Қала тіршілігі

Жақсылыққа жақын жан

Қорғалжын өңіріндегі шағын ғана Босаға ауылында дүниеге келген Бақтыбай замандастары секілді өмірдің қиыншылығын көре жүріп ерте есейді. Содан да болар оның бойында білімге деген құштарлық мол болатын. Ауыл мектебін ойдағыдай тәмамдаған Бақтыбай ұзақ толғанып барып, ақыры ұстаздық жолды таңдады. Өйткені, мұғалімдері талапты жасты мектепте қалуға соншалықты үгіттеген еді. Сөйтіп, Ақмола ауданындағы Шалқар жеті жылдық мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастады.

…Қашан да уақытпен санаспай еңбек етіп, ізденуден жалықпайтын Бақтыбай білімін көтеруді де ұмытқан жоқ. Сөйтіп, алғашқыда Қарағанды мұғалімдер институтын, кейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты тарих мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1952 жылы ұстаздық еңбек жолын бастаған Шалқар жеті жылдық мектебіне директор болып тағайындалды. Іскер басшының қолына тізгіні тиген білім ордасының жұмысы жанданып жүре берді. Аз уақыттың ішінде аудандағы ең айтулы мектептердің қатарынан орын алды.

Бұл кезде Бақтыбай Мырзабекұлы әр сәті қат-қабат қиындықтар мен қызыққа толы ұстаздық өмірдің биік шыңына бет алған еді. Биіктерге ұмтыла жүріп, қоғамдық құбылыстардың ағымын аңғара білді. Аңғара жүріп өз өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Кеңшардағы бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланды.

Партияның сол кездегі саяси-идеологиялық тәрбие беру жұмыстарын жүргізуде жақсы қырынан таныла білген жас маман бірден басшылардың назарына ілікті. Сөйтіп, 1962 жылдың жазында Алматыдағы екі жылдық жоғары партия мектебіне жіберіліп, оны бітіріп келгеннен кейін, «Шалқар» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Партиялық қызметтің қыр-сырын аңдап, заман талабына сай еңбек ету, әрине,оңай болған жоқ. Өзі өмір сүріп отырған қоғамға деген адалдық, бала кезінен қанына сіңген турашылдық пен батылдық мінез оны талай қыспақтардан алып шығып, абыройын биіктерге көтере түсті. Қазақстан Компартиясы Вишнев аудандық комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған тұста да принципшілдігімен, өз ісіне деген адалдығымен танылды.
Әр адамның ғұмыры – замана тарихының бір бөлшегі, өзі өмір сүрген дәуірдің перзенті. Перзент қашанда өзі өсіп-өнген ортадан рухани нәр алып, өсіп-өркендей бермек, басында балаң, балғын болса, кейін миуасын жаяр мәуелі бәйтерекке айналмақ. Өзінің еңбек жолын ұстаздықтан бас­тап, партия органдарында қоғамдық-саяси қызмет атқарған Бақтыбай Мырзабекұлы үшін бұл кезең ғұмырының нағыз тал түсі еді. Бәкеңнің өмір-теңіз айдынындағы ақ желкенді кемесі саяси арнаға түсіп кете беруі де әбден мүмкін еді. Бірақ жетпісінші жылдары отбасының жағдайына байланысты қызметін өзгертуге тура келді. Сөйтіп, партиялық жұмыстан өзінің сүйікті мамандығы ұстаздық жолға қайта оралды. 1970 жылдың желтоқсанында Целиноград ауданындағы сол баяғы Шалқар орта мектебіне директор болып сайланды.

Бұл кезде кемеліне келген азаматтың қолынан мұнан да зор істер келетініне кәміл сенген басшылар оны Целиноград аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Дәл осы жылдары Бақтыбай Мырзабекұлы аудан мектептерінің гүлденіп көркеюіне ерекше көңіл бөлді. Бірінен соң бірі жабылып жатқан қазақ мектептерін сақтап қалуға күш салып бақты. Бұл реттегі батыл қадамдары игі жемісін берді де. Білікті ұстаз, іскер басшы бұдан кейін басында таңдап алған жолдан ауытқымай ұстаздық жолын жалғастыра берді. Жетпісінші жылдың ортасында Целиноград облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тарих кабинетінің меңгерушісі болып жас мамандарды тәрбиелесе, одан кейінгі жылдары бірқатар білім ордаларында басшы қызметтерді мінсіз атқарды. Ақ адал жолдан ауытқымай бар саналы ғұмырын еліміздің болашағы – жастарды тәрбиелеумен өткізген Бақтыбай аға ел сеніміне ие болып, әлденеше рет селолық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланды.

Адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі – қарапайымдылық. Ұстаздық жолды таңдаған адамға керек қасиет те осы. Қарапайымдылықты, турашылдықты бойына бала жасынан сіңіре білген ағамыздың өмір жолы да өте қарапайым. Қарапайым болса да мәнді де мағыналы. Көп жылғы ұстаздық еңбегі мен қоғамдық-саяси өмірдегі қызметін, өз перзентін қадірлей білетін елі елеусіз қалдырған жоқ. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атанған ағамыздың өмір бойы алған үкімет наградалары мен басқа да марапаттаулары бір адамның басына жетерлік. Әрине, өмірдің өлшемі ғұмыр бойы алған наградалармен өлшенбесе керек. Бақтыбай Мырзабекұлының артында қалдырар ізі бар. Бүгінде қоғамымыздың әр саласында еңбек етіп жүрген шәкірттері – оның өмірінің жалғасы. Жақсылыққа жақын жүретін Бақтыбай ағаға бұрынғы шәкірттері қашан да ақ пейілмен құрмет көрсетіп тұрады.

Ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін, ел-жұртының құрметін көріп жүрген Бақтыбай Мырзабекұлы әр кездерде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және сегіз медальмен марапатталған. Бұл наградалар оның еңбек майданында берекелі белестерді бағындырғанын аңғартса керек.

Бақтыбай ата құдай қосқан қосағы Сафура жеңгей екеуі бес баланы тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Он немересі есейіп, екі шөбересі жүгіріп жүр. Әттең, тағдырдың жазғаны шығар, Сафура апай осыдан біраз бұрын дүниеден озып кетті. Өзің жақсы болсаң, жақсы адамдар жаныңа жақын жүретіні шынайы сөз болса керек, Бақтыбай аға бүгінгі таңда Раушан атты серігімен тұрмыс-тіршілігін жалғастырып келеді.

Бақтыбай ата бүгінде 85 жасты бағындырып отырса да, қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. 2001 жылдан бері Астана қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы болып қызмет атқарып келеді. Осы ұйым арқылы қалада тұратын мүгедек жандарға қолда бар мүмкіндікке қарай қаржылай, дәрі-дәрмек, азық-түлік жағынан жәрдем көрсетуде.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндеп айтқанда, ойы да, бойы да сергек Бақтыбай Мырзабекұлы әлі де ортамызда белсенді өмірдің өнегесін көрсетіп жүр. Олай болса, жасай беріңіз, жайсаң аға, демекпіз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button