Әлеумет

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖГУН

ERA_7126

Барша ұлт өкілін бауырына басқан тұғыры биік еліміз татулық пен келісімнің арқасында талай белестерді бағындырары сөзсіз. Тек сол мақсатқа жету – тілегі мен ниеті бір берекелі халықтың еншісінде. Мемлекеттік тілді құрметтеу сол тілді жан құштарлығымен үйренуден басталады.

Еліміздегі барлық мемлекеттік меке­мелердегі құжат айналымын қазақ ті­лінде жүргізу ісі әлдеқайда ілгерілегені балабақшадағы бүлдіршіннен бастап мемлекеттік қызметке жүгінген кез келген адамға таныс. Бұл бағыттағы жұмыстар Астана қаласының Ішкі істер департаменті мен оның аумақтық бөлімдерінде де нәтижелі орындалуда.

Осы орайда Николай Жгунның қарапайым шаңырағы өзгелерге үлгі боларлықтай. Ол жұ­байымен бірге ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді.

Николай Жгун 1981 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауылында дүниеге келген. Ұлты белорус болғанымен, жан-дүниесі, мінез-құлқы қазаққа жақын. Ішкі істер органдарының қатарына 2006 жылы келген Николай өмірде зияткерлік пен патриотизмді биік қояды. Бүгінде Жол-патрульдік полиция полкінің қызметкері, полиция старшинасы.

– Қазақ тілінің пайдасын көп көрдім. Мемлекеттік тілді еркін меңгергенім өміріме де, қызметіме де өзгерістер әкелді. Қазақ қызына үйлендім. Қызметте табысқа жетуіме ықпал етті. Келіншегім екеумізге ІІД тарапынан үш бөлмелі пәтер берілді. Жуырда тағы да сәбилі болатынымызға байланысты басшылық үйімізді төрт бөлмелі пәтерге кеңейтіп берді. Ислам және Илана есімді алтындай балаларымыз «Ақ көгершін» қазақ балабақшасына барады. Қазақ тілін меңгеруді әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы деп есептеймін. Осы елде тұрып, бейбіт өмір сүріп жатқандықтан кез келген ұлттың қазақ тілін еркін үйренгенін қалаймын. Біріншіден, ол Отанға деген құрмет. Екіншіден, тілді білгеннің зияны болмайды. Керісінше, қызмет бабында болсын, қоғамдық ортада болсын, мәртебең өседі деп нық сеніммен айта аламын. Менің достарымның бәрі қазақтар. Қазақ мектебін бітіргенмін. Әке-шешем де қазақ тілін біледі, түсінеді, – дейді Николай Жгун.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button