Жаныңда жүр жақсы адам

«Жарық ғалам!
Жанарына жамандық жуытпаған.
Жаны ізгі адамдар туыс маған,
Ардақ тұтып, қадірін біліп жүрем.
Жүрегі таза болса кір жұқпаған» деген белгілі журналист-ақын Фатима Жүнісованың бір өлеңі бар еді.
Сондай жүрегі таза, жаны ізгі әріптес, замандасым туралы жақсы сөз айтқым келеді. Жанымызда жүрген жақсы адамның қадір-қасиетін қатар жүргенде айтып, мерейін тасытып, шуаққа бөлесек қандай ғанибет!
Раиса Агибаеваны бұрынғы Целиноград, Ақмола өңірінің көзі қарақты адамдарының бәрі біледі деп ойлаймын. Ол 1950 жылы Ақмола облысы Ақмола ауданы Романовка ауылында туған. 1967 жылы Целиноград педагогикалық институтына түсіп, оны 1971 жылы бітірген. Алғашқы еңбек жолын Нұра ауданының №2 Киевка орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастаған. 1973 жылдан Целиноград телестудиясында редактор, аға редактор қызметтерін атқарған. ХХ ғасырдың 70-жылдары – телевидениенің дәурені жылдан-жылға қанатын кең жая бастаған кез. Бүкіл елдің, мемлекеттің назары телевидение саласына ауған. Телеэкраннан берілген хабарлар тікелей эфирде жүреді. Алдын ала жазып алу деген жоқ. Технологияның дамымаған уақыты. Әрбір сөзің мен ісіңді, киген киіміңді, қимыл-қозғалысыңды қалт жібермей қадағалайтын цензура бар. Қате жіберу, дұрыс сөйлемеу, интонацияны, екпінді дұрыс қоймауға мүлдем болмайды. Сәл мүлт кетсең талқыға түсіп, тағдырың шешіледі. Бұл орайда дикторлар мен режиссёрлерге түсетін салмақ зіл батпан болса, хабар дайындайтын редакторларға жүктелетін салмақ мың батпан. Әр сөйлем, сөз, үтір, нүкте орнымен қолданылып, сөз екпіні нақты әрі дәл айтылуы шарт. Бұдан басқа талаптар, толып жатқан техникалық ережелерді мүлт жібермеу үшін асқан жауапкершілік, мықты жүйке, салқынқандылық керек-ақ. Бұлжымайтын қағиданы сезімтал, сергек, білімді, ұстамды, табанды, мақсатшыл Раиса Мұхамедияқызы ешқашан бұзған емес. Шығармашыл ортада өз орнын ойып тұрып алды. Ұжымда беделді, сыйлы. Сөзін өткізе алатын көшбасшы болып қалыптасты. Қаншама еңбек адамымен, партия, совет қызметкерімен, өнер, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салалары, соғыс және тыл ардагерлерімен мазмұнды сұхбаттар мен репортаждар дайындап, тәжірибелі, танымал тележүргізушіге айналды.
Тың өлкесінің 50 жылдық шежіресін жасауға атсалысып, талай қарапайым еңбек адамдарының мерейін тасытты. Ол бұл күндері Целиноград облыстық телерадио комитетінің басшысы Иван Васильевич Кузьмин, телеорталықтың директоры Григорий Иосифович Лурье, жазушы журналист Хаджимурат Рахимов, қазақ редакциясының бас редакторы Күлмес Рахимжанов сияқты ардагер әріптестерін, телевидениенің білікті мамандары Нұрлан Дауытов, Александр Пономаревты сағына еске алады.
Раиса Мұхамедияқызы телевидение саласында 30 жыл еңбек етті. Сол жылдар аралығында қаншама шәкірт тәрбиеледі. Ал 2001-2008 жылдар аралығында Раиса Мұхамедияқызы «Вечерняя Астана» газетінде редактордың орынбасары болып еңбек етті. Сондай-ақ республикалық әлеуметтік «Жан» журналының бас редакторы болды. 20 жылдай әртүрлі баспада жинақтар шығаруға атсалысып, оны редакциялауда көп еңбек сіңірді. 2018-2021 жылдары қалалық әкімдіктің жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» бірлестігінде бас эксперт болса, «Елорда ассамблеясы» жинағына жауапты редактор болып бұқараға ауадай қажет кітап шығарып, ел алғысына бөленді.
Бала кезінен әкесінің әріптесі, жақын досы болған қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар ұлы Жұмабек Тәшенев секілді тұлғаларды көріп, сарқытын ішкен. Игі жақсылардың ұлағатты сөздерін тыңдап өскен алғыр қыз өзі де қазір Астананың шежіресіне, бір тұлғасына айналды. Жарты ғасыр ғұмырын журналистикаға арнаған, күні бүгінге дейін қаламы қолынан түспеген белсенді, зерек ойлы Раиса Мұхамедияқызы қазіргі таңда елорданың ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі. Өткен жылы «Үздік журналист-аналитик» номинациясын жеңіп алды. Жасы 75-ке келген ардагердің бұл жетістігі – мақтауға тұрарлық оқиға.
50 жылдық еңбек жолында санаса сан жетпейтін марапат, алғыс хат, құрмет грамотасын алғанын айтпағанда, «Астананың 20 жылдығы», «Ассамблеяның 25 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы», «Қазақ ТВ-ның 60 жылдығы» секілді төсбелгілердің иегері.
КСРО және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Раиса Агибаева мерейлі жасқа жетіп отыр. Ұшан-теңіз білімі мен ұлағатты өмір жолымен, кісілік келбетімен, жан-жақты талантымен ерекшеленген әріптес-замандас жайлы, жақсы адам жайлы айтарым көп-ақ. Әлі де айтармыз. Уақыт келер, жанымызда жүрген жақсы адамды бағалап, жылы жүрекпен аялап, ізгі ниетпен 75 жасымен құттықтаймыз! Сізге деген құрметіміз шексіз. Алла сізге күш-қуат, жігер-қайрат берсін! Ғасыр жасаңыз, жаны жайсаң жақсы адам!
Қарлығаш ҚҰСПАН,
Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің медиатоп мүшесі