Жаңалықтар

ЖАҚСЫДАН ҰЛАҒАТТЫ ІЗ ҚАЛАДЫ

Тиштеке-фото

Уақыт, шіркін, жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатыр. Міне, үшінші мыңжылдықтың он бесінші жылын да еңсеруге кірістік. Өткен ХХ ғасыр өзінің сан қилы оқиғаларымен, өміршең өзгерістерімен, солардың бел ортасында жүріп, өнегелі із қалдырған өрелі өренде­рімен, жүрегіміздің төрінен орын алған абзал жандармен есімізде қалды. Олардың біразы бүгінде өмірден өтті. Осындайда бақилық болған ғазиз жандардың асыл бей­нелері, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері көз алдыңызға еріксіз елестейді және көзден кетсе де көңілден кетпейтіндей әсер қалдырады. Сондай жандардың бірі мен үшін әкемнің туған інісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің және Кеңес одағының маршалы Г.Жуков медалінің иегері, егер тірі болса биыл, нақтырақ айтқанда, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы алдында, 100 жасқа толатын Тыныштықбай Жолдыбаев дер едім.

Әрбір адам – өз заманының, өз дәуірінің түлегі. Сарыарқаның сайын даласында өмір есігін ашқан Тыныштықбай көкемнің балалық шағы Бірінші дүниежүзілік соғысқа және одан кейін саяси төңкерістерге дөп келіп, сәбилік өміріне үлкен ауыртпалықтар артты. Сөйтіп, ол ерте бастан еңбекке араласуға мәжбүр болды. Үлкендерге қолғабыс көрсетіп, мал бағуға, оның жем-шөбін дайындауға, үйдің өзге де шаруаларына араласты. Осылайша, біртіндеп үйдің беткеұстар азаматына, жанұяның асырау­шысына айналды. Әсіресе, қазақтың басына нәубет болып келген сонау 1931-1932-ші жылдардағы ашаршылық тұсында бозбала Тыныштықбай далада аң-құс аулай жүріп, бүкіл бір әулетті сақтап қалуға бар жанын салды. Анам Шархия қайнысының осынау тірлігіне қатысты: «Кенжем күнде аң аулауға кететін. Бәріміз оның жолын күтетінбіз. Бір ғажабы, ол құралақан қайтпайтын. Оның құрған қақпан-тұзағы міндетті түрде олжалы болатын» деп үнемі айтып отыратын. Сонда ғой мен: «Пейілге қарай пейіш бар» деген сөздің мағынасын терең түйсіне отыра, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің жаны таза, жақсы адамдар жөнінде айтқан: «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, мейрімділікпен ғана жаралғандай» жан еді деген тұжырымының тура Тыныштықбай көкеме арнап айтылғандай сезінетінмін.

Айналасына мейрімділіктің шуағын төге жүріп жігіттік шаққа жеткен Тыныштықбайға көп ұзамай тағы да үлкен сынақтан өтуіне тура келді. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанып, оның жалыны жан-жағын шарпи бастаған тұс болатын. Фашистік Германия сол кездегі біртұтас елімізге соғыс жариялағанда өздерінің отанын қорғауға ресми деректер бойынша 1 800 мың қазақстандықтардың аттанып, олардың 630 мыңы қайтпай қалғаны белгілі. Тылдағы еңбеккерлердің де ортақ жеңіске қомақты үлес қосқанын білеміз. Жұмабай, Махмет және Әукен ағалары ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың қарамағында майданға аса қажетті марганецті өндірумен Жезді кен орнында броньмен жұмыс жасаса, Тыныштықбай әуелде Жезқазған ауданына қарасты Лениншіл колхозында аянбай еңбек етіп, 1942 жылдың жаз айында осы жерден майданға аттанды. Ол 1916-шы ленинградтық атқыштар полкының құрамында алдыңғы шепте шайқасты, үздік атқыш ретінде «Знак отличия» арнайы белгісімен марапатталды. Осылайша шайқастарға қатыса жүріп, бірде жаудың әуеден төпелеген бомбалары астында қалып, аяғынан ауыр жараланады. Сол тұста өмірдің тәлкегімен кезінде оқи алмай қалғандығынан және шалғай ауылда тұрғандықтан, орыс тілін жете білмегендігінен зиян да шегеді. Блиндаждың бір түкпірінде көп жаралылардың ішінде елеусіз жатқан оған Мағзұм деген ауылдасы кездесе кетеді. Орысша сауаты бар ол тиісті адамдарға мән-жайды толық түсіндіргеннен кейін ғана жағдай біршама түзеліп, Тыныштықбай №3170 эвакуациялық госпитальге жіберіледі және жарақаты асқынып кеткендіктен мұнда ұзақ емделіп, арнайы дәрігерлік комиссияның шешімімен 1943 жылдың қараша айында еліне қайтарылады. Тиштекең өзінің құтқарушысы Мағзұммен кейін қандыкөйлек майдандастар ретінде жұптары айрылмайтын досқа айналды және өмірінің соңына дейін сол достыққа адалдығын танытып кетті.

