Ресми бет

Жаны жайсаң жан еді

«Тірі өледі, жер қойнауы – жатағы,

Ізі қалар, болса жақсы атағы»

(Жүсіп БАЛАСАҒҰН)

Қарымды қаламгер, танымал журналист, саясаттанушы, қоғам белсендісі Кенжеболат Махмұтұлы Жолдыбайдың бұл дүниеден озғанына да бір жыл болып қалыпты.

Марқұммен менің таныстығым, дос­тығым сонау тоқсаныншы жылдардан басталған-ды. Кезінде жайнап, өркендеп тұрған Жезқазған облысының орталығы – Жезқазған қаласында жақсы бір ортада түйіскен едік. Ол кезде Кенжекең облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығында, мен болсам Ішкі істер басқармасында қызмет атқарып жүрген және ондағы «Тіл жанашыры» қатарындағы азамат едім. Оның үстіне екеуміздің балаларымыз университет жанындағы «Дарын» сыныбында бірге оқитын еді де, ата-аналар жиналысында жиі кездесетін едік. Ортамыздағы ең белсенді, турашыл ата-ананың бірі де Кенжекең болатын. Балалар тәрбиесі мен оқыту процесіндегі бейқамдыққа, кемшілікке төзбейтін. Мектеп ұстаздары тарапына да, кейбір ата-аналарға да нақты сын пікірі мен ұсынысын бүкпей білдіретін.

Қазақ тілі қоғамындағы сол кездегі елде болып жатқан жаңашыл жұмыстардың бел ортасында жүрді.

Қоржын дәптерімді ақтарып отырып, Кенжекеңнің қырық бес жасқа толуына арнаған жыр шумағым көзге түсті:

«…Мақтанам мен – «Басқадан кем бе екенмін?!

Кім айта алар қазақ ұлға кенде екенін?

Ар-намысты, ұлтжанды қасиеттер,

Бір бойында молынан Кенжекеңнің.

Істері көп құптарлық ініміздің,

Өр мінезді жігіттің бірі біздің.

Дәл өзіндей азамат өсе берсін,

Көсегесін көгертер тіліміздің.

Алпысының шырқалар асқар әні,

Жетпіс деген жетер-ақ жасқа да әлі.

Берері көп, күмәнсіз, бергенінен,

Ғибрат алар, болашақ, жастар әлі…» деп жазған екенмін.

Жетпіс жасына жеткенше Кенжекең талай жоғарғы қоғамдық та, мемлекеттік те қызметтерді абыроймен атқарды. Оның ішінде соңғы 20 жылдан астам уақытта еңбек жолы жаңа астанамыздың ыстық-суығымен тікелей байланысты болды.

Ардақты азаматтың кіршіксіз, жанкешті еңбегін қоғам да, мемлекет тарапы да лайық­ты бағалап, көптеген марапатқа, атаққа ие болған еді, кеудесінде «Құрмет» ордені де жарқырады.

Қызыл дипломды кенші инженер, жоғары оқу орнының дәріскер ұстазы, техникалық ғылым саласында биіктерге айқын үміткер болған Кенжекең Алланың жазуымен, өзінің қалауымен өмірлік бағытын өзгерткен еді. Саясаткерлікке, қаламгерлікке бар ынтасымен бой ұрған еді. Қаламы ұшталып, журналистика, оның ішінде публицистика саласында биікке жетіп, қарымды қаламгерге, белгілі саясаткерге айналды. Қаламынан 6-7 публицистикалық кітаптары жарық көріп, көпшіліктің ризашылығына ие болды. Еліміздің белді басылымы – «Казахстанская правда» газеті редакторының орынбасары қызметін, ұзақ жылдар «Қазақстан бас редакторлар клубының» президенті, вице-президенті лауазымдарын абыроймен атқарғанын айтсақ та артық болмас.

Кенжекеңнің елден бөлек бір ерекшелігі деп екі тілді тең меңгергенін, сонымен қатар заманауи болмыстан қалмай, ғаламтор жүйесін өте жоғары дәрежеде игергенін де атап өтер едім. Өмірден өткенінше бір күн де ғаламторан тыс қалған емес. Және кезекпен бірде қазақ, бірде орыс тілдерінде жазатын еді. Тіпті кейінгі кездері ағылшын тілінде де жазғандары көрініс тауып жүрді. Жазғанда да жеңіл-желпі, ойсыз дүниелерге жол бермейтін. Әрбір жазғаны дәйекті, зерделенген, оқырманға ой тастар, қоғамға берері мол дүниелер болатын.

