Мәдениет

Жақановтың әндері әуеледі

Қазақта Илья Жақановтың әндерін білмейтін адам кемде-кем. Кең сахараны сазымен, сөзімен әдемі әсерге бөлеген композитордың әуендері халқымыздың арманын, ішкі жан дүниесін көрсеткендей. 11 мамырда Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстан Республикасының Еңбек ері, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, өнертанушы, композитор Илья Жақановтың шығармашылығына арналған «Әнім саған, туған ел!» концертін ұсынды.

Илья Жақановты өнердің бір түрінен ғана кәсіби маман, шебер деп тану мүмкін емес. Оның өмірбаяны – оның сан қырлы талантының жарқын үлгісі.

Композитор – музыкада Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Ықылас, Шәмші Қалдаяқов және Нұрғиса Тілендиев сынды ұлттық өнердің ұлы қайраткерлерінің ізбасары. Композитор Жақанов – 200-ден астам әннің авторы, олардың көпшілігі танымал. Ең танымалы «Еділ мен Жайық» тек Қазақстанды ғана емес, әлемді шарлап кеткен.

Илья Жақанов – өткен ғасырлардағы рухани қазына мен заманауи кәсіби музыканы шығармашылық қоржынында ұштастыра білген зерттеуші әрі автор. Қазақ өнерінің алуан түрлілігі мен сұлулығы Ілия Жақановтың әуезді әндерінде көрініс тапқан.

«Әнім саған, туған ел!» концертіне филармонияның қазақ оркестрі, «Қорқыт» этно-ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі ұжымдары қатысты.

Илья Жақановтың әндерін халық әні бөлімінің әншілері – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Айгүл Қосанова, Мәдениет саласының үздігі Берік Омаров, Нұрай Танабаев, Телман Нұркенов, Данияр Мұқан, Секен Сыздықов, республикалық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Нартүйе, Өзгеріс Шерікбай, Жақсыкелді Маясаров, Сәулежан Тағзия, Зинат Қасымова тамылжыта орындады.

Елорданы ғажайып саз бен сырға бөлеген кеште халық эстрада бөлімінің орындаушылары – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Майра Ильясова, Светлана Айтбаева және Арайлым Рахым әйгілі композитордың әндерін орындап, концерттің деңгейін шырқау биікке көтерді.

Классикалық вокал бөлімінің орындаушылары – халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Әбілда, Эльмира Шпекбаева, Талғат Аллабиринов, Алтынбек Арыстанбек те шеберлігімен астаналық өнер иелерінің зор әлеуетін көрсетті.

Концерт бағдарламасында виртуоз-аспапшылар – «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова қобызбен сахнаға шықса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова домбырада тамаша туындыларды орындады.

Концертте автордың «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Асылым», «Ақ қайың», «Меңді қыз», «Әселім, жаным», «Оралдың ерке самалы» секілді композитордың танымал музыкалық шығармалары тағы да Астана аспанында әуелеп, көрерменді зор әсерге бөледі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button