалынды сезіммен Ерейментауға жол тартады. Ерейментаудағы №121 мектептің директоры Хасен Тұхпиұлы Жүсіпов бастаған ұжым жас маманды құшақ жая қарсы алды. Ағамыз өзінің өмірдерек естелігінде: – Дүйсенов Балташ Сыздықұлы, Есен Шәріпұлы, Райхан Бекболатқызы, Шортай Мырзахметұлы сынды білікті ұстаздар көп көмектерін берді, – деп жазыпты.
Айтуға оңай, бірақ қыр-сыры мол, күн мен түніңді ұмыттыратын ұстаздық жұмыс ағамызды шыңдады. Ол өзінің бойына біткен іскерлік, табандылық, тапқырлық, шыншылдық, турашылдық мінездерімен оқушылар жүрегінен орын тапты, мұғалімдер ұжымында білікті маман атанды. Ол кезде мен 7-сыныпта оқыдым. Ағамызды көргенде, Сәкен Сейфуллинді көргендей болатынбыз. Шіркін, бізге сабақ берсе ғой деп армандайтынбыз. Сол арман орындалып, біздер жоғары класқа келгенде Сайлаубек ағамыз бізге «Қоғамтану» пәнінен дәріс берді. Алғаш рет қоғам деген не, мемлекет деген не, қоғамдық қатынас деген не? Материализм, идеализм олардың арасындағы байланыс. Социализм, капитализм – олардың арасындағы анагонистік қарым-қатынас сияқты мәселелерді біле бастадық. Тіпті ағаның сенімді түсіндірмесінен кейін, коммунизмде өмір сүретінімізге құдайдай сендік қой. Ұстаз сабақтан тыс уақытымызда да бізбен бірге болды. «Келешекте мен кім боламын?», «Мамандықты сен осы бастан таңда», «Отанға адал қызмет ету – әр комсомолдың міндеті» сияқты тақырыптарда қалалық 5 мектептің оқушылары арасында диспуттар ұйымдастырып, соған қатыстыратын. Әр диспутқа қатысты сұрақтарды үлкен ватман қағазына жазғызып, ілдіретін. Ол кезде арнайы плакаттық қаламұшпен жазамыз. Қазақша оқыған мен орысша жазғанда бес-алты қате жіберіп қойып, қайта жазған кездер де болушы еді.
Сол жылдың күзінде біздің 10-сыныпқа Шахимардан Әбілев келді. (Осы күні Шахимардан Қайдарұлы Қазақстанның халық әртісі атағы бар тұлға) өзі керемет әнші. Дауысы жер жарады. Оған еліктеп бәріміз ән айтатын болдық. Соны байқаған Сайлаубек ағамыз, әп-сәтте біздерді ұйымдастырып, кәдімгідей концерттік бағдарлама жасап, Ерейментау төңірегіндегі Малтабар, Елтай, Жарық ауылдарына барып концерт те қойдық. Ауыл клубтары лық толған халық, бізді бір филармониядан келген әртістерше қабыл алады. Концерт аяқталған соң бір автобус оқушыларды үйлеріне апарып, табақ-табақ етін беріп, Сайлаубек ағамызға рахметін жаудырып жатты. Бұл да ағамыздың қоғамдық жұмысының бір қыры еді.
Біз 1967 жылы мектеп бітіріп кеттік, ал 1968 жылы Сайлаубек Дүйcенбекұлы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болды деп естідік. Ол кезде аудандық партия комитетінде қызмет ету, үлкен дәреже болатын. Оған ұсынылған кандидатура талай тексерістен өтіп барып бекітілетін. Құжаттарының бәрі құпия дайындалып, тосыннан жұмысқа алынатын. Араға екі жыл салып, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
1974 жылы Сайлаубек Байболов Ақмола облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушы болып кетті. Облыс деңгейінде қызмет атқару – үлкен сенім. Ағамыз сол деңгейден көріне білді. Талмай еңбектеніп, көбірек ізденіп, өз жұмысына қаяу келтірмей, бөлім жұмысында білікті маманға айналды. Тіпті обкомның екі бөлімі партұйымының хатшысы да болды. Сол кезде облысты дүрілдетіп тұрған Қапаров Ыбрайым сынды ақсақалдармен, мінезі биязы, Сабыр Сипатовтай азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеп, облыстың идеология майданына өзінің қомақты үлесін қосты.