Жан-жағына мейірімін шашып жүретін замандасым келелі мәселелерді қозғап, жазудан бөлек, айналасындағы дос-жаран, әріптес, туыс-туған жандардан қаламының ұшынан шығатын әдемі ой-пікір, мінездеме, мадақ ойларын, жан жылытар тілектерін аямайтын. Өзі қадірлейтін адамдардың біреуінің де туған күнін, айтулы уақиғаларын құттықтаудан құр жібермейтін. Өз басым Кенжекеңдей жақынының жанын жадырататын, жүрек жарды жылуын төгіп, үлкен-кіші демей, молынан беретін басқа адамды білмеймін. Сұсты бейнесі, қайтпас қайсар мінезі, талапшыл болмысының ар жағында жұмсақ та баршаға жетер жүрегі болатын.

Өз отбасына, жан жары Төкен Әмзе­қызына, балалары мен немерелеріне деген ыстық ықыласын, махаббатын, мақтанышын, зор үмітін атап өтуден танбайтын. Онысы негізсіз емес те еді.

Екеуміздің достық қарым-қатынасымыз Жезқазғаннан кейін елордада жалғасқан. 2007 жылы мен Астанаға көшіп, алғашқы іздеген адамым да Кенжеболат Махмұтұлы болатын. Жаңа ортаға бейімделіп, зиялы қауым арасынан табылып, азды-көпті абырой дәрежеге жетуімдегі Кенжекеңнің орны ерекше. Екеуміз бір-біріміздің сөзімізді жықпай, қол ұшын беруге даяр тұратын едік десем артық емес. «Сен» демей, «сіз» деп өткеніміз ең алдымен аса сыйластықтың айғағы деп білемін. Соның бір белгісі – мерейлі жасқа келген шағымызда бір-біріміз туралы жүрек жарды пікірімізді білдіріп, газет беттерінен мақалалар жазғанымыз.

Кенжекеңнің шешендігі, қос тілділігі, терең білімі, мол өмірлік және кәсіби тәжірибесі сияқты ерекше қасиеттері ­республикалық Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің көптеген іс-шарасын өткізуде орынды пайдаланылғанын, біршама ресми құжаттың аудармасын келістіре атқарғанын айтуды міндетім деп білемін. Ел ардагерлерінің арасында айшықты орны болған еді.

«Жазмыштан озмыш жоқ» дейді халық. Әйтпесе Кенжекең өзінің тазалығымен, тәртіптілігімен атаусыз келген жауға (індет­ке) қарсы шығып, күрескен азамат еді. Басқаларға үлгі болып, талайды бұл індеттен сақтандырған еді. Батыр аңғал келеді деген ғой, өкінішке қарай, Кенжекең зұлым жаудың қармағына күтпеген жерден өзі түсіп қалды.

Бақилық болғанын естіген шақта ол кісіні жақсы танитын барша жұрт абдырап, есеңгіреп қалғаны хақ. Еліміздің түкпір-түкпірінен ғаламтор арқылы жедел көңіл айтулар көптеп келіп жатты. Соның бірі Ұлытаудан жеткен Кенжекеңнің бауыры, әріптесі, «Қазақтың Даридайы» атанған Мұқаш ақын Сейітқазиновтың жедел жоқтау қазанамасы еді. Кенжекеңді өзім деген, бар Алаш азаматтарының ойын беріп тұр екен деп, оны дереу қаралы отбасыға жеткізген едім.

Ұлытаудың ұлағатты ұлы – Кенже­болат Махмұтұлы өзі туып, еңбек сіңірген өңірінің қайта түлеп, жаңғыратынын армандаушы еді, жете алмай кетті, бірақ аты мен ізі, жүрек жарды жазба туындылары мәңгі қалды.

Ендігі біздің қолдан келері – бауырымыз­ды еске алу, дұға бағыштау.

Жатқан жері жайлы, иманы саламат болғай.

Көңілге демеу: артында ұйып отырған отбасы, жан жары Төкен Әмзеқызы, бала­лары Мадияр, Сәруар, Әйгерім, немерелері бар. Олардың Кенжекеңнің туын жықпай, атына шаң жуытпай, игілікті жолын жал­ғастыра беретініне сенімдімін.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,

республикалық Ардагерлер

ұйымы орталық кеңесі

төрағасының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button