Жарақатына қатысты Тыныштықбай көкем сондай-ақ, менің туған ағам Рахымға қатысты мына бір жағдайды ылғи айтып отыратын. Соғысқа аттанар тұсында сап түзеп елден бет ала бергенде, жеті жасар Рахымның: «Қайтып кел, көке, қайтып кел» деп шырқыраған дауысымен аяғына оралғанын және оны қапсыра құшақтап біразға дейін жібермегенін Тиштекең оқ пен оттың ортасында жүрген тұсында талай есіне алыпты. Бір ғажабы сол, ол кісінің жараланған аяғының тұсы Рахымның қолының табы қалған орны екен. «Менің осы жарық дүниеде жүргенім – әуелі Алланың арқасы, сосын кішкене Рахымның кіршіксіз періште тілегі ғой» дейтін, жарықтық.

Қос балдақпен елге оралған сәттен бастап Тиштекең құр қарап отыра алмады. Қызу еңбек майданына кірісіп кетті, сөйтіп, ұлы жеңісті жақындатты әрі соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге көп тер төкті. Еңбек адамының жолы қашан да жарқын, мәртебесі биік қой. Соның айқын көрінісі ретінде ол 1947 жылы «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.» медалімен наградталды. Бұл марапаттау, сайып келгенде, соғыстан кейін еңсесі түсіп, әбден қалжыраған жұпыны ауыл үшін үлкен оқиға болды. Лениншіл колхозының біраз азаматтарының жігерін жанып, ертеңге деген сенімін арттырды. Тыныштықбай болса, жұмысын одан әрі жан-тәнімен беріле атқарумен қатар, өз күшімен хат тануға талпынды. Оның алғыр қабілеті, қай істің болсын алдағы бағытын танып, болжай білетін көрегендігі оны ылғи табыс биігіне жетелеп отырды. Нәтижесінде зоотехник мамандығын игеріп, бұл салада табысты жұмыс жасауға мүмкіндік алды әрі мұнымен тоқтап қалмай, ферма басқарушысы дәрежесіне дейін көтерілді.

Осылайша, жүрген ортасын жүрегінің жылуы­на бөлейтін жанға Алла да ұзақ ғұмыр сүруді пешенесіне жазыпты. Өмір кешкен тоқсан жасының тоғыз белесінің қай-қайсында болмасын Тыныштықбай өзінің жүріс-тұрысымен, адамгершілігімен, мейірбандылығымен, жан тазалығымен үнемі тек биіктен көріне білді. Олай болса, жарығы мен мүмкіндігі мол қазіргі заманда тәуелсіз еліміздің жастары Тыныштықбай Жолдыбаев секілді халыққа адал қызмет еткен азаматтардан тәлім алса, нұр үстіне нұр болар еді.

 Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button