1980 жылы Сайлаубек Байболов Ақкөл аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына тағайындалды. Ауданның бірінші хатшысы атышулы В.Г.Бородина ұлт кадрларына менсінбей қарайтын, айғай-ұйғаймен жұмысты жүргізетін дөрекі мінезді басшы, бұл тағайындауды дұрыс қабылдаған жоқ. Бірақ бес жыл бойы ағамыздың байсалды, турашыл мінезімен санасып, Сәкең талап еткен талай жұмыстарға кедергі бола алмады. Кейін аудан тізгінін ұстаған Кулагин Сергей Витальевич, Дидковский Василий Ивановичтің кезеңдерінде аудан экономикасы қарышты дами бастады. Осы тұста ағамыз көкейінде жүрген мәселе – ауданның рухани өміріне жаңа өзгерістері енгізу жұмысына бел шешіп кірісіп кетті. Аудандағы әр ұлттың мәдениетін дамытуға көңіл бөле отырып, қазақ ұлтының ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жандандыра бастады. Ауыл күндерін өткізу дәстүрге айналды. Тіпті ауданда құрылған көркемөнерпаздар ұжымымен ауыл-ауылдарда, Ерейментау, Макин аудандарына барып сапалы концерт те қойып жүргені жұрт есінде.
1989 жылы Целиноград облыстық партия комитетінің бөлім басшысының орынбасары, одан кейін облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған кезде облыс көлемінде қазақ деген ұлтымызға қатысты ауқымды, тарихи жұмыстар атқарылды. Сол жылдары халқымыздың ұмытыла бастаған рухани қазынасы қайтадан түлегендей, ұлтымыздың салт-дәстүрін жандандырған ақындар айтысы, Наурыз мейрамын өткізу, қазақ сыныптарын, қазақ мектептерін ашу жұмыстары облыс көлемінде қарқынды жүргізіле бастады. Сол жылдары Целиноградта Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры ашылды. Театр режиссері Жақып Омаровпен кездесіп, театр ұжымын құрысып, олардың пәтер мәселесін, ғимаратының мәселесін шешуге мұрындық болған Сайлаубек ағамыз болатын.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ерекше кезең десек артық болмас. Ел тәуелсіздігін алды. Бұрынғы жүйе таратылып, ел басқарудың жаңа жүйесі тарих сахнасына шықты. Облыстық атқару комитеті тарқап, орнына әкімдік келді. Осы бір келеңді өзгеріс жылдары Сайлаубек облыстық кәсіптік училищелер басқармасының басшысы болып, жастарды жаңа өмір талабына сай тәлім-тәрбие беруге тәлімгерлерді жұмылдырды. Бұл да өмір тарихындағы бір ұмытылмас кезең еді. Жастарды еңбекке баулу үшін, 30-дан астам училищелерде егін ектіріп, оған қажетті техникаларды жинақтап, реттеп, малдың түр-түрін өсіріп, бордақылауды үйрету, соны училище бастықтарынан талап етіп орындату, бұл мәселеге жан-жақты көмек беруін жоғарғы органдардан талап ете білу – басшының білгірлігі мен талаптылығы, тайсалмас қайсар мінезіне байланысты болар. Соның нәтижесі шығар, халық қолдауына ие болып, бірнеше дүркін Астана қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Ол кісінің ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол онға тарта медальмен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққан ағамыз, 8 жылдай Астана қалалық мәслихаттың тексеру комиссиясын басқарды, одан соң табаны күректей 11 жыл бойы Астана қаласының 390 мың халқы бар, 30 мыңға тарта зейнеткерлері бар Алматы ауданының ардагерлер кеңесін басқарды. Жай ғана басқарып қойған жоқ, зейнеткерлермен жұмыс істеудің жаңа түрін тауып, көреген басшы екендігін көрсете білді. Оның басшылығымен ауданда ардагерлердің шағын орталықтары ашылып, оның ауқымды жұмыстары бүкіл Астана қаласының басқа аудандарына үлгі болды. Ол кісі әлі де тың, арагідік жиналыстарға қатынасып, өзінің ой-пікірлерін жастарға айтудан жалыққан емес. Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин бұл жөнінде: «Сайлаубек ағамыздың мол тәжірибесін, артына қалдырған мол мұрасын біздер кеңінен пайдаланып бүгінгі таңда жұмысымызды әрі қарай өркендетудеміз» деген сөзі соның дәлелі болмақ.
Бар саналы өмірін қоғам жұмысына арнаған Сайлаубек ағамыз жанұясына деген жүрегі ерекше. Жеңгеміз Рая апамызбен 1965 жылы отау құрып, Әділ, Гүлжан, Балжан есімді балаларын тәрбиелеп, өмірге жолдама беріп, жеті немере көріп отыр.
Сонымен, бойына дарыған бар қабілетін халқына арнап жүрген Сайлаубек ағамыз 85-ті арқалады. Мерейлі жасыңыз құтты болып, отбасыңыздың ортасында бақытты өмір сүре беріңіз демекпіз!
Манап ӘДІРЕШЕВ,
Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы