Басты ақпарат

Ә. ЖАҚСЫБЕКОВ, Астана қаласының әкімі: ЖОСПАРЛЫ АЖЫРАТУЛАР ТӨТЕНШЕ ЖАГДАЙҒА ПАРА-ПАР

ERA_1757

Кеше Астана қаласы әкімінің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес болып өтті. Қала басшысы аудан әкімдері мен өз орынбасарларының назарын бюджеттік қаржыны игеруге аударды.

Алдағы бюджетті сапалы жоспарлауға барлық басшылар бірдей жауапты екендігін атап өтті. Әкім Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай бюджет қаржысын,  ең алдымен, халықтың тұрмысы мен елорданың инфрақұрылымын жақсартуға жұмсап, осы саладағы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруды міндеттеді.

Кеңесте елорданы дамыту мәселелері сөз болды. Қаланың қарқынды дамуы мен кеңеюін назарға ала отырып, Астананың мәртебесін бір ретке келтіретін  заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігі сөз болды.

Сонымен қатар, Ә.Жақсыбеков Құрылыс басқармасы білім нысандарын пайдалануға тапсыру мерзімін жиі бұзатынын атап өтті.  Өткен жылы 3 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған болатын, соның ішінде бүгінге дейін соның тек біреуі ғана (№71 мектеп) ашылды. Қала басшысының айтуынша, бұл олқылық мемлекеттік органдар тараптарынан жүйелі тәсілдің, мониторингтің, өзара әрекеттің және бақылаудың болмау салдарынан орын алып отыр.

– Бүгінде біреу құрылыс жүргізсе, басқалары инженерлік желілер тартуы керек. Бірақ, ол уақытылы жасалмай жатыр. Салынып жатқан нысандардың маңайына көлікпен де, жаяу да жолай алмайсың, – деді қала басшысы.

Астана әкімі қала тұрғындарының өтініш-тілектеріне тағы да толығырақ тоқталып өтті. Оның атап өтуінше, келіп түскен әрбір арыз-шағымға орындаушылар бей-жай қарамай, бірінші кезекте назар аударуы тиіс.

– Елорда тұрғындарының мәселелерін қағаз жүзіндегі шығармашылыққа   айналдырудың қажеті жоқ. Біздің басты мақсатымыз  – қала тұрғындарының әрбір мәселесін нақты шешу, тек осылай ғана халықтың сеніміне кіріп, жақсы басшы  бола аламыз,  – деді ол.

Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, елордада жол-көлік оқиғалары мен техникалық ақаулардың орын алуы жиі байқалады. Биыл қазан айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 83-ке өскен.

«Сенбі күні, 22 қарашада №43 бағыттағы автобус пен «КамАЗ» маркалы көлік соқтығысқан. Оқиға салдарынан 22 адам медициналық көмекке жүгінсе, 7 жан ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Ал, айналдырған бір аптада қоғамдық көліктің қатысуымен екі апаттың болуы – дабыл қағарлық жағдай.

Қала прокурорына, ІІД бастығына істің мән-жайын анықтап, бұдан былай мұндай жәйттерге жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырамын» деді Ә.Жақсыбеков. Сондай-ақ, елорда әкімі қаладағы қылмыстық ахуалға алаңдаушылық білдірді.

– Назарларыңызды Алматы қала­сында болған (гранатаның жарылуы – ред.) және үлкен алаңдаушылық тудыратын жайтқа аудармақпын, – деді ол.

Осыған байланысты шаһар бас­шысы құқық қорғау органдарын тарта отырып, оқушыларды психо­логиялық тексеру, мектептерде және басқа да білім беру мекемелерінде ревизия мен алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Өткен аптада елорда әкімі қар құр­сауларын тазарту үшін қосымша жұмыс күші мен техниканы тарта отырып, күн райының құбылуына дайын болуды тапсырған болатын.

– Қар тазалау тәсілі бәз баяғы қал­пында. Техника бұрын белгіленген, үйреншікті, таптаурын бағытпен  жүреді. Таңертең кейбір көшелермен жүру мүмкін емес. Жалпы, қар тазалау бойынша мердігерлік ұйымдардың жұмысы қанағаттанарлықсыз, – деді Астана әкімі.

Өткен аптада қала тұрғындарының өтініш-тілектерінің басым бөлігі қоғамдық көлік жұмысындағы ақауларға қатысты болды. Авто­бустардың  жүру жиілігінің ұзақтығы, салонның лықа толатыны айтылған. Сол себепті, қала басшысы жолаушылар бағыттарға жаңа 36 автобус шығаруды тапсырды.

Елорда әкімі жылумен, қуатпен қамтамасыз етуші компаниялардың басшыларына электр энергиясы мен су беруді жоспарлы ажыратуларға қатысты қатаң ескерту жасады. Ә.Жақсыбеков бұл тәсіл төтенше жағдаймен бара-бар дей келіп, мұндай жағдайларды болдырмауды, қысқа дайындық жұмыстарын көктем-жаз маусымында жүргізуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша барлық тиісті құрылым басшыларына тапсырма беріліп, әкімдіктің бақылуына алынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button