Елорда тынысы

Жапондық құрбандарға ескерткіш қойылды

Елордада Қазақстан аумағында тұтқындалып, қаза тапқан жапондықтарға арналған ескерткіш ашылды. Оның ашылу салтанатына осы елдің денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің делегациясы  келді. Қазақстан тарапынан елорда әкімінің орынбасары ­Ерлан Бекмурзаев, ҚР сыртқы істер министрлігі мен Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Жапон құрбандарының құрметіне монумент орнатуды Жапония елшілігі бастама етіп көтерген болатын. Жат елдегі лагерьлерде тұтқындалып, қаза болған тұтқындарға бұрынғы кеңестік елдерде 16 ескерткіш орнатылған. Қазақстанда орнату туралы былтырдан бері айтылды. Ақыры «Arda-Art» компаниясы келісімшарт негізінде үш айда елордада аталған ескерткішті жасап, орнатты. Ескерткіш «Триумфальный» тұрғын үй кешені жанындағы аллеяға қойылды. Салтанатты жиынға қатысқан «ALJİR» мемориалды-музей кешенінің директоры Самат Тергенбаев бұл ескерткіштің тарихи маңызы жоғары екенін жеткізді.

– Кеңес одағы кезінде көптеген жапондықтар біздің жерімізге тұтқын ретінде жер аударылып, отанына оралуды армандаумен өтті. Бұл ескерткіш соларға арнап жасалды. «ALJİR» лагерінде Кеңес одағының өкіліне тұрмысқа шығып, жазықсыз жазаланған жапон әйелі отырды. 1946 жылы ол бостандыққа шықты. Одан кейінгі тағдыры қалай болғаны белгісіз. Ал бүгінгі іс-шара Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара қарым-қатынастың озық үлгісін көрсетті, – деді музей директоры.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button