Басты ақпаратСұхбат

Жақсылық Үшкемпіров: «Спортқа келетіндер көп, қалатындар аз…»

– Жақсылық аға, сіз Мәскеу олимпиадасында еркін күрестен алтын  алқа тағынып, «Қазақтың батыр ұлы атанған балуансыз! Спортпен бала жастан айналысып келесіз бе?

– Мен Жамбыл облысының  Байзақ ауданындағы Тегістік ауылында туып-өстім. Әкемнің мамандығы кассир еді. Ал шешем дүкенші болатын. Дүкенге келген елу келілік ұн, күріштің қаптарын еркін көтеріп, текшелеп жинап қояды екен. Содан менің өмірге келгенім де қызық болған. Отбасындағы жалғыз ұлмын. Шешем бір жәшік кір сабынды көтеріп жатқанда, мен жерге түсіп қалыппын. Кіндігімді әжем Фатима кескен. Бала кезінде ауыл баласының бәрі спортқа құмар боп өспейтін бе еді?! Мен де аяғына құлық жағып алғандай желаяқ болдым. Футбол ойнап, қазақша күреске түстім. Таластың жағасында өскендіктен, жүзуден де алдыма жан салмайтын едім. Бірақ мен сол кезде өскенде чемпион боп, елге танылармын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мұның бәрін де сол ауыл баласына тән әуесқойлықпен, қызығушылықпен істедім ғой. Ауылда қой бағасың, шөп шабасың. Күнге күйіп, тас басасың, там саласың. Жапырақтай болсам да, осының бәрін де ұнататынмын. Бала кездегі арманым совхоз директоры болу еді. Ол үшін ауылшаруашылық оқуын бітіру керек. Жалғыз менің ғана емес, сол кездегі барлық баланың арманы – ауылшаруашылық институтына түсіп, агроном немесе зоотехник, совхоз директоры болу. Содан мектеп бітірген жылы оқуға аттанып кеттік. Бірақ оқуға түсіп  кетеміз деген тек арман ғана болатын.

– Арманыңызға қол жеткізіп, Семей ауылшаруашылық институтына түсіп кеттіңіз .

– Оқуға қабылданғанымның өзі – бір жыр. Қоңырлау күн кешіп жатқан жанұямыз. Әкем сиырын сатып, анам көйлегімнің «ұры қалтасына» білдіртпей тоқсан сомды тігіп берді. Қолымда он сом. Ауылдан төрт жігіт аттандық. Қызығы сол, жақын жердегі алып шаһар Алматыға бармай, алыс қиырдағы Семей ауылшаруашылық институтын таңдадық. Неге солай еткенімізді өзім де түсінбеймін. Ауылдан ұзап шықпаған өрімдей балдармыз,  оқуға түсе алмасақ та, жер, ел көріп қайтайық деген романтика болған шығар көңілде. Содан товарлы жүк пойызымен бес күндей жүріп, Семейге келдік. Билет жоқ. Тамбурда тұрамыз. Кезектесіп ұйықтаймыз. Емтиханға он бес күн ерте барыппыз. Вокзал жанынан күніне бір сомнан үй жалдап, Семейді аралай бастадық. Семейдің аласа ағаштары көзімізге қораш көрінді. Біздің жеріміз қандай еді, жайқалған бау ағаштарымыз қандай еді, Таластай өзеніміз қандай еді, бекер келдік деп іштей өкіне бастадық. Бір күні Ертісті жағалап жүрсем, өзен жағасында бір топ адам жиналып алып, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Не болып жатыр деген әуестікпен мен де жақындадым. Сөйтсем, орталарында еңгезердей бір орыс отыр. Жанында қаптаған қаба сақал орыстар. Мына Ертістің арғы бетіне жүзіп шыққан адамға әрқайысысы бір сомнан ақша тігеміз деп дабырласып отыр. Содан екі орыстың жігіті шықты ортаға. Мен де ұмтыла беріп едім, жанымдағы жолдасым шап беріп  білегімнен ұстай алғаны. Ойбай-ау, өзіміз жер түбінен, Жамбылдан келгенде Ертіске кетіп сорлап қаларсың, қой деп болмайды. Мен қорықпа, жүзгіш екенімді бір көрсетейінші бұларға, тіпті, ішім пысып кетті деп жарысқа қойып кеттім. Жалғыз өзім жүзіп келдім. Әлгі екі орыс судың ортасынан қайтты. Жағаға жеткенде бәс тігушілер мені жерден тік көтеріп алғаны. Сөйтіп, олжамыз – бес сомды алып үйімізге қайттық. Ертесіне тағы бардым. Жарыс басталды. Байқаймын, орыстар да менен қалмай арғы жағаға жетті. Енді шын бәсеке басталды. Біртіндеп әдіс-амалымды күшейте бердім. Күшімді сақтап өтірік қалып келе жатам да, жағаға жақындағанда зу етіп алдарынан шығам. Сөйтіп, он шақты күн ішінде елу сомдай ақша таптым. Бұл бізге жаман болған жоқ. Емтихан басталды. Қасымдағылардың бәрі құлап, сынақтардан өте алмай, ауылға кете бастады. Мектепте жаман оқыған жоқпын. Құдай оңдап, оқуға түсіп кеттім.

– Спорттағы алғашқы табысыңыздың негізін институт қабырғасында қаладыңыз ба?

Иә. Оқу маған қиынға соқты. Оның үстіне барлық пән орысша өтеді. Қыс та келді. Семейдің ақырған аязында жүрмек түгіл, жүгіріп кетесің. Үстімдегі киімім де жұқа, жаным да жабырқау. Сөйтіп, бірінші курстың сессиясын тапсыра алмай, оқудан шығарылатын болдым. Өтпесе де, өтсе де ер жігітті қайрайтын намыс емес пе?! Елдегілер «Үшкемпірдің баласы оқи алмай келіпті деп әңгіме қыла ма» деген  жаман ой да ұйықтатпайды. Мені институттың спорт залы өзіне сұмдық тартты да тұрды. Алаңда жігіттермен күресіп жүргенбіз. Институтымызда дене тәрбиесінен сабақ беретін Лю Вен Хай деген кәріс жаттықтырушы бар болатын. Сол кісі мені сырттай бақылап жүреді екен. «Қалалық жарыс өтеді күрестен. Қатысып көрсең қайтеді»деп айтты. Мен күмілжіп, сессиядан «ұшып», оқудан шығарылайын деп жатырмын. Қалай қатысам дедім. Ол маған егер институт атынан бұл жарысқа қатысып, бірінші орын алатын болсаң, сенің сессияның мәселесін шешіп берем деді. Содан жан сала кірісіп кеттім күреске. Қалалық жарыста еркін күрестен спорт шеберін жеңіп, бірінші, соңын ала облыстық сайыста топ жарып, танымал болдым. Сөйтіп, оқуымды да дөңгелетіп әкеттім. Облыстан жеңгесін республикалық чемпионатта жеңіске жеттім.

– Жеңіс сізге абырой мен атақ әкелді. Осы жетістіктеріңіз туралы айтсаңыз.

– Адам аспаннан аяғы салбырап, чемпион боп тумайды ғой. Бірақ, таланты болуы мүмкін. Қабілет-қарымның да өз өлшемі бар. Мен талантпын дегеннен түк те өнбейді. Үнемі ұмтылыс, үнемі қозғалыс. Өзіне-өзі көңілі толмау.  Спортшыны жеңіске жеткізетін де, биік белеске шығаратын да осындай күшті қасиеттер. Спортты сүю аз. Спортқа қызмет ету керек екенін түсінген мен 1971-1976 жылдар арасында республикалық, одақтық, халықаралық жарыстарда олжа салдым. Сол жылдары боз кілемде жүлде алмаған кезім болған емес. Және бәрі дерлік бірінші-екінші орын. 1975 жылы бүкілодақтық спартакиадада бірінші орын алдым. Осы жетістігім үшін 1976 жылы Монреаль олимпиадасына қатысуым керек болатын. Алайда Мәскеу Алексей Чумаковты алып барды. Мен сонда қатты күйзелдім. Жан-жүрегім тілініп, спорттан күдерімді үзіп, кетіп қалдым. Жарты жыл спорт залына бармадым. Салым суға кетіп мұңайып жүрген шағымда, мені республикалық Спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев іздеп таптырып алып, әбден көңілім қалғанын байқағасын Қонаевқа алып барды. Қонаев ақсақал ұзын бойлы, жылы жүзді адам екен. «Жақсылық, сен өзіңді ойлама, халқыңды ойла, еліңді ойла. Сенің күресіңді бақылап отырам. Қамықпа. Мәскеу олимпиадасына қатысасың» деп айтты. Содан арқама Алатауды арқалатып жібергендей арқаланып шықтым. Мен үшін күрделі де қиын күндер басталды. Мәскеу олимпиадасына барғанмен, алтын ала алмасам, онда қара қазандай қайнаған өкпе-ренішімнің бір тиындық та құны қалмай қалады ғой деп барымды салдым. Мәскеу олимпиадасында алтыннан алқа тақтым. Бұл – менің ең бақытты кезім еді.

1983 жылы отыз екі жасымда спортпен қоштастым. Республикалық күрес    мектебінің директоры болып он жылға жақын қызмет атқардым. Одан кейін 1993 жылы Қытайға келісім-шартпен екі жылға жуық бапкер болып кеттім. Ол кездерде заман қиындау, бала-шаға үшін нан табу керек болды.

– Қазір белгілі кәсіпкерсіз. Мал шаруашылығын дамытып келесіз, бұл бір кездегі совхоз директоры болсам деген арманыңыздың орындалғаны деп ойлайсыз ба?

– Тоқсаныншы жылдардың ортасында инфаркт алдым. Дәрігерлер маған ешкінің сүті ем болады дегесін, сол кездегі әкім Шалабай Құлмахановқа барып көмек сұрадым. Әкім қарамағыма жеке қожалық есебінде 200 ешкі, екі гектар жер бергізді. «Қой бақтым, қоңырау тақтым, Ешкі бақтым еңіреп бақтым» деп халық жырында айтылғандай, ешкі бағып кеттім. Бұл ешкілер маған құт болды. Ешкілерім екі жылда көбейіп, саны бес жүзге жетті. Денсаулығым да жөнге келді. Содан ойладым. Ата-бабамның кәсібі төрт түлік мал  ғой. «Мал баққанға бітеді» дегендей, өзім де мал маманымын деп. Бүгінде «Жақсылық» атты жеке шаруа қожалығым бар. «Сиыр бақтым , сидаң қақтым, түйе бақтым, түйме тақтым, жылқы бақтым, жорғалаттым» дегендей қожалығымда етті бағыттағы төрт түліктің барлық түрін қолдан келгенше өсірудемін. Қарамағымда жүзден аса жұмысшы бар. Менің бұл қызметім халыққа да, мемлекетімізге де пайдасын тигізіп келеді.

– Биылғы Лондон олимпиадасы еліміз үшін табысты болды. Тіпті,   батысты екі дүркін олимпиада чемпионы болған зілтемірші Илья Ильиннің қандай тағамдар жейтіні де қызықтырды. Сіз қандай тамақты сүйсініп жейтін едіңіз?

– Жылқының қазы-қартасы, қойдың қуырдағы, шұбат пен қымыз сүйікті      асым болды. Одан бөлек үндінің шәйін керемет ұнаттым. Қатонқарағайдың балы мен таңқурай, құлпынайдан жасалған тосапты қай жарысқа барсам да сөмкеммен арқалап жүрдім. Біздің кезімізде әдебиет керемет оқылды ғой. Өзім кітапқұмар жанмын. Сөмкемнің бір бұрышында «Абай жолы»,  «Ботакөз», Ілияс Есенберлиннің кітаптары жататын. Қолым боста немесе пойызға мінгенде соларды оқитынмын.

 

Жапон халқында бір мақал бар екен. «Балықшының баласы да ау тартады» деген. Балаларыңыз сіздің жолыңызды қумады ма?

– Спорт – киелі. Спорттың жолы – қиын. Спортқа келетіндер көп, қалатындар аз. Спорттағы жанкештілік қара тастарды тырнағымен илейтін қыран тектес мінезділікті талап етеді. Сұңқарша қанат қағу үшін де ерік-жігер, төзім көп керек. Спортшы жарыс алаңына шыққанда жанын ойламайды. Егер олай болмаса, бірде-бір жеңімпаз шықпаған болар еді. Спорт деген таныстықпен жүлде үлестіретін алаңға ұқсамайды. Бәрі де елдің көз алдында өтеді ғой. Таланты болмаса, тыраштанып атақ қуғаннан саңлақ спортшы боп кетпейді. Менің балаларым спортқа аса құмар болмады. Бұл өзіме де ұнады. Өйткені, спортшының жас өмірі тынымсыз арпалыспен, шыңдалумен, қайрау-күреспен өтетінін жақсы білемін. Менің жалындаған жастық шағым жаттығу, күрес алаңында өтті ғой.

– Отыз жылдан астам уақыттан бері Олимпиаданың алтын медалі қазақ балуанына бұйырмай тұр.  

– Арғы-бергі тарихымызды қарасақ, шүкір, белдескенде қарсыласын алып жығатын да, шалып жығатын да білекті балуандар бізде болған. Олимпиадада болмағанмен әлемдік, халықаралық чемпионаттарда алтыннан алқа таққан жігіттеріміз бар. Өсіп келе жатқан жас балуандарымыз да көңіл қуантады. Қазір спортқа Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ерекше ықылас танытып, жақсы көңіл бөлуде. Елбасымыздың демеуі спортшыларымызға қуат береді, көңілімізге шуақ сыйлайды.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар мыналар деп кейінгі балуандардан кімдерді атар едіңіз ?

– Тізім жасағанды көп ұната бермеймін. Санда бар, сапада жоқ болса оның несі жақсы дейсің?! Спортшыны танытатын таланты, маңдай тері мен адал еңбегі емес пе?! Бізде ондай балуандар бар. Мақтағаннан мықты боп кеткен спортшыны көрген жоқпын. Чемпиондар күнде тумайды ғой десек те, халық ішінен талай мықты балуандарымыз өсіп шығады әлі…

 – Әңгімеңізге рахмет, Жақсылық аға!

Сұхбаттасқан:  Маржан ЕРШУ